ҚАРАУЫЛТӨБЕДЕГІ ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Қызылордадағы сауда нүктелерінде қазір сыртында «Таза» деген белгісі бар құс еттері сатылып жатыр. Дәмін татып көрген жұрт оның дәмді, тойымды әрі сіңімді екенін бірден байқайды. Бірақ сіз бұл өнімнің шетте емес, өзімізде өндірілетінін біле қоймауыңыз мүмкін. Иә, өзімізде... Қаланың іргесіндегі Қарауылтөбе елді мекенінде. 

Осындағы атшаптырым аумақта мал бордақылау алаңы, мал сою пункті, шұжық өнімін дайындайтын цех, ет бағытындағы құс фермасы мен жылыжай қатар орналасқан. Бұл жолы бізді қызықтырғаны құс шаруашылығының жайы еді. Біреулер үшін ең оңай кәсіп осы болып көрінетін шығар. «Жемін, суын берсең болды, өздері өседі ғой» деп ойлауы мүмкін. Шынымен солай ойласа – қатты қателескені. «Береке» шаруа қожалығы былтыр көктемде құрылды. Кенжебек Қалмұратов содан бері жауапты істің басында жүр.

– Құс асыраудың қиындығы жетіп-артылады. Оған да баланы баққандай қарамасаң болмайды. Жем-шөбін, суын ұдайы беріп, қораны тазалап отыру керек. Ауа температурасын бір қалыпта ұстау аса маңызды, – дейді ол.

Қожалықтың құс шаруашылығы бағытындағы жетекшісі 7 цехта тауықтың «Арбор-Айкрес», «Кобб-500» деген түрлері, сондай-ақ үйрек өсірілетінін айтты. Голландық «Арбор-Айкрес» тамақсау тауық болып шықты. Аузы ас-судан бір құрғамайды екен. Сонысына қарай тез салмақ қосады. Құстардың өз «менюі» бар. Онда құрамы микро-макроэлементтер мен минералдарға толы бидай, соя шроты міндетті түрде болады. Жем шаруашылық алаңында әзірленеді.

– Құстарды әбден бағып, әртүрлі ауруға қарсы екпелер салып, 1,5 айда сойып аламыз. Сол кезде әрқайсысы шамамен 2,5-3 келі ет береді. Осылайша сағатына – 300-400, күніне – 3,5-4 мыңдай тауық сойылады. Тәулігіне орта есеппен 7,5 тонна етті нарыққа шығарамыз, – дейді Кенжебек Қалмұратов.

Қасапшылар үйрек, тауықтарды таза жерде  шариғат тәртібімен бауыздайды. Демек, шаруашылық өнімі таза ғана емес, халал да. Ең бастысы, көбіміз тұтынып жүрген шеттен әкелінген құс еті сияқты ішіне шприцпен су толтырылмаған. Шаруашылық жетекшісі сондай өнімді кезінде қалай жегеніне таңданады.

– Біз салмағын арттыратын артық ештеңе қоспаймыз. Сойғанда қанша келі шыққан болса, сауда нүктелеріне дәл сол күйі жеткізіледі, – дейді ол.

Қожалық құс түрлерін әдетте Алматыдағы «Сеймар» компаниясынан алдырады. Ал енді бір бөлігін өзінде бар инкубацияға салып шығарады. Жыл сайынғы инкубатордан шыққан балапан саны 1 миллионға жуықтайды. Шаруашылық иелері бүгінде төмендегідей игі бастаманы қолға алыпты. Ол бойынша ниет білдірген адам осы жерден 300-320 теңгеге балапан сатып алып, жақсылап асырап-бағып, белгіленген уақытта қайтадан әкеліп 800 теңгеге өткізе алады. Бастаманы құп көріп, оған үлес қосушылар облыс орталығынан ғана емес, аудандардан да табылып жатыр.

Құс баптаған қожалықта 30 шақты адам жұмыс істейді, маусымдық кезеңде 50-ге дейін барады. Алдағы уақытта шаруашылық аясын кеңейту, оның ішінде Қазалы және Жалағаш аудандарында құс фермасын ашу, жылжымалы құс сою пунктін салу жоспарланып отыр.

– Ең бастысы, қалдықсыз өндірісті жолға қойғымыз келеді. Мысалы, құсты сойғаннан кейін жүнін кәдеге жаратсақ, ішек-қарнын тазалап балықтың қорегіне айналдырсақ па деген ойымыз бар, – дейді Кенжебек Қалмұратов.


 

Назерке Саниязова, 

суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 қыркүйек 2018 г. 1 293 0