Жаппай кәсіпкерлікті қолдау: Игі бастама үш жылға ұзартылды

  Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыста жария­ланған «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» аясында «Кәсіпкерлер үйін» таныстыру, кәсіпкерлік саласының дамуы мен өзекті мәселелерін талқылау мақсатында жиын өтті. Жиынға облыстық мәслихат, «Нұр Отан» партиясы, Қоғамдық кеңес, қала және аудан әкімдіктері, барлық мүдделі мемлекеттік органдар, қаржы институттары, өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен бизнес-қауымдастық өкілдері қатысты.

Облыста  2018-2020 жылдары жаппай кәсіпкерлікті дамы­тудың үш жыл­дығы деп жарияланды.

Жаппай кәсіпкерлікті дамы­ту, тұр­ғындарды жұмыспен қамту мәсе­лелерін шешу және жалпы ішкі өңір­лік өнімдегі шағын және орта биз­нестің үлесін көбейту үшін Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында облыс әкімдігі, мәс­лихат, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиа­лы, қоғамдық кеңес пен кәсіпкерлер па­латасының бірлескен шешімінің нә­ти­­жесінде осындай байлам жасалды. Облыс әкімі бұл кезеңде бі­рін­­ші басымдылық аймақта жаппай кәсіпкерлікті дамытуға берілетінін атап өтті.

– Мен бұған дейін бірнеше рет жаппай кәсіпкерлікті дамыту арқылы бір уақытта 3 маңызды мәселені бірден шешетінімізді айтқан болатынмын. Біріншіден, ол салық базасының ұлғаюы, екіншіден, жаңа жұмыс орындарының құрылуы, үшіншіден, қо­ғам­дық-саяси ахуал тұрақтылығының жақ­саруы. Мұны дамыған елдердің тәжірибесі растайды.

Неліктен жаппай кәсіпкерлік дейміз? Себебі, бізде міндетті түрде жұмыспен қам­ту қажет 64 мыңнан аса жұмыссыз және өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған азамат бар, – деді аймақ басшысы.

Аталған азаматтардың басым бөлігі ауылдық жерлерде тұрғандықтан, ол жерлерде ірі өндірістің дамуы қиындау. Демек, тек қана шағын және орта бизнес арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, мәселенің шешімін табуға болады.

Бүгінде еліміздегі экономикалық бел­­­­сенді халықтың үштен бір бөлігі қосым­ша құн салығын өндірмейтін (НДС), қо­­ғам­­дық өмірден тысқары тұрған «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» азаматтар. Об­лыс әкімі көлеңкелі кәсіппен айна­лысатындардың қызметтерін заңдас­ты­рып, экономикалық айналымға барынша тартудың  маңыздылығын атап өтті. Осыған орай, әсіресе шағын және орта бизнесті қолдаудың күшейтілуі – орта класстың негізі болып саналатын кәсіпкерлікті да­мы­тудың алғашқы қадамы болмақ. Ғалымдардың айтуынша, орта-кіші бизнес қоғамдағы бай мен кедейлерді теңестіретін жалғыз күш болып саналады.

Облыста экономика құрылымының 67 процентін тау-кен өндіру, мұнай және уран компаниялары құрайды. Облыс әкімі соңғы жылдары мұнай компаниялары өздерінің инвестициялық бюджеттерін биылғы және келер жылдарға да едәуір қысқартқанына тоқталды.

– Бұл – барлау жұмыстарына, өндірістің болашағына жұмсалатын шығынды қысқарту деген сөз. Сонда біздің облысымыз үшін экономикалық өсудің ең негізгі қозғаушы күші не? Әрине, индустрияландыру, әртараптандыруға негізделген өңдеу өнеркәсібін дамыту. Шағын және орта бизнесті, әсіресе микробизнеске қолдауды күшейту.

      Осыған байланысты, өткен жылы біз республикада бірінші болып «бір терезе» қағидасымен толыққанды жұмыс істейтін Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын құрдық. Бүгінде біздің тәжірибемізді басқа да өңірлер қолдануда, – деді аймақ басшысы.

Бизнесті дамыту мәселелеріне жетекшілік ететін әкім және оның орынбасары жаппай кәсіпкерлікті дамытуға жеке жауапты. Ал оның орынбасарлары болып аудандық және қалалық кәсіпкерлер палаталарының, қалалық және аудандық кәсіпкерлік бөлімшелерінің басшылары бекітіледі. Биыл осы мақсатқа арнайы Жол картасы аясында әртүрлі қаржы көздерінен 32 млрд теңге қаржы бөлінген. Мұнан өзге, облыстағы барлық ауылдық округтеріне жаппай кәсіпкерлікті дамытуға көмек ретінде өңірлік деңгейдегі басшылар тағайындалған. Олар жергілікті жердегі әріптестеріне «Мен сияқты жұмыс жаса» қағидасын ұстанып, үлгі көрсетуі тиіс.

Ал «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы билік партиясы ретінде олардың шынайы үлесін, атқарған жұмысын бағалайды.

– Үш жылдың аясында біз тек қана кәсіпкерлікті дамытумен ғана емес, елдің еңсесін көтеретін саяси, экономикалық және әлеуметтік маңызды мәселені түбегейлі шешеміз, - деді облыс әкімі.

Жиын соңында аймақ басшысы бұл жұмысқа саяси баға берілуі тиістігін,  мәселеге салғырттық пен жауапсыздық танытуға болмайтынын нықтап айтты.


Мұнан кейін облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен кәсіпкерлік жылы мәселесі бойынша селекторлық жиын өтті.

Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бір уақытта 3 маңызды мәселені, сондай-ақ, жұмыссыздар мен өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған азаматтарды жұмыспен қамту мәселесін шешеді. Осы мақсатта өңірде Бірыңғай жол картасы әзірленген болатын.

Жиында облыс әкімі Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша бірыңғай жол картасындағы 5 негізгі көрсеткішке тоқталды.

Бірінші көрсеткіш – жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің санын 40 мыңға дейін ұлғайту. Бүгінде аталған көрсеткішке қол жетсе де, тоқтап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны өсуде. Жұмыс жасап тұрған субъектілердің үлесі 77,7 пайызды ғана құрайды. Ал облыс жыл қорытындысымен нақты жұмыс жасап тұрған субъектілердің үлесі бойынша мұнан жоғары көрсеткішті бағындыруы қажет. Осы орайда, аймақ басшысы жеке кәсіпкер, жеке құрылым ретінде тіркеліп, бірақ жұмыс істемейтіндерді сынға алды.

Жол картасындағы екінші көрсеткіш бойынша, микро, шағын және орта бизнесте кемінде 90 мың тұрақты жұмыс орнын құру қажет.

  – Бүгінгі күні шағын және орта бизнес саласында 83 мың адам жұмыспен қамтылған. Жыл соңына дейін кемінде 7 мың жаңа жұмыс орнын құру қажет.

Ол үшін микробизнестің, орта-кіші бизнестің дамуына және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді, әсіресе «Старт ап» жобаларды қолдауға ерекше көңіл бөлу керек.

Біз республикада бірінші болып жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың микронесиелерді алу арқылы өз кәсіптерін ашып, жүргізуі үшін Өңірлік инвестициялық орталықты құрдық. Жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың жұмысқа орналасуы бойынша барлық мүмкіндіктерді пайдалану керек. Оған қоса, Өңірлік инвестициялық орталықтың, кәсіпкерлер палатасы мен халықты әлеуметтік қорғау органдарының өзара тығыз қарым-қатынасын қамтамасыз ету қажет, − деді аймақ басшысы.

Бүгінде жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясында 100 айлық есептік көрсеткішке дейін (240 500 теңге) қайтарымсыз гранттар қаралған. Мәселен, шағын тігін немесе ыстайтын (коптильный) цех ашу үшін жұмыссыз азаматтарға қажетті жабдықтар және еңбек құралдарын алуға болады.

Облыс әкімі осыған сәйкес, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өңірлік кәсіпкерлер палатасы және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, тез арада комиссия құрып және аталған қаражаттың ашық берілу тетігін анықтап, ең алдымен ондай көтермелі (льготный) қаражатты «Старт ап» жобаларға, сондай-ақ отбасылық бизнестің дамуына беру керектігін айтты.

Үшінші көрсеткіш бойынша, облыс өткен жылдың қорытындысымен 2 млн. теңгеден астам жылдық айналымы бар 8 мың 327-ден астам шағын және орта бизнес субъектілерін құру қажет. Қазіргі таңда  бұл көрсеткішке кәсіпкерлердің салық органдарына өткен жылға қосымша декларацияларды тапсыруы арқылы қол жеткізілген. Ал биылғы жоспар – 2 млн. теңгеден астам жылдық айналымы бар 9 мыңнан аса шағын және орта бизнес субъектілерін құру.

Төртінші көрсеткіш бойынша, облыс жалпы қосылған құндағы (ВРП) шағын және орта бизнестің үлесін жыл қорытындысымен кемінде 192 млрд. теңгеге жеткізу тиіс. Айталық, қала және аудан әкімдері электрондық сауданы еселеп дамытуы керек.

Аймақ басшысы әкімдер тұтынушылардың қолма-қолсыз төлемі үшін шағын және орта бизнесте қанша «Пос-терминалдар» бар екендігін, электрондық сауданың қандай деңгейде дамып жатқандығын нақты білуі керектігін атап өтті. Сондай-ақ, бұл мақсаттарға жету үшін барлық деңгейдегі әкімдер салық органдарымен бірлесіп «қолма-қол ақша табуға» үйренген кәсіпкерлерді көлеңкеден шығарып, «пос-терминалдарды» орналастыру бойынша екінші деңгейлі банк филиалдарының басшыларымен бірлесу керек.

Жол картасындағы бесінші көрсеткіш бойынша облыс ағымдағы жылдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін кемінде 15 пайызға ұлғаюына қол жеткізуге тиіс.

Өткен жылдың қорытындысымен шағын және орта бизнестің үлесі 13,8 пайыз болу жоспарланған болса, ол 13,3 пайызды құраған. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға  3 жыл ішінде шағын және орта бизнестегі жалпы өңірлік өнімнің үлесін 25 пайызға дейін күрт ұлғайту керектігін және бұл негізгі тапсырма екенін нақтылады. Сондай-ақ, жиын барысында барлық аудан және Қызылорда қаласының әкімімен жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін ұлғайту мәселесін талқылап, нақты тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімі мемлекеттік қолдау алып отырған барлық кәсіпкерлер салық төлеуге міндетті екені баса айтты. Бұл қала және аудандар мен әрбір ауылдық округтер әкімдерінің жауапкершілікті жұмысы. Осы орайда жергілікті жерге бекітілген жауапты тұлға – облыстық мемлекеттік орган басшылары да өздерін көрсетуі қажет.

– Өңірлік инвестициялық орталық арқылы немесе қаржы институттары арқылы несие алып, бірақ несиесін қайтармай отырған ауылдық округ болса, онда оны қаржыландыруды тоқтатамыз. Бұдан бөлек, кәсіпкерлікке жетекшілік жасайтын қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары жаппай кәсіпкерліктің дамуына жеке жауапты. Ал олардың ықпалды орынбасарлары аудандық кәсіпкерлер палатасы мен қала және аудандық кәсіпкерлік бөлімдердің басшылары болуы қажет,  − деді облыс әкімі.

Жиында айтылғандай, облыста кәсіпкерлікті жаппай дамыту бойынша үш жылдық жұмыстар одан әрі жандана түседі. Себебі, бүгінгі нарықтық заманда әрбір ауылдың, әулеттің  әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту тек қана жаппай кәсіпкерлікті дамыту арқылы ғана мүмкін болмағын уақыт көрсетіп отыр.


Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 тамыз 2018 г. 751 0