
Қызылордада Ақтөбе облысының мәдениет күндері өтеді
АЙМАҚ ТАРИХЫ
Ақтөбе облысы – Қазақстанның солтүстік-батыс өңірінде орналасқан. Терістігінде – Ресей Федерациясының Орынбор облысымен, оңтүстігінде – Өзбекстан Республикасының құрамындағы Қарақалпақстанмен, батысында – Маңғыстау облысы, Атырау және Батыс Қазақстан, шығысында – Қостанай, оңтүстік-шығысында – Қызылорда облыстарымен шектесіп жатыр. Осындай үлкен аймақты алып жатқан облыс солтүстіктен оңтүстікке дейін 700 шақырым, шығыстан батысқа дейін 800 шақырым жерге созылған 300 мың шаршы шақырым аумақта орналасқан. Облыс 12 селолық, қалалық және әкімшілік аудандарға бөлінген. Аумағында 6 қала, 2 кент бар. Әкімшілік орталығы – Ақтөбе қаласы.
МӘДЕНИЕТ САЛАСЫ
Ақтөбе қаласы еліміздің батыс өңірінің ірі мәдени, білім және ғылым орталығы болып саналады. Қалада 11 жоғары, 16 арнаулы оқу орны бар. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университеті, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина академиясы, Ақтөбе жоғары әскери авиация училищесі және т.б. тек қана Қазақстанға ғана емес, шетелдерге де танымал оқу орындары бар. Қалада қазақ және орыс труппасы істейтін драма театры, қуыршақ театры, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Кеңестер Одағының батыры Әлия Молдағұлова атындағы мұражайы қызмет істейді.
ТОҒЫЗ ЖОЛДЫҢ ТОРАБЫ
Географиялық жағынан қолайлы орналасқан Ақтөбе облысында транспорт байланысы желісі жақсы дамыған. Орал және Маңғыстау, Орта Азия және Еуропаға қарай маңызды бағыттағы теміржолдар 1000-нан астам шақырымға созылып жатыр. Облыс территориясы арқылы «Шымкент-Самара» трансконтинентальді автокөлік магистралі өтеді. Ақтөбе халықаралық әуежайы Қазақстанның батыс өңірі бойынша әуе қозғалысын басқаруда қазіргі заманғы автоматтандырылған жүйемен жарақтандырылған
ӨНЕРКӘСІПТІ ӨҢІР
Ақтөбе облысы теңдессіз минералды-шикізат базасын иеленіп жатыр. Оның территориясында көмірсутекті шикізатының, (мұнай, газ және газ конденсаты) Қазақстан территориясындағы барланған қорының 10% және болжамды ресурстарының 30%, сондай-ақ, республикадағы жалпы қордан отандық хромның барлық қоры, никель – 55%, титан – 40%, фосфор – 34%, мырыш – 4,7%, мыс – 3,6%, алюминий – 2%, көмірдің 1,4% жинақталған. Облыс әлемде хром рудасы қорының – 400 млн. тн. шамасымен бірінші орынды, Қазақстанда мыс рудасынан – 100 млн. тн. (құрамында таза мыс – 1,5 млн.тн.) және өндірістік мұнай қоры – 900 млн. тоннасымен үшінші орынды, газ қорынан Республика бойынша төртінші орынды иеленеді. Облыс Қазақстандағы ірі өнеркәсібі дамыған аймақтардың бірі болып саналады. Облыстағы экспортқа бағытталған ірі кәсіпорындары — «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» ААҚ, «Казхром» ТҰҚ ААҚ құрамындағы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты және Дөң тау-кен байыту комбинаты, «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» ААҚ, «№406 ГА авиажөндеу зауыты», «Ақтөберентген» ААҚ өнімдері таяу және алыс шетел рыноктарында кеңінен танымал. Облыс тау-металлургия, химия, мұнай өнеркәсібі және аспаптық жабдықтаудың қуатты базасы саналады. Қазақстанның барлық хром рудасы, хром тұздары өндірісі, рентгенаппаратура және республика бойынша өндірілетін ферроқорытпаның 45%-н шығаруды топтастырды. Өнеркәсіп өндірісінде түрлі меншіктегі 686 шамасында кәсіпорын істейді, оның 545-і Ақтөбе қаласында орналасқан. 2002 жылы олардың шығарған өнімдері 139,3 млрд. теңгені құрады.
БАҒДАРЛАМА
23 сәуір
12.00 – "Тамыры терең, тарихы кенен Ақтөбе!” – С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрмесі
(Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханасы)
17.00 – "Сұлу сырға шашу!” облыстық "Алақай” қуыршақ театрының мультишоуы;
– "Жұлдызды әлемге саяхат” оңтайлы сандық планетарий бағдарламасы
(Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры алаңы)
17.30 – "Айшықты өрнектер галереясы” ақтөбелік суретшілердің және ҚР Суретшілер одағының мүшесі М.Габдрахмановтың шағын пішінді мүсіндер көрмесі.
(Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры фойесі)
18.00 – "Арайлы Ақтөбеден – жыр дариясы Сыр еліне!” Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның салтанатты Гала-концерті
(Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры)
24-26 сәуір
09.00 - 18.00 – "Жұлдызды әлемге саяхат” оңтайлы сандық планетарий бағдарламасы
(Қалалық жалпы білім беретін оқу орындары)
10.00-16.00 – В.Тихвинский "Ат тұяғын тай басар” "Алақай” қуыршақ театрының спектаклі
(Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры, 24 сәуір)
(А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйі, 25 сәуір)
19.00 – "Кездесейік...” ҚР еңбек сіңірген қайраткері М.Әйтімовтің шығармашылық кеші
(А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйі, 24 сәуір)
(Жалағаш ауданы, 25 сәуір)
19.00 – "Арайлы Ақтөбе” фольклорлық ансамблінің концерті
(Қазалы және Арал ауданы 26-27 сәуір).