Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін насихаттауға арналған республикалық лекторий аясында Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық тобының кеңейтілген отырысы өтті.
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өткен жиынды «Рухани жаңғыру» орталығының директоры, ғылыми-сарапшылық топ жетекшісі Нұрлыбек Мыңжас жүргізді.
– Өздеріңіз білетіндей, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қазақ халқының рухани әсемдігі мен ішкі жан дүниесінің тереңдігін көрсетті. Бұл орайда «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы барша қазақстандықтарға қазақ халқының салт-дәстүрлері, мәдениеті, әдебиеті, тарихы, философиясы туралы терең ақпарат беру, оларды жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін қалыптастырудың жарқын үлгісі болып саналады,– деді ол.
Жиында «Қасиетті Қазақстан» ҒЗО басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Берік Әбдіғалиұлы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» тақырыбында, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов «Ғасырлар дәстүрлерін сақтау: қазақтардың мәдени коды және толеранттылық» тақырыбында баяндама жасады. Қатысушы ғалымдар мен жоғары оқу орнының оқытушылары тың ұсыныстарды ортаға салды.
***
Дәл осы уақытта жоғарыда аталған ғылыми кітапханада Қазақстан халқы кәсіби емес медиаторларына арналған семинар-тренинг өтті. «Медиация – рухани қатынастар құру алаңы» тақырыбындағы шараны «Согласие» Халықаралық медиация және құқық орталығының кәсіби медиаторы, медиаторлар тренері Күлпаш Шалболова жүргізді.
Жалпы бүгінгі заман талабына сай қолданысқан енгізіліп отырған медиация әдісі, яғни сот алаңынан тыс бітімгерлік шарасы біздің халқымызға әу бастан жат емес. Қазақ тарихындағы билердің тұсында ел ішіндегі дау-дамайдың барлығы бітімгерлік әдісімен әділ шешімін тауып, елдің бірлігі мен берекесі бұзылмаған.
Семинардың тренері Күлпаш Жаниязқызы жиынға қатысушыларға Елбасы ұсынған рухани жаңғыру үлгісінің бір көрінісі – медиация әдісінің мән-мағынасы жайлы тарқата түсіндіріп, өз тәжірибесімен бөлісті. Бүгінгі таңда халықаралық деңгейдегі даулы мәселелерді шешуге араласып жүрген кәсіби медиатор 2011 жылдан бері 76 даулы мәселені медиация әдісімен қарап, оң шешім тапқанын айтты.
Семинар барысында кәсіби емес медиаторлар өздерін толғандырған көптеген сауалдарға жауап алды. Сонымен бірге, оларға арнайы сертификаттар табысталды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы».