Жібек жолы көшесіндегі көпқабатты 3 үйдегі 15 пәтердің тұрғындары қаржы жинап баспаналарына «көгілдір отын» кіргізіп алған. Алайда, олар газ таратушы мекемемен келісім-шартқа отырмай, жеке «Патсайы» серіктестігінің қызметіне жүгініпті. Осыған байланысты, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ҚӨФ қызметкерлері заңсыз қосылған газ құбырын тұрғын үйден ажыратты.
Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының газ инфрақұрылымын дамыту және қауіпті өндірістік нысандарды мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы Олжас Исмалаев хабарлады.
– Газ құбырларын жүргізген жекеменшік мердігер мекеменің басшысының айтуынша, мекеме қызметкері басшысының қолын, мөрін өзі қойып, тұрғындармен заңсыз келісім-шарт жасағандығын мойындап отырған көрінеді. Қазіргі таңда мердігер мекеме – «Патсайы» ЖШС тұрғын үйлерді газға қосу үшін құжаттарын заңдастырып, филиал қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс жасауда. Сондай-ақ, мекеме жетекшісі тұрғындарға газ беру жұмыстарын жеделдетінін мәлімдеді. Аталған мәселе басқарманың тікелей бақылауында, – деді О.Исмалаев.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».