Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы індетінен 38 жастағы жаңақорғандық азаматша қайтыс болды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Махамбетова мәлімдеді.
– Биыл осы кезге дейін облыста кене шағуға байланысты 938 жағдай тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28 процентке төмендеп отыр. Алайда, тіркелгендердің ішінен 9-ы Конго-Қырым безгегіне күдікті деп танылды. Оның ішінде 5-і болжамды, 2-і ықтималды, 2-і нақтыланған болатын. Нақтыланған жағдайдың бірі – осы жаңақорғандық азаматша. Ол кісі 29-шілде күні ауруханаға түсіп, емдеу жұмыстары жүргізілді. Өкінішке орай, дәрігерлік көмек көрсетілгенімен, өмірін сақтап қала алмадық, – деді ол.
Кененің көп кездесуі жөнінен аймақта жоғарғы көрсеткішті Жаңақорған ауданы мен Қызылорда қаласы көрсетуде. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша өңірде 2014 жылы – 3, 2015 жылы – 31, 2016 жылы – 19, 2017 жылы 21 жағдай тіркелген. Бүгінгі күні екінші науқастың жағдайы жақсы, дәрігерлік бақылауда. Ал, қайтыс болған азаматшамен байланыста болған жандарға эпидемиологиялық тексерістер жүгізілуде.
М.ОТАРАЛЫ.