ДІН – АДАМЗАТТЫ ІЗГІЛІККЕ ҰЙЫТАТЫН КҮШ

Бүгін облыс әкімдігінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Т.Махановтың қатысуымен "Дін саласындағы мемлекеттік саясатты жария етудегі БАҚ рөлі" тақырыбында семинар-тренинг өтті. Мұндағы мақсат – дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017 – 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес мемлекеттің зайырлы даму қағидаттарын насихаттауда, конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық үлгісін ілгерілетуде аймақтық БАҚ-тың белсенділігін арттыру.
  Жиынды жүргізіп отырған Талғат Толыбайұлы күн тәртібімен таныстырып, сондай-ақ, жергілікті басылымдарда діни тақырыптарды ақпараттандыратын журналистер пулы жасақталғанынан хабардар етті. Олар осы тақырыптағы кез-келген мәселе бойынша ішкі саясат басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығымен тығыз байланыста болып, бұқараны шынайы ақпаратпен қамтамасыз етуге жұмыс жасайды.
  Семинар-тренингте "Зайырлы мемлекет және оның құндылықтарының БАҚ-та жариялануы" тақырыбында "Қазақстан –Қызылорда" телеарнасының редакторы Айнұр Тұңғышбаева мағыналы ой-пікірімен бөлісті. Ол қазіргі таңда көпшіліктің арасында дінімізге деген сенімнен гөрі әлі де болса күдіктің басым екенін, сол сияқты діни ұстанымдар мен ұлттық салт-дәстүрді жеткілікті білмеудің салдарынан отбасылық жанжалдар туындап жататыны да жасырын еместігін айттты. Сондықтан алдағы уақытта дін саласындағы ақпараттық танымдық шаралардың ауқымын кеңейту қажеттігін ұсынды.
   Қызылорда қалалық "Сұлтан" мешітінің бас имамы Қайырбек Отызбаев "Дін және БАҚ" тақырыбында салмақты ойымен бөлісті.
   –Тарихқа қарасақ, дінсіз адам болғанымен, дінсіз қоғам ешқашан болған емес. Мейлі, дұрыс болсын, мейлі бұрыс болсын, адамзат шоғырланған қоғамда сенім ерекше орын алған. Себебі, адам баласы табиғатынан сенімге мұқтаж. Дін сөзінің аясы кең, ұғымы терең. Мәселен, тек таңнан кешке дейін Құдайға құлдық ұрып, құлшылықтан бас көтермеу деген емес. Дін –өмір сүрудің үздік үлгісі. Пендені адамгершілікке, имандылыққа, ізгілікке ұйытатын да осы күш,-дейді бас имам.
  "Ақпарат кімде болса, әлемді сол басқарады" деген сөз бар. Олай болса, саяси маңызды ақпараттардың шынайылығы ел бірлігінің, тұрақтылығының кепілі болары даусыз. Сондықтан дін маманы БАҚ-та ақпараттар жариялау барысында ең алдымен, ұрандатушылыққа емес, ақпараттың дәлдігіне мән берсе, сонымен қатар, көпшілік қауымға түсінікті қарапайым жеңіл тілмен берілсе деген ұсынысын алға тартты.
 "Сыр дидары" газетінің бас редакторы, облыстық ақпараттық топ мүшесі Сәкен Алдашбаев халықтың діни сауаттылығын арттырудағы БАҚ-ның ықпалы  тақырыбын тарқата әңгімеледі.  
 – Мәселен, көп жағдайда дін өкілдері халықтың арасында жүреді. Сондықтан көпшілікті қандай сауалдар мазалайтынын олар жақсы біледі. Осы ретте көптің көкейіндегі толғақты мәселелердің дер кезінде шешімін табуы үшін дін өкілдері  бұқаралық ақпарат құралдарымен етене байланыста болса, насихаттық жұмыс та нәтижелі болары сөзсіз. Тағы бір айта кетерлігі, бүгінгі таңда бізде дін саласында сауатты мамандар қатары артып келеді. Сондықтан болар, аймақта діни тұрақтылық қалыптасып отыр. Ендігі кезекте осы мамандардың имиджін көтеруге, олардың танымалдылығын арттыруға, сауатты, салиқалы пікірлерін жиі-жиі жариялауға көңіл бөлгеніміз жөн,-дейді С.Алдашбаев. Сондай-ақ, талқыға түскен тақырып төңірегінде "Қоғам ТВ" телеарнасынан Нұрдәулет Қалабеков, "Ұстаз мәртебесі" газетінен Абай Тағыберген сияқты жас журналистер ойларын ортаға салып, орнықты пікір айтты.
 Жиынды қорытындылаған Талғат Маханов БАҚ өкілдері тарапынан айтылған ұсыныс пікірлердің барлығына жауап беріп, арнайы жасақталған журналистер пулының алдағы атқаратын міндеттері жөнінде түсіндіріп өтті.
                                                                                                           Ғазиза ӘБІЛДА,
                                                                                                           "Сыр бойы".

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қыркүйек 2018 г. 855 0