Елдің рухын көтерген той

Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара кеше Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында өтті. Оған ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Сыр топырағынан шығып, ел дамуына үлес қосып жүрген белгілі азаматтар қатысты.
Шара қатпар-қатпар құпияны қой­науына  бүккен шаһардың Қамыс­қаладан Қызылордаға дейінгі аралық­тағы тарихынан аз-кем хабар беретін театрландырылған көрініспен ашылды. Одан кейін Мемлекеттік хатшы Елбасының құттықтау хатын оқып берді.
– Бұл – талай тума талант, би-ше­шендер, жыр дүлдүлдері, көр­некті ақын-жазушылар дүниеге келген киелі топырақ. Бүгін Сырдарияның сол жағалауындағы құрылысты көріп, қаланың даму көрсеткішімен танысып, қуандым. Ел ырысын еселеуде, аймақ абыройын арттыруда әрбір қызылордалықтың еңбегі, үлесі бар екені даусыз, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Аймақ басшысы құттықтау сөзінде Қызылорданың өткеніне көз жүгіртіп, бола­шағын баянды ету жолында ауқымды жұмыс жасалып жатқанын айт­ты. Дария жағалауындағы шаһардың сәулеті мен дәулеті астасқан еліміздегі көрікті қалалардың бірі болатынына сенім білдірді.
– Қызылорда қаласының ертеңін жар­қын ету бағытында тынымсыз тір­лік, елеулі еңбек еткен ел азаматтары, аға буын өкілдері ортамызда отыр. Осы салтанатты сәтті пайдаланып, Сыр жұртшылығы атынан сіздердің ел үшін еткен еңбектеріңізге, туған жерге деген жанашырлықтарыңызға зор ризашылығым мен шексіз алғысымды жеткіземін, – деді өңір жетекшісі.
Салтанатты шара барысында мерей­тойға арналған мерекелік медальдармен ел дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азамат марапатталды. Олардың қатарында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, ғалым, математика-физика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Асқар Жұмаділдаев, Елтаңба авторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері Жандарбек Мәлібековтер бар. Осы арада Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев құттықтау сөз сөйлеп, ыстық ықыласын жеткізді. Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты.
***
Сондай-ақ, осы күні орталық алаңда эстрада өкілдерінің қатысуымен гала-концерт болды. Гала-концертте об­лыс әкімі Қырымбек Көшербаев көп­шілікті айтулы күнмен құттықтады. Мерейтой құрметіне орай, Нұржамал Үсенбаева, Бақтияр Тайлақбаев, Жеңіс Сейдоллаұлы, Гүлнұр Оразымбетова, Мәдина Сәдуақасова, Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі сынды әншілер Қызылорда аспанын әнмен көмкеріп, қала тұрғындары мен қонақтарына керемет көңіл-күй сыйлады. Мерекелік отшашу елдің рухын көтерген тойдың  ғажайып тартуына айналды.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қыркүйек 2018 г. 718 0