« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Әр өңірдің көркеюі мен өскелең талапқа сай өркен жаюы жалпы еліміздің даму барысын аңғартады. Мемлекет басшысы да елді мекендердің өркениет талабына сай сәулеттенуін басты назарда ұстап отыр. Осы бағытта әр аймақта тіректі ауылдар іріктелгені анық. Шиелі ауданына қарасты Еңбекші ауылы осы тізімнің бел ортасында тұр.
Қарт Қаратау етегіндегі Еңбекші ауылдық округінің өзіндік ерекшілігі бар. Негізгі тірлігі мал шаруашылығы болғанымен, ауыл тұрғындары егін салудан да кетәрі емес. Еңбекші екі елді мекеннен тұрады. Еңбекші және Қосүйеңкі елді мекені.
Ауылдық округ бойынша 1 орта мектеп, 1 негізгі мектеп, фельдшерлік пункт, дәрігерлік амбулатория, клуб үйі, кітапхана, пошта бөлімшесі, 2 жеке балабақша тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Міне, осы тіректі ауылға жуырда жолымыз түскен еді.
Жаңадан салынған құрылыс басында болдық. Бұл – 90-орындық балабақшаның ғимараты. Оның жобалық құны 296 млн теңге. Ғимарат, расында да, берік әрі сәулетті. Ілгеріде мұндай ғажап құрылыстар шеткі ауыл түгілі, аудан орталықтарының өзінде тұрғызыла бермейтін еді ғой, міне, тәуелсіз мемлекетіміздің тұрғындарына деген қамқорлығының бір парасы. Осы жерде ауыл әкімі Бейімбет Омаровпен де жүздесудің сәті түсті.
– Жұртшылық кеңінен хабардар, өткен жылы елді мекенімізде дәрігерлік амбулатория салынып, толық пайдалануға берілді. Ауылдастарымыз оның қызметін тиімді пайдаланып, аудан орталығына әрі-бері шапқылаудан құтылды. Бұл үшін көпшіліктің ризашылығы зор. Сондай-ақ, 150 орындық ауылдық клуб үйі мен 120 орындық спорт кешені пайдалануға берілді. Бұл енді ауылымыздың тіректі елді мекен қатарында болғандығының игі әсері. Елбасымыздың көреген саясаты мен елге деген қамқорлық аясы осындай нақты жұмыстар арқылы баянды болып келеді, – дейді ауыл әкімі.
«Жас келсе, іске» демекші, осыдан екі-үш жыл бұрын сайланбалы жолмен ауыл басшылығына тағайындалған жігіт өзінің үлкен ортада қызмет істеп, іскерлік қабілетін шыңдай түскенін көрсетті.
Халықты жұмыспен қамтуда жақсы нәтиже бар екен. Округте жүзден астам кәсіпкерлік нысан тіркелген. Ауыл шаруашылық кооперативі жұмыс жасайды. Өткен жылдың өзінде жаңадан 8 жеке кәсіпкер, 3 шаруа қожалығы, 1 ауыл шаруашылығы кооперативі, 2 такси қызметі іске кіріскен.
Айталық, осы жылы Дастан Мақсұтханұлы ірі қара малын өсіруге өңірлік даму орталығынан 3 млн теңге несие алып, жұмысын бастапты. «Таубай» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлан Ібішев «Наурыз Демнен» 10 млн теңге несие алып, асылтұқымды қой шаруашылығын дамытуға үлес қосуда. «Ақманас» азық-түлік дүкені жеке кәсіпкер Мұханбетәлі Ермахановтың өз қаржысы есебінен ашылған. «Керімбеков Орал» шаруа қожалығы да осындағы жаңа еңбектің көзі. Сондай-ақ, кәсіпкерлік саласын жете меңгеру ниетінде «Бастау-Бизнес» және «Бизнес кеңесшісі» жобаларымен көптеген азаматтар білім алуға ниет білдірген.
Облыс әкімі айтып жүргеніндей, қазіргі уақыт өте жылдам, жаңалықтардың легіне ілесу үшін әр адамның ізденіс үстінде өзін жетілдіріп отыруы талап етіледі. Осыны еңбекшіліктер салмақты ұстанымға айналдырған секілді. – Біздің бір мақсатымыз – жаңа жұмыс орындарын ашып, жақын елді мекендегі жұмыссыз азаматтарды осы елді мекенге тарту. Ол үшін кәсіпкерлік, мал шаруашылығын дамыту бағытында жұмыстар жүргізілуде, – дейді ауыл әкімі өз сөзінде.
Байқағанымыздай, Еңбекшіде бұған толық мүмкіншілік бар. Оның бір дәлелі елді мекен жерінде ванадий өндірумен айналысатын зауыт жұмыс істеп тұр.
Аудан әкімі Әшім Оразбекұлының талабына сай елді мекенге кіреберіс жерге ағаш егу, көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілген. Әрбір істегі жүйелілік, ұқыптылық көңіл тоғайтады.
– Еңбекшінің жаңара түскеніне қуанамыз. Әр келгенде халықтың тұрмысын, кейінгі жылдары жасалған қыруар істі көріп, тәуелсіздіктің жемісіне марқайып, кемел келешекті көреміз. Бұл енді ауылдың дамуы, ал ауыл дамыған жерде қазақ өркениеті өрістей береді, – дейді кезінде Еңбекші кеңшарында директорлық қызмет атқарған Шиелі ауданының құрметті азаматы Жамалхан Баетұлы.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы, Еңбекші ауылы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |