Үйлерді газға заңсыз қосқан қызметкер өтемақы төлемек

Қызылорда қаласында мердігер компания қызметкері басшылықтың қолтаңбасы мен мөрін пайдаланып, көпқабатты үйлерді газға заңсыз қосып берген. Енді бұл үйлер жаппай газдан ажыратылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жібек жолы көшесі бойындағы көпқабатты үш үйдің тұрғындары табиғи газдан ажыратылып жатқаны туралы шағым білдірген. Айтуларынша, пәтерлерге көгілдір отын берілгенімен, көп ұзамай газ беру тоқтатылған.

Ал мамандар үйлерге табиғи отын заңсыз кіргізілгенін алға тартады. Облыстық энергетика және коммуналдық-шаруашылық басқармасының газ инфрақұрылымын дамыту және қауіпті өндірістік нысандарды мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы Олжас Исмалаев мәлім еткендей, компания қызметкері басшылықтың қолтаңбасы мен мөрін қолдан жасаған.

«Патсайы» ЖШС өкілінің айтуы бойынша, компания қызметкері басшының қолтаңбасы мен мөрін қолдан жасап, тұрғындармен заңсыз келісімшарт жасасқанын мойындап отыр. Осыған орай «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ заңсыз қосылған газ құбырларын тұрғын үйден ажыратқан. Қазіргі таңда заңды түрде көгілдір отынға қосу жұмыстары жедел жүргізілуде. Айдың аяғына дейін бұл мәселе реттеледі», - деді Олжас Исмалаев.

Атап өтілгендей, компания қызметкері жұмыстан шығарылатын болады. Сондай-ақ ол тұрғындарға өз қаржысы есебінен шығындарын өтеп береді.

 

 

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 қыркүйек 2018 г. 629 0