Қазан айының алғашқы аптасы елімізде ұстаздарды ұлықтау, олардың ерен еңбектеріне алғыс айту сипатымен өтеді. Мағжан ақынның «Алты Алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын – мұғалімдікі» деген сөзін еске алып, шәкірт шырағын жаққан жандарды төрге оздырамыз. Осындай салтанатты шара Қызылордадағы «Шаңырақ» мейрамханасында өтіп, аймақтың үздік ұстаздары бас қосты.
Салтанатта облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов мұғалімдерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, білім беру саласындағы жетістіктері үшін марапаттады.
– Соңғы жылдары бюджеттен бөлінетін қаражаттың ең көп бөлігі әлеуметтік салаға, соның ішінде білім саласына бағытталып келеді. Биыл аймақтың 60% қаржысы әлеуметтік салаларға жұмсалды. Елбасының тапсырмасына сәйкес біздің өңірімізде үш ауысымдық мектептер мәселесі шешілді, апаттық мектептер жойылды және 3-6 жас арасындағы бүлдіршіндер балабақшамен толық қамтылды. Білікті де білімді ұстаздарымыздың арқасында дарынды оқушылары шет елдерде халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарында жүлдегер атанып жүр. Биыл мектеп бітірген түлектердің 97%-і жоғары және арнаулы оқу орындарына түсті, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Шара барысында ұстаздарға ҚР Білім және ғылым министрілігінің «Ы.Алтынсарин» және «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісі, министрліктің Құрмет грамотасы, облыс әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды.
Сондай-ақ, «Ұстазым, өтермін бір өзіңе басымды иіп...» тақырыбындағы бейнероликтер сайысының жеңімпаздары – Арал ауданының №13 , Қазалы ауданының №93 және Қызылорда қаласының №222 мектебі бағалы сыйлықтарға ие болды.
Жаңа оқу жылында аймақтағы 293 мектепте 20 466 мұғалім жұмыс істейді, ал оқушылар саны 153 541-ді құрап отыр. Қазалы және Жаңақорған аудандарында 300 орынға арналған жаңа мектептер пайдалануға берілді. Бұдан басқа, жылдың соңына дейін Аралда 300 орындық және Қызылордада 600 орындық мектептер салынады. Соңғы бес жылдың ішінде облыста 45 мектеп, оның 37-сі апаттық мектептің орнына пайдалануға берілді. Қазіргі таңда аймақтағы орта мектептердің барлығы кеңжолақты интернетке, электронды «Күнделік» жүйесіне қосылған.
Парижде өткен мұғалімдердің мәртебесі туралы арнайы үкіметаралық конференцияда ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері «Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар» құжатына қол қойғалы бері 5 қазан Дүниежүзілік ұстаздар күні болып белгіленген. Қазір бұл мереке әлемнің жүздеген елінде атап өтіледі.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА