JAS OTAN: ЖАСТАР ЖҮРЕР ЖОЛ ҚАЙСЫ?

 

Қыркүйек айының 14-і мен 19-ы аралығында еліміздегі 170-ке жуық белсенді жас кербез Көкшенің баурайына жиылды. Оларды біріктірген – «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының «Жастар – Отанға» саяси лагері. Табиғат әлемі ғажап, әсері ғаламат Бурабайда ең алғашқы лагерь осыдан 10 жыл бұрын өткен. Лагерьдің ерекшелігі, 18 жылды артқа тастаған «Жас Отан» тұңғыш рет 17 аймақ жастарының басын қосты. Нақты әрекет ойдан, сөзден басталады. Көшбасшылардың ой сергітіп, идея алмасатын талқылау алаңы олардың тонның ішкі бауындай араласып, жақын танысуына мүмкіндік берді.

Жастардың жақсыны жағалап, ауылына іздеп барып, ақыл алатын игі ісі бұрыннан бар-тын. Байқаймыз, бұл дәстүрден алыстай бастадық. Есесіне, бұл олқылықтың орнын еліміздегі ауқымды жастар қозғалысы – «Жас Отан» толтырғандай болды. Бес күнде еліміздегі әр саланың тізгінін ұстаған тұлғалар лагерьге арнайы келіп, орман саясы, көл жағасында еркін форматта пікірлесіп, сан сауалдың тиегін ағытты. «Дүние залымдардың залымдығынан емес, жақсылардың үндемеуінен бұзы­латыны» рас. Жақсылардың жасампаз ісі жалғассын десек, аға мен іні арасындағы баланс, екі буын байланысы бұзылмауы қажет. Саяси лагерь осындай келелі кездесулерімен есте қалды.

Белгілі тұлғалардың қатарында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәу­лен Әшім­баев, Парламент депутаттары Бекболат Тілеуханов, Геннадий Шиповских, «Ұлттық аударма бюросының» атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, ҚР Қарулы Күш­тері Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, журналист Шыңғыс Мұқан, халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасов, журналистер Әйгерім Есенәлі, Әнуарбек Жәлел, блогер Бужан Виталий, Аралас жек­пе-жек федерациясының президенті Асылбек Дүйсенов, Киберспорт федерациясының президенті Бауыржан Қасымбергебаев, «Қазақс­тан барысы – 2018» атағының иегері ­Ержан Шынкеев болды.

Кездесу барысында Бекболат Тілеуханов жетістікке жетудің сыры еңбекқорлық пен табан­дылықта екенін ерекше атап өтті. Жастарды көкте самғаған құсқа теңеп, қанатын қағуды тоқтатса, ауада тұрып қалмайтынын, жерге құлдилап құлайтынын еске салды. Қазақтың игі жақсылары туралы сөз қозғап, Қазтуғанның жырынан толғады. Ал Геннадий Шиповскихтің қара­пайымдылығы мен қазақ тіліне деген құрметі жастардың қызығушылығын оятты. ­Рауан Кенжеханұлы аударма мәселелері туралы сөз тарқатып, ендігі кезек танымал фильмдерде екенін, балалар әдебиетін қазақшалау әрбір маманның қолынан келетінін еске салды. Бұл – сұранысқа орай нақты ұсыныс.  Ал, бір мезетте 12 жасотандықпен шахмат ойнаған Дәрмен Сәдуақасовтың шеберлігіне талас жоқ. Жалпы, жастармен ой бөліскен әрбір тұлға жетістікке жету тарихын баяндады және өз саласы бойынша мықты болудың жолын ұсынды.

Жастардың саяси лагерін ұйымдастыру не үшін өзекті? Бүгінде еліміз өзінің алдына әлеу­меттік жаңғыру, үдемелі индустриялық- инновациялық даму және экономикалық ықпал­дасу бойынша жаңа ауқымды міндеттер қойып отыр. Тәуелсіздіктің 20 жылындағы жетістіктерді бекітіп, Қазақстан ХХІ ғасыр­дың он жылдығында әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруге ниет білдіріп отырғаны белгілі. Ал тәжірибеге жаңа идея мен технологияны жылдам енгізетін жолбасшы – зияткерлік, шығармашылық энергиясы бар жастар. «Қазақстан 2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында осылай айтылған болатын. Демек, аға буынның ісін ілгерілетіп, ұлт ұпайын арттыратын жастар жұдырықтай жұмылуы қажет. Ал «Жас Отан» жастар қанаты – белсенді жастар біріккен еліміздегі бірден-бір ұйым.

 Лагерьдің алғашқы күні «Нұр Отан» партия­сы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Сағатханұлымен кездесу барысында жастар ұйымының төрағалары ұлттық патриоттық актіге қол қойды.

Сондай-ақ, лагерь ұйымдас­тыру­шылары жиын, тренд-сессия­лардан бөлек, тренинг, спорттық сайыс, ойындар өткізіп, уақытты тиімді пайдаланды. Ал соңғы күні қатысушылар аңызға айналған киелі Көкшенің Оқжетпесі мен Жұмбақтасына саяхаттап, Абылай хан аңғарын аралады.

Саяси лагерьге біздің облыс бойынша 6 делегат қатысты. Енді олар осы сапарда алған білімдерін аймақтағы өзге де жасотандықтармен бөлісіп, арнайы кездесу ұйымдастырды.


Мәулен ӘШІМБАЕВ, 

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:


Бұл – тың ойлар айтылып, ұсыныс ен­гі­зілетін, барлық өңірден келген жас­отандықтардың саяси жағдайларға қа­тысты, сон­дай-ақ кәсіби білімін тереңдетуге мүмкіндік беретін талқылау алаңы.

Елбасымыз қазақстандықтар алдына үлкен стратегиялық мақсат қойды. Ол – кешенді жаң­ғыру бағдарламасын жүзеге асыру. Бағдарлама экономика, әлеумет, рухани сала, саяси жүйені қамтитыны белгілі. Негізгі мақсат – Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына қосу. Ал мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі артқан сайын ха­лықтың әл-ауқаты да жақсара түсетіні анық. Қазіргі заманда геосаяси жағдай тым күрделі. Сондықтан экономикасы мықты, ішкі саяси жағдайы тұрақты, ұлттық кодын сақтай білген елді ғана тәуелсіз мемлекет деп атауға болады. Бүгінде аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында партия бірнеше бастамаларды сәтті бастады.

Партия бастамасымен мың ІТ сынып ашу жоспарланып, қазір 400-ге жуығы жұмысын жүргізуде. ІТ сыныпта факультативті түрде ақысыз, халықаралық методикаға негізделген, робототехника, 3Д модельдеу туралы сабақ жүреді. Аптасына бірнеше рет өткізілетін факультатив сабақ информатика пәнін қайталамайды. Бұл – балаларды ХХІ ғасырда сұранысқа ие мамандыққа бейімдеудегі қадам. Олар кейін бұл саланы таңдамағанның өзінде идеясы мықты, креативті жастарды қалыптастыра аламыз. Бүгінде Қытай мен Франция секілді елдер осы жолмен жүріп келеді. Ал ересек адамдардың цифрлық сауаттылығын арттыру үшін 20 ІТ орталықты ашу жұмысын бастап кеттік. Сондай-ақ, кітапханаларда коворкинг орталықтар ашу, тренинг, кездесулер ұйымдастырып, жастардың қайнаған қызу ортасына айналдыру мақсатында жүйелі істер қолға алынуда.

Биыл «Жас Отан» жастар қанатының ІV съезі өтіп, өз тарихында алғаш рет орталық кеңес мүшелерінің онлайн-сайлауын өткізді. Жастардың әлеуметтік жағдайы мемлекет саясатында үлкен маңызға ие. Бүгінде «Нұр Отан» партиясы және «Жас Отан» жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында бірнеше бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Бұл саяси лагерьдің де тың бастамаларға жол ашатынына сенімдімін.


Шыңғыс МҰҚАН, 

Гарвард университеті Кеннеди басқару мектебінің түлегі, журналист:


Әлемдегі ақпарат алудың негізгі көзі – ағылшын тілі. Тіпті жаһандағы ақпараттың 90 проценті ағылшын тілінде десек болады. Егер менен «мықты маман болудың сыры неде?» деп сұраса, ең бірінші «ағылшын тілі секілді білім алудың құралын меңгеруім» деп жауап берген болар едім.

Гарвардта оқып жүргенде «Мемлекет қалай дамиды? Америка қалай Америка, Жапония қалай Жапония болды? Дамудың нақты формуласы болса, неге Қазақстанда іске асырмаймыз?» деген сауалдың жауабын іздедім. Біраз дүниеге көзім жетті.

Мемлекеттің дамуы технологиямен тікелей байланысты. Ал технологияның дамуы үшке бөлінеді. Алғашқысы, ақпараттық білім, екіншісі – техника, үшіншісі – ноу-хау (know how – қалай істеуді білу).  Технологиялық дамуға қол жеткізу үшін ақпарат пен техниканы алып келу өте оңай. Ақпарат электронды түрде жеңіл тасымалданады, техниканы да шетелден әкелу қиын емес. Ал ноу-хауды бір жерден екіншісіне тасымалдай алмайсыз. Ол тек «бастан – басқа» өтеді. Қарапайым мысал, тіс емдеу технологиясын алайықшы. Кезінде тіс ауруынан адамдар жан тапсырған. Технология жетіле келе дантисттер тіс емдеу үшін білімді кітаптан алды, техниканы да басқа елден алдыртты. Енді осы біліммен тіс емдеуге бола ма? Болмайды. Ноу-хауды, қалай істеу керегін дантист әлі білмейді. Ол үшін тәжірбиелі маманнан жұмыс барысында қалай жасау керегін үйренуі қажет. Демек, дамыған елдер мен дамушы елдердің айырмашылығы ақпарат, техниканың жетіспеушілігінде емес. Мәселен, iPhone – 10 жасалса, екі күннен кейін-ақ Қазақстаннан табылады. Қазақстанның дамуына ноу-хау жетіспейді. Оны қалай аламыз? Айталық, ұялы телефонды қай ел шығарады, сол елден үйрену керек. Англияда индустриялық революция орнаған кезде барлық адам сауатты болмаған. Тек жұмысшылар қалай жасауды білген. Қытайда алпауыт зауыттарымен танымал қалалар бар. Жұмыс күші арзан болғандықтан, сол зауыттарда Аррle сынды компаниялар техника шығарды. Есесіне, қытайлықтар білімі болмаса да, телефон құрастыруды үйреніп алды.

Жастар, бастысы, ағылшын тілін үйреніңіздер. Екінші, «қай сала бойынша шетелде білім аламын» деп ойланыңыздар. Үшінші, тек білім алмаңыз, ақпаратты елде жүріп те алуға болады, ноу-хау үйреніңіз. Тіпті, шетелде сол үшін 4-5 жыл жұмыс істеуге болады. Бірақ үйренген соң туған елге қайта оралыңыздар.


Айдана Жұмадинова,
Қызылорда-Астана-Қызылорда.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қыркүйек 2018 г. 709 0