Кітап – адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы. Ғылымның қайнар бұлағы. Білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін тәрбиелік құрал. Әлішер Науаи «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» десе, Денри Дидроның «Адамдар кітап оқуын қойса, ойлауын да қояды» деген сөзі бар. Толстой өз кезегінде «Жақсы кітап оқу – ақылды адаммен сырласқанмен бірдей» деп пікір білдірсе, Абай атамыз «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» деп шегелейді. Әрине, мұндай керемет теңеулерді келтіре беруге болар, бірақ соңғы уақыттары адамдар осындай жан азығынан, рухани байлықтан қол үзіп бара жатқанын мойындауымыз керек. Бұл жаһандық мәселе. Міне: осы мәселе Астанада «Заманауи әлемдегі оқу мәдениеті» тақырыбында өткізілген III Халықаралық оқу конгресінде кеңінен талқыланды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен Астана қаласының 20 жылдығына орай өткен бұл шараға әлемнің 50-ге жуық елінен белгілі жазушылар мен ғалымдар және кітапхана мамандары келді. Конгреске Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеев, Сәбит Досанов, Байбота Қошым-Ноғай, Маралтай Ыбыраев, Бақытжан Қанапияев секілді тағы басқа көптеген ақын-жазушыларымыз, сондай-ақ сала мамандары, ғалымдар мен журналистер және блогерлер қатысты.
Тәуелсіздік сарайында басталған ІІІ Халықаралық оқу конгресін ашқан ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбаева «Адамзаттың ең сенімді, ең сабырлы серігі – кітап» деген Елбасы сөзін алға ұстанып, рухани өрістеудің өзекті тұстарына назар аударды. Ал Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет: «Конгрестің мақсаты – кітап оқуды насихаттаудың әлемдік тәжірибесін талқылау, оқырмандардың мәдени құзыреттілігін жақсарту, интеллектуалдық әлеуетті арттыру, кітапханалардың әлеуметтік-мәдени мекеме ретінде қызметін жетілдірудің пікірталас алаңы болмақ» деді.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Қуат Борашев та өз пікірін ортаға салды.
– Кітап – қоғам мен адамның арасындағы маңызды фактор. Ел қатарлы мемлекет болудың рухани-мәдени көрсеткіштері осында жатыр. Кітап арқылы келешек ұрпаққа бүгініміз тарих болып жазылып, ертеңгі мұра болып қалмақ. Кітаптың оқырманға жететін қасиетті орны кітапхана екендігі ертеден белгілі. Ұлттық мәдени кодымыз оқу арқылы қалыптасатыны да сөзсіз. Демек, оқу әлеуметтік қарым-қатынас формуласының бірі ретінде қалыптасқан. Ертеңгі күніміз бүгінгі күнге байланысты. Сондықтан да оқуға жан-жақты бейімделу аса қажет, – деп түйіндеді.
Ал белгілі ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков болса, кейінгі кезде кітап оқылмай жатқанын, бұл мәселеге барынша байыппен қарау керектігін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, қанша ғасыр өтсе де кітап – атадан балаға мирас болып қалатын асыл құндылық екенін айтты. Осы ретте Ү.Мұңалбаева өздерінің ұсынысын осы кезге дейін жинаған 10 мыңға жуық кітабын академиялық кітапханаға өткізген М.Жолдасбековке үлкен ризашылығын жеткізді. Қазір бұл кітаптарды көпшілік пайдалануда.
– Шынын айту керек, менің бар байлығым – отбасым мен өмір бойы жинаған кітаптарым. Кітаптарымды өткізген соң қатты ауырдым. Рухани әлсіредім. Себебі ол кітаптарды өмір бойы жинап келдім, – деді М.Жолдасбеков.
Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Кітап оқитындар интернет қарайтындарды басқаратын болады» деген сөзінің терең мағынасы бар екенін, кітап оқу мәдениеті – мәдениеттің ең жоғары белгісі екенін атап өтті. Ол сонымен бірге Португалияда болған кезінде кітап дүкені алдындағы үлкен кезекті көріп, қатты риза болғанын жасырмады.
Осы басқосуда ресейлік «Художественная литература» баспасының директоры Георгий Пряхин белгілі қаламгер, Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы Нобель сыйлығына ұсынылғанын жеткізді.
– Қазақстанда ғажап әдебиет бар, Қазақстан жерінде орыс әдебиетінің тамаша үлгілері де жазылды. Александр Солженицынды жақтырмасаңыздар да ол бұл жерден нәр алды. Иван Шухов және көптеген орыс тілді жазушылдар да осы жерден түледі. Біздің баспамыз Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романын Нобель сыйлығына ұсынды. Нұрпейісов – күрделі тұлға аса дарынды жазушы. Ол өз шығармасында экологиялық және психологиялық мәселелерді көтерді. Оның көтерген мәселесі – Қазақстанға, Аралға, Орталық Азияға ғана қатысты емес, бүкіл әлемге ортақ мәселе. Нұрпейісовті ұсынғанда біз бір белгілі Нобель сыйлығының лауреатының қолдауына ие болдық. Хат жазғанда оның Ұлы Отан соғысының көзі тірі ең соңғы ардагерлерінің бірі, Сталинградты қорғаушы екенін атап көрсеттік, – деген баспа директорының сөзі зор қошеметке бөленді.
Конгреске қатысушылар Қытай жазушысы Хуан Чжонсянның сөзін асқан қызығушылықпен тыңдады.
– Он сегіз жасымда «Ботагөзді» оқыдым, қазақтың қисса-дастандарын қытайшаға аудардым, – деген жазушы қазақ әдебиеті мен қытай әдебиетін, оқырмандарын салыстыра келе Қазақстанда оқу мәдениетіне көңіл аударып отырған жағдай толқытқандығымен бөлісті. Қазақ тілінде сөйлеген Хуан Чжонсян сөзінің аяғын: «Тақыр жерге самырсын ек, тақыр кедей болсаң, балаңа кітап оқыт» деп аяқтады. Конгресте қазақша сөйлеген шетелдік қонақтардың қатарында италиялық Эдуардо Канетта да болды. Ол ҚР Ұлттық академиялық кітапханасына Леонардо да Винчидің «Атланик кодексінің» түпнұсқадан көшірмесін сыйлады.
Тәуелсіздік залындағы жиыннан соң конгреске қатысушылар негізгі 4 бағыт бойынша өткізілген конференцияларға, дөңгелек үстел отырыстары мен шеберлік сағаттарына қатысты. Жиналғандар оқу мәдениеті, кітап пен оны оқуды насихаттау, оқуды тұлғаның рухани және әлеуметтік дамуының құралы ретінде қарастыру, әдебиеттегі жаңа үрдістерді түсіндіру, қоғамдағы рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудағы шығармашылық интелегенцияның ролі, әлемге ұлттық әдебиетімізді насихаттау, жаһандану жағдайындағы кітапхана технологияларын трансформациялау, кітапханалық қызмет пен ақпараттық ресурстарды насихаттау және отбасылық оқудың дәстүрлері мен инновациялары жайында ұсыныстарын ортаға салып, тақырыпты кеңінен талқылады. Бұл басқосулар «Риксос» қонақүйі мен Ұлттық академиялық кітапханада өтті.
Айта кетейік, Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы 2018 жылды “Айтматов жылы” деп жариялады. Осыған орай жыл басынан бері ұйымға мүше Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан мен Түркия елдері түрлі іс-шара өткізіп жатыр. Конгресс аясында жазушының 90 жылдығына арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды. “Әлем Айтматовты оқиды” деп аталған бұл жиында Қырғыз Республикасы елшілігінің Қазақстандағы кеңесшісі Данияр Сырдыбаев жазушыға көрсетілген құрмет үшін алғысын білдірді. Шараға жазушының ұлы, Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық қордың президенті Асқар Айтматов қатысып, әкесі туралы естелік айтып, Астана жайлы да ойымен бөлісті.
– Заман талабына сай болу үшін кітапханашылар да жұмыстың жаңа қалыбын іздеп, бірегей жобаларды жүзеге асырып, қоғамға енгізіп жатыр. Қазір кітапханалар нағыз мәдени, ақпараттық орталыққа айналды. Алайда жұмыстың барлығы бұрынғыдай кітаптың айналасында жүзеге асып жатыр. Дәл осы оқу құралы қашан да бұл қызметтің негізі болып қала бермек, – деді ол.
