
Халқымызда "Бірлігі бекем елдің берекесі мол болмақ” деп бекер айтылмаған және айтудан жалыққан да емес. Өйткені татулықсыз, бірлік-берекесіз, ынтымақсыз ештеңенің де өнбесі анық. Еткен еңбектің де жемісі бекер болмақ. Ауызбірлігі жарасқан елді ешқандай қиындық қыспағына ала алмайды. Сондықтан бірлік пен береке домбыраның қос ішегі іспеттес.
Ата-бабамыздың бірлік жайлы айтып кеткен даналық сөздері бүгінгі ұрпақ үшін мәңгі мұра болып қалғаны рас. Мәселен, "Іргесі берік елді жау алмас, аузы бір елді дау алмас”, "Бірлік қайда болса, ынтымақ сонда”, "Саусақ бірікпей, ине ілікпейді”, "Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп”, "Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді”, "Тірлік, тірлік түбі – бірлік”. Қандай мағыналы, мәнді асыл сөздер десеңізші!
Қазақ тарихына көз жүгіртіп қарасақ, ата-бабаларымыз бірлік пен татулықтың үлгісін көрсете білген. Қазақ қазақ болғалы тәуелсіз ел атанып, күллі әлемге ұлан-ғайыр жерімен, өзіндік салт-дәстүрімен, ғасырлар бойы атадан балаға аманатқа қалған діні, дала тарихынан сыр шертетін тілі арқылы қазақ деген ел бар екенін әлемге танытты. Алайда осының бәріне оңай қолымыз жеткен жоқ. Бұл еркіндікке бабаларымыздың қаны, аналарымыздың көз жасы, сонымен қатар ауызбіршіліктің, ыңтымақтың мықтылығымен қол жеткіздік. Көпұлтты ел болсақ та, ынтымақтастық пен татулықтың арқасында бүкіл дүние жүзі мойындаған іргелі мемлекетке айналдық. Ауызбіршілікке алауыздық түскен кезде берекеден мән кететініне жақында ғана көршілес Украинада болған оқиғаға куә емеспіз бе? Тек ол емес, жалпы тарихтағы кез келген жеңілістердің нәтижесін іздейтін болсақ, ауызбіршіліктің жойылуы мен жауапкершіліктің немқұрайлығынан екендігін айқын көруге болады.
Қазіргі жаһандану дәуірінде Қазақ¬стан¬ның ірі мемлекеттер жетегінде кетпей, өзінің ұстанымын айқын көрсететін мүмкіндіктері мол. Елбасымыз ел ішіндегі татулықты нығайта отырып, экономиканы дамытуды сара¬лап алған соң, саяси реформалар жасау¬да. Атам қазақ "Бөлінгенді бөрі жейді” деп текке айтпаған. Тек қазіргі заманғы білім мен техника талабына сай болғанда ғана әлем елдерінің алдыңғы сапынан орын аламыз. Қазақ мемлекетінің іргетасын бекітудің жолы 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағ¬дар¬ламада нақты көрсетілген. Бізде орта¬ша еңбекақы, зейнетақы, әлеуметтік тө¬лемдер Әзірбайжан, Түркімен, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б. елдерге қарағанда әлденеше көп.
Елбасы Н.На¬зар¬баев¬ өзінің Қазақстан хал¬қына ар¬на¬ған "Қазақстан-2050” Страте¬гиясы: қବлып¬тасқан мемлекеттің жаңа сая¬си ба¬ғы¬ты” Жолдауында да "Біз – көпұлтты қо¬ғам¬быз. Және де ұлт¬аралық қатынастар мә¬селесінде ешқандай қосарланған стан¬дарт¬тар болмауы тиіс. ...Қазақстан – біздің қа¬сиетті мекеніміз. Кейінгі ұрпақ осынау қас¬терлі өлкеде өмір сүріп, өркен жаятын болады. Қазақ жеріне тағдырдың жазуымен алуан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударды. Олар біздің елімізде өсіп-өніп, бауырларымызға айналды. Қазір біз көпұлтты сипаты бар, біртұтас елміз” деп Қазақстандағы ұлттар достастығын қоғамымыздың басты табысы ретінде атап көрсетті. Қазақ еліндегі ұлттар ынтымақты ұран етті. Нәтижесінде Қазақстан көп елден көш ілгері.
Ел басына күн туған қилы замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі. Жаугершілік заманда басы ауған жаққа көшіп жүріп те берекесі мен қазанын ортайтпаған, өзгенің қызылына қызықпай, ұтымды іспен, терең кемеңгерлікпен еліміздің құшағын кеңейтіп келеді. Достық пен ынтымақ бар жерде береке мен ырыс болары айдан анық.
Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі еліміздің ең басты байлығы. Оны көздің қарашығындай сақтауға тырысуымыз керек. Мемлекетіміздің басты жетістігі еліміздегі халықтардың ұлтаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып табылады.
Біз қазіргі күні экономикалық жетістіктерді, әлеуметтік игіліктерді, саяси тұрақтылық пен мәдени өркендеуді бастан кешіріп отырмыз. Елдің қол жеткен табыстарына, біздегі орын алған татулық пен түсіністік жағдайларына әлемдік өркениет қызғушылық танытуда. Осының өзі көңілді марқайтып, туған елге, Отанға деген сүйіспеншілік сезіміңді арттыра түседі. Әрине, дос сүйсініп, дұшпан қызғана қарайтын жетістіктер оңайлықпен келіп жатқан жоқ. Бұл – ең алдымен қазақ халқының өз ішіндегі ауызбіршіліктің, жалпы, қазақстандықтардың ынтымақтастығы мен бірлігі арқасында жетіп отырған игілікті нәтижелер. Біздің міндетіміз – осы бірлікті алдағы уақытта да нығайта беру, күшейте түсу. Төле би бабамыз "Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін” деп ұрпақтарына өсиет қалдырса, Қаз дауысты Қазыбек би "Біз үш жүз қазақ керіспейік, асылы бізге керіскен жөн емес” деп төңірегіндегілерді бір-бірін сыйлап, құрметтеуге шақырды. Әйтеке бидің мына сөзі де күнделікті өмірде басшылыққа алып жүретін негізгі қағидамыз болуы тиіс. "Егер де үш жүздің билікке таласуы тоқтамайтын болса, қазақ елі күйреуге ұшырап, басқа халықтың езгісіне түсіп, жуандардың жұдырығына жем болады”. Ата-баба аманатына адал болу, өсиет-ақылдарын іске асыру – басты парызымыз.
Сөз жоқ, дәл қазіргі күні Қазақстан экономикасы қарқынды дамып, мәдениеті өсіп-өркендеп келе жатқан әлемдегі танымал да беделді мемлекеттердің біріне айналып келеді.Сан ұлттың басын қосқан қоғамдық институт ретінде бүгінде өзінің маңыздылығын дәлелдеген Қазақстан халқы Ассамблеясына биыл 19 жыл толды. Елдіктің өлшемі, тұрақтылықтың тұтқасы болған Ассамблея біздің бейбіт қоғамның ажырамас бөлшегіне айналды. Кезінде тағдырдың жазуымен қасиетті қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепкен еді. Бүгінде олар тегі басқа болғанымен теңдігі бір, қаны бөлек болғанымен жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды. Туған ел туының астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел шешкен азаматтарды алдынан күтетіні – бір тағдыр. Осылайша, елдігіміздің ертеңі "бір халық – бір ел – бір тағдыр” деген ошақтың үш тағаны сияқты ұғымға сыйып тұр. Осы сөздің аясында болашаққа бет алып, ынтымағы жарасқан ел ретінде талай асулардан асармыз. Алаштың жұрты әлемдегі айбарлы халықтың біріне айналады деген үміт бар. Елбасымыздың меңзегені осы еді. "Қазақстан этностық жанжалдардан азат аумақ болып саналады. Экономикалық және әлеуметтік-саяси реформалар этносаралық тағаттылық пен үйлесімнің арқасында табысты жүргізілді. Бейбітшілік пен тыныштық әр үйдің баға жетпес байлығына айналды. Біздер мен сіздер атқарған жұмыстың басты нәтижесі, міне, осы”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Иә, елдің иесі – қазақ ұлтына өзінің өткеніне, қазіргісіне және болашағына патриоттық қарым-қатынас қалыптастыруға септесетін жалпыұлттық тарихи сананы дамыту қажет. Қазақстан Президенті толеранттылықты қалыптастыратын өзіне тән әлеуметтік-мәдени ережелерін, салттары мен дәстүрлерін жалпыадамзаттық мақсаттағы материалдық емес мәдени мұралардың белгі-нышаны ретінде қарастыратын қазақ қоғамының ішкі бірлігін нығайтқан жөн екенін атап өтті.
1 Мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күні болып есептеледі. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі – бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамы.
Бұл күн – әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі. Халық бірлігі мерекесі күні ел азаматтары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихы мен оның сабақтарын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған қазақстандық татулық пен келісімді паш етеді.