Қызылордада 11 жастағы қыздың екінші кітабы шығады

Қызылордада 11 жастағы қыз екінші кітабын