Қармақшы ауданында туа бітті қос қолы жоқ болса да, қол сағат, теледидар жөндейтін және аяғымен жазу жазатын қайсар азамат Нышан Сексенов тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазіргі таңда 50 жастың бел ортасына келген азамат тағдырдың маңдайға жазған қиындығына еш мойыған жоқ. Қашанда қайсар мінезімен таныстарын таңғалдырып келеді. Ол барлық тірлікті аяғымен атқара береді. Тіпті, екінің бірінің қолынан келе бермейтін сағат жөндеу ісін де анау-мынау шеберден кем атқара қоймайды. Ол жөндеген сағаттар сапасымен ерекше көзге түседі. Оған қоса, теледидар жөндейтін шеберлігі де бар. Оған да өз жерлестері әрдайым ризашылығын білдіріп жатады. Осындай қабілеті арқылы табыс тауып жүрген жайы бар. Өзінің жасаған жұмыстарына ақыны қымбат сұрамайды. Ал жөнделген әрбір дүниенің сапасына ешкім сын таға алмайды.
«Сағат жөндеуге құмарлығым бала кезде оянды. Шамамен 3-4 сынып оқитын кезім шығар. Алғашқыда ермек үшін сағат жөндеуге мән беретін едім. Уақыт өте келе оның қыр-сырына толық қанығуға тырыстым», - дейді ол.
Нышан Сексенов - отбасындағы екінші перзент. Ата-анасы баласының мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамастан мектепке оқуға берді. Білімге құмарлығы арқасында ол әріп танып, сауатын ашты. Жазуды аяғымен жазуға әбден машықтанды. Осындай күш-жігері мен талпынысының арқасында мектепті толықтай тәмамдап шықты. Жігіт ағасы көлікті де тізгіндей алады. Өз тақымындағы жеңіл көлікпен ел арасындағы тіршіліктерін атқара береді. Анасы Жанай Әзірбекованың айтуынша, баласының есте сақтау қабілеті ерекше. Көп нәрсені жадында ұстап, ойдан шығармай жүреді.
Мүмкіндігі шектеулі жан өзіне сағат жөндеу кәсібі оңайға түспейтінін айтады. Кейде сағаттың қай жері дұрыс істемей тұрғанын табу үшін ұзақ ойланып, көп шұқылауға тура келеді. «Сағатты жөндей алмасам, оны уақытша доғара тұрамын. Дегенмен, оны қалайда орындауға тырысамын. Жұмысты аяқтаймын», - дейді ол.