Секциялық бөлімдегі қызықты кездесулердің бірі поляк жазушысы Януш Вишневскиймен болды. «Желідегі жалғыздық» аталатын кітабы жарыққа шыққаннан кейін ол бірден әлемдік даңққа ие болған. Мамандығы бойынша физика және химия саласын қатар алып келе жатқан ол ғылым докторы. Негізгі айналысатын жұмысы да осы сала. Ал жоғарыдағы романды қолы бос уақытында әншейін өзі үшін жазған екен. Қолжазбасының бір бөлігін әдеби журналға жіберген кезде редактордан жағымды пікірімен қатар оны кітап қылып бастыру туралы ұсынысты да қоса алады. Мұнан кейін де оның бірнеше кітаптары жарыққа шыққан. Оқырмандар Вишневскийдің туындыларынан өздеріне бір рет қана берілетін өмірді қалай сүру керек деген сұраққа жауаптар іздейді.
Сондай-ақ қатысушылар үшін қызықты шараның бірі – қазақтың көрнекті жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Әкім Таразимен кездесу болды. Жазушының 85 жасқа толуы аясында өткізілген кездесуде Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеев, Сәбит Досанов, Ұлықбек Есдәулет секілді әріптес інілері қаламгердің шығармашылығы жайлы ой бөлісті. Ал мерейтой иесі өз өмірі мен шығармашылық жолынан әңгіме өрбітіп, әдебиет туралы ойларын жеткізді. Сонымен бірге өзіне қойылған сұрақтарға жауап берді. Қазақ тілінде еркін сөйлейтін қытайлық жазушы Хуан Чжонсянның «Қазақтың батырлар жырындағы барлық кейіпкерлер оқиғалары жақсылықпен аяқталады, ал сіздің романдарыңыздағы басты кейіпкерлер өмірі трагедиямен аяқталып жататыны көңілге қатты қаяу түсіреді» деп пікір бөлісін ортаға салды.
Конгресте сондай-ақ белгілі журналист, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың доценті Қанат Әуесбайдың модераторлық етуімен «Құбылмалы әлемдегі сөз күші» атты пікірталас өтіп, онда ақын Оңайгүл Тұржан, ресейлік «Современная библиотека» журналының бас редакторы Любовь Казаченкова, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай, франциялық қонақ Алис Бабэн, армениялық журналист Вартан Аствацатарян, баспашы журналист Бейбіт Әлібеков, журналист блогер Өркен Кенжебек тақырыпқа байланысты өз ойларын ортаға салды. Сол секілді жазушылардың қатысуымен «Ұлттық әдебиет-халықтың мәдени және рухани дүниесі» атты дөңгелек үстел, «Цифрландыру дәуіріндегі кітапханалардың түрленуі» атты панельдік пікірталас секілді тағы да басқа көптеген басқосулар өтті.
Конгреске қатысушылар «Заманауи әлемдегі оқу мәдениеті» атты ІІІ Халықаралық оқу конгресі ең биік мәдениеттің бірі кітап оқуды орнықтыруға өзіндік үлесін қосатынын бір ауыздан мақұлдады.
Осы конгреске қатысушы, Түркиядан келген қандасымыз, ғалым Әбдуақап Қараның «Кітап оқу азайып бара жатыр, бұл үлкен трагедия. Осы трагедияға ем табайық, шешім табайық деп осында жиналдық. Кітапты насихаттау тек қазақтардың емес, әлемнің проблемасы. Астана 20 жылда бейбітшіліктің, бірліктің, ғылым мен білімнің насихатшысына айналды. Осы жиын – соның айғағы. Қоғамның кітапқа деген қызығушылығын оятуға іскер азаматтар да атсалысу керек. Бір данышпан адамзатты екі категорияға бөліпті. Жас болсын, кәрі болсын. Ер ме, мейлі әйел ме, айырмашылық жоқ. Кітап оқитын және кітап оқымайтын адамдар деп бөлген. Сонда қарап отырсақ, кітап оқитын адамдар зерек, алғыр келеді. Жұмысында табысты болады. Табысты адам – бақытты. Егер біздің әлемде кітап оқитын адамдар көбейсе, әлем бақытты болады. Бақытты адамдар бейбітшіл келеді. Бұл жиын адамзаттың бақыты жолына сіңірген Қазақстанның бір еңбегі» деп орамды ой, салмақты сөз саптады. Тақырыпқа түйін осы болса керек.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
Қызылорда-Астана-Қызылорда.