МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕШЕЛІК ӘРІПТЕСТІК Сыр спортында серпін алды

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов өңірімізде болды.

Өткен аптада олимпиадалық комитет өкілдері жұмыс сапарын Жаңақорған, Шиелі аудандарында жалғастырып, спорт ұйымдарының жұмысымен танысты.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Акимов өңірде дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар жалпы тұрғындар үлесінің 27 процентін құрап отырғанын айтты.

– Жоғары білікті спортшылар мен жаттық­тырушыларды қолдау мақсатында 26 спортшы мен 2 жаттықтырушыға облыстық бюджеттен ай сайынғы стипендия тағайындалған. Облыста саланың материалдық-техникалық базасын жақсартуға байланысты жұмыстар тұрақты қолға алынған. Былтыр облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға Қазалы ауданының Жанқожа батыр, Жалағаш ауданының Мә­дениет, Сырдария ауданының Ақжарма, Ши­елі ауданының Еңбекші, Жаңақорған ауда­нының Түгіскен ауылдарында және Арал ауданының Сексеуіл, Қармақшы ауданының Төретам кенттеріндегі спорт кешендері биыл пайдалануға берілді. Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионның қосалқы алаңы қайта жаңғыртылды. 2017 жылы Қызылорда қаласында 24 «STREET WORKOUT» алаңдары салынды, – деді Олжас Азатұлы.

Елсияр Қанағатов атап өткендей, еліміздегі спортшыларымыздың 80 проценті ауылдан шыққан. Сол үшін ҰОК еліміздегі олимпиадалық спорт түрлерін одан әрі дамыту үшін алға үлкен жоспар құрып отырғанын айтты. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекешелік әріп­тестік аясындағы жобалардың қарқынды жүргізіліп жатқанына ризашылығын жеткіз­ді. Өткен жылы Қызылорда қаласында «Тарлан» дене шынықтыру-сауықтыру кешені жә­не «Мерей» шағын ауданында спорт ке­шені, ал биыл Шиелі ауданының Алғабас, Ақмая ауылдарында спорт кешендері пай­дала­нуға берілгені қуантады. Жыл аяғына дейін Жалағаш кентінде және Таң ауылдық округінде, Жаңақорған кентінде және Сүт­тіқұдық ауылдық округіндегі дене шынық­тыру-сауықтыру кешені, Шиелі ауданы Бестам, Төңкеріс және Керделі ауылдық округ­терінде спорт кешендерін жалға алу жобалары жүзеге асырылады. Былтыр мемле­кеттік-жекешелік әріптестік аясында 4 жоба іске асса, биыл 7 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Делегация мүшелері Жаңақорған ауда­нындағы №7 олимпиадалық резервтің маман­дан­дырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде болды. Онда 14 спорт түрі бойынша 1215 бала баскетбол, волейбол, бокс секілді спорт түрлерімен айналысады. 70 адам жұмыспен қамтылған, оның 34 қызметкері – жаттықтырушылар. Тірек елді мекендердің қатарындағы Түгіскен ауылдық округінде жаңа және ескі дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бар. Бұл жерде делегация мүшелері облыстық, республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпаз спортшыларымен кездесті. Комитет өкілдері жергілікті спортшылармен еркін сұхбат құрды.

Спорт дирекциясының директоры Е.Қана­ғатов Ұлттық олимпиадалық комитет қызметінің жаңа бағыттары мен олим­пиадалық спорт түрлерін дамытуға байланысты қабылданған шаралармен таныстырып, қатысушыларды толғандырып жүрген түйткілді мәселелерге байланысты берілген сұрақтарға толыққанды жауап берді.

– Қазақстанның ҰОК еліміздегі олимпиа­далық спорт түрлерін одан әрі дамыту үшін алға үлкен жоспар құрып отыр. Осы орайда аймақтардың қолдауы мен қызығушылығына көп нәрсе тәуелді. Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы Тимур Құлыбаевтың тапсырмасымен біз үш ай көлемінде еліміздің бар аймағын аралап, облыс басшыларымен кездесіп, аймақтағы олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға не кедергі екенін анықтайтын боламыз. Ең шалғай аудандар да ұмыт қалмайды. Біз спорттың шын мәнінде дамып, бұқаралық сипат алып, қолжетімді болғанын қалаймыз, – деді Елсияр Қанағатов.

Түс ауа Шиелі ауданына жеткен делегация №9 аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде өтіп жатқан қазақ күресінен 2003-2004 жылы туылған жасөспірімдер ара­сындағы Бала би атындағы республикалық тур­нирге қатысты.

Ұйым өкілдері Қызылорда облысындағы жұмыс сапарын сала мамандарының қаты­суымен өткен мәжілісте қорытындылады.

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы».

Жаңақорған, Шиелі аудандары.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 тамыз 2018 г. 519 0