ӨМІРІ ДЕ, ӨНЕРІ ДЕ ӨЗГЕШЕ

Облыс орталығындағы А.Тоқмағанбетов мәдениет үйінде мүмкіндігі шектеулі жандар арасында дәстүрлі өткізіліп келе жатқан «Жүрек жылуы» өнер фестивалінің қорытынды концерті биыл 8-ші рет сахна шымылдығын ашты. 

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев фес­тивальға қатысушыларды құттықтап сөз сөйледі.

– Бүгінгі таңда Қызылорда облысында 29 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. 2013 жылы облысымыз рес­публикада бірінші болып мүгедектер құқығын қорғауға және өмір сүру сапасын жақсартуға арналған «Жол картасын» жасап шығарды.

Мүгедектерді оңалту бағдарла­мала­рының орындалуына облыстық бюджеттен өткен жылы 415 млн теңгеге жуық қаражат бөлініп, 12 мыңға жуық оңалту бағдарламасы орындалды.

Мүгедектердің шипажайларда емде­луіне 1275 жолдама қарастырылып, 3 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан қозғалысқа қажет құралдармен қам­тамасыз етілді. 

Елбасы өзінің дәстүрлі Жолдауында «Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиіс» деп атап көрсеткен болатын. Ерекше жандардың рухани дамуына, олардың бойындағы қабілетін,  өнерін ел алдында насихаттау мақсатында облысымызда жыл сайын дәстүрлі түрде «Жүрек жылуы» өнер фестивалі ұйымдастырылып отыр.

Балғындардың қабілетін жан-жақты да­мытып, бойдағы өнерін қолдауға ба­ғыт­талған бұл жоба жас таланттардың жарқырай түсуіне үлкен мүмкіндік беруде.

Сыр елінің біртуар перзенті, қалам­саптың құдіретімен Алаш баласын тәнті еткен қайсар ақын Зейнолла Шүкіровті мақтан етсек, қиындықтың қатпарына қайыспай, жанына жырын қуат қылған, өмірге құштар ақын Нұрмұхаммед Әбіл­қасымовты бүгінгі күні үлгі тұтуымыз керек.

Мұндай фестиваль-конкурстар өңірі­міздегі мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің, жастардың  өмірге деген құштарлығын оятуға, бойындағы табиғат берген шығармашылық өнерлерін ашып танытуға үлкен септігін тигізері анық, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы алдағы жылдары фестиваль аясы кеңейіп, оған бөлінетін қаржы көлемінің 3 есеге өсетінін айтты. Қамқорлық пен қолдауға мұқтаж фестиваль қатысушылары – шиелілік қолөнер шебері Дилфруз Хамитқызына және отбасылы өнерпаздар Қали Дәурен­беков пен Айгерім Оразбаеваға 150 мың теңгенің сертификатын тапсырды.

 Әлемге күн жылуы қандай қажет болса, адамға жүрек жылуы сондай қажет. Адам қашан да адамдық қасиеттерге мұқтаж. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандардың әр қадамынан мейірімділік күтетіні шын. Бұл жайында аталарымыз «жетім көрсең, жебей жүр», «аз қайырымдылық жасаудан ұялма, құр қол қайтару одан да ұят», «бергеннің берекесі бар» деген сияқты саналы сөздер қалдырған. «Ат жақсысын мақта, адам жақсысын жақта» демекші, осы бағытта арамызда мұқтаж жандарға жүрек жылуын аямай жүрген мекемелер де, адамдар да баршылық. Солардың бірі осы фестивальді ұйымдастырған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы өнер мерекесінің өтуіне ерекше күш салды. Әсем безендірілген сахнада зағиптар қоғамының, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығының, мүгедектерге арналған оңалту орталығының  балалары ән салып, би биледі. Көпшілікті ым-ишара тілінде ән орындаған №6 есту қабілеті бұзылған балалардың арнайы түзету мектеп-интернаты оқушыларының өнері ерекше тамсандырды.

Көрермен өмірі де, өнері де өзгеше жас өскінге ерекше құрмет танытты.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 қыркүйек 2018 г. 790 0