ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР "ШАБДАЛЫ" КӨРКЕМ ФИЛЬМІН ТАМАШАЛАДЫ

 Қызылорда қаласында кеше белгілі жырау Алмас Алматовтың «Шабдалы» әңгімесінің негізінде түсірілген көркем фильмнің тұсаукесері өтті. “Асыл арна” телеарнасының төл туындысы көрермен көзайымына айналып та үлгерді.
Түсірілімі Жетісайда басталып, Шымкент пен Түркістанда жалғасқан туынды идеясының авторы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабек. Режиссері – Жандос Құсайынов.
«Шабдалы» фильміндегі негізгі оқиға 2000-жылдары болған. Табысты заңгер болуды армандаған астаналық жоғары оқу орнының студенті оқу бітірген соң анасына ескертпей, Жетісайдың азаматына тұрмысқа шығады. Бойжеткеннің анасы бұл әрекетке аса қуана қоймайды, себебі, қызының мансап құрып, жоғары қызметте істейтінінен үмітті еді. Әйел қолынан келгеннің барлығын жасап, қызын үйге қайтарудың амалын жасайды.
Кейіпкерлерді Шолпан Елгезекова, Дархан Манақов, Айдана Қызылқұлова, Жарас Ахметов, Абай Аязбаев және т.б. сомдады.
Жерлесіміз Алмас Алматовқа бұл әңгімені марқұм анасы айтып берген екен. Әңгіме кейіпкері – қызылордалық қыз. Айта кетейік, «Шабдалы» әңгімесі өткен жылы облыстық «Сыр бойы» газетінде жарияланып, оқырманның жылы бағасын алған еді. Бүгін көркем фильмді тамашалауға жиналған көрерменнің көптігі соншалық кинотеатрда бос орын болмады. Бір бөлігі, тіпті түрегеп тұрып тамашалады. Қызылордалықтар көркем фильмнен жақсы әсер алғанын айтуда.

Фариза Омарова
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 тамыз 2018 г. 559 0