Бүгінгі кейіпкеріміз Айгерім Гаюпова Сыр өңіріндегі Жалағаш ауданының тұрғыны. 5 бала тәрбиелеп отырған ана бүгінде зейнетте. 40 жылға жуық уақыт педагог болып, бала тәрбиесімен айналысқан ұстаз зейнеткерлікке шыққаннан кейін кондитерлік кәсіпті қолға алады.
«Нан пісіру, тәтті тоқаштар әзірлеу бала күннен келе жатқан хоббиім. Зейнетке шыққанда көп ойланбастан, қолымнан келетін істі кәсіпке айналдыруға шешім қабылдадым», - дейді Айгерім Гаюпова.
Алғашқы құрал-жабдықты аудандағы танысынан алады. Ол танысы кезінде өзі кәсіп ашқысы келіп, 3 млн.теңгеге жабдықтар алған, алайда істі бастамаған. Сонымен, Айгерімге заттарын сатып алуға ұсыныс тастайды. «Даму» Қоры арқылы 3 млн.теңге несие алып, аталмыш құралдарды сатып алған Айгерім, кәсібін бастап кетеді. Наубайхананың ғимараты ретінде ауласындағы қосалқы үйді пайдаланады. Әрі сол қосалқы үйдің бір бөлігінен пісірген өнімдерін сататын дүкен де ашып қояды.
«Кәсіби кондитер болмағаннан кейін бастапқыда көптеген қиындықтар болды. Үйдегі нан пісірумен тұтынушыға ұсынылатын өнім салыстыруға келмейді екен. Әдепкіде шығарған өнімдеріміз дұрыс болмай, шығын болып, түнімен ұйықтай алмай, уайымдаған кездерім болды. Бізге үйрету үшін облыс орталығынан мамандарды шақыртып, біліктілігімізді жетілдірдік. Қиындықтың барлығы артта қалды», - дейді кәсіпкер.
Бүгінде кәсіпкер Жалағаштағы 5 мектеп пен 3 балабақшаны, сондай-ақ шағын дүкендерді нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Мұнан өзге, аудан тұрғындары той, өзге де шаралар өткізу барысында кондитерлік өнмідердің түр-түріне тапсырыс береді екен. Айгерім Гаюпова жетекшілік ететін «Тәтті» наубайханасынан күніне 500 данаға жуық бөлке нан әзірленіп, кондитерлік өнімдердің 20-дан астам түрлері әр қайсысы 200 данадан халыққа ұсынылады.
Өнімдерге сұраныстың артуы кәсіпкерді шабыттандырады. Кәсіпкерлер палатасы кеңесшілерінен мемлекеттік бағдарлама аясында сырттан маман шақыртуға болатындығын естігеннен кейін, кондитер маманын сұратып, өтінім береді.
«Біздің кәсібіміз әрдайым ізденісті қажет етеді. Осы кезге дейін де Қызылорда, Шымкент қалаларына барып, біліктілігімді жетілдіріп жүрмін. Одан өзге интернеттен де қарап, жаңашыл бастамаларды енгізуге тырысып жатырмыз. Бірақ бұның барлығы уақытты қажет етеді. Мәселен, бір өнімді шығару үшін ұзақ мерзім қажет болып жатады», - дейді Айгерім Гаюпова.
Кәсіпкерлер палатасы Айгерімнің сұранысын ескере келе, «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасының «Аға сеньорлар» құрылымы аясында Турциядан Маджит Горпюз есімді маманды алдыртады. Түрік сарапшысының наубайхана саласындағы тәжірибесі 20 жылдан асады. Наубайхана және кондитерлік істе жан-жақтылығымен көзге түскен, аса білікті мамандар қатарында. Шет елдік маман енді Айгерімді екі апта көлемінде саланың қыр-сырымен таныстыратын болады.
«Кәсіпкерлер палатасының шақыртуымен Турциядан келген Маджит маман біз үшін үлкен қолдау болып отыр. Өнімдерді әзіплеудің оңтайлы жақтарын көрсетіп беріп жатыр. Кремдерді жасау тәсілдерін, бисквитті сәтті шығаруды, торттың түрлерін жасауды үйретуде. Байқағаным, біз көп шығыс жасайды екенбіз. Маджит бізге бар шикізаттан қалдықсыз өнім шығаруды, тіпті үнемдеуге дейін көрсетуге. Менде жұмыс жасайтын қыздарға әр күнде қамырды түрліше илеу тәсілдеріне дейін үйретуде. Қуанышымызда шек жоқ», - дейді кәсіпкер.
Айгерім Гаюпова биыл кәсібін кеңейту үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Қызылорда облыстық филиалынан 4 млн.теңге несие алады. Алған қаржыға талапқа сай наубайхана салып, бүгінде 4 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Айта кету керек, «Аға сеньорлар» компоненті қатысушыларға басқарудың жаңа әдістерін енгізу, өндіріс технологиялары, құрал-жабдықтар мен персоналды оқыту мәселелері бойынша тікелей өндірісте кеңес беру үшін нәтижелі жұмыс тәжірибесі бар жоғары білікті шетел мамандарын тартуға бағытталған.
Кәсібіңізді жетілдіруге сырттан маман шарыртқыңыз келсе, онда Қызылорда қаласы, Желтоқсан 42 («Бастау» бизнес орталығы) мекен-жайында орналасқан Кәсіпкерлер палатасына келуіңізге немесе 40-09-81 /ішкі 4307/ байланыс телефоны арқылы Палатаның сарапшысы Әсел Алушаеваға хабарласуыңызға болады.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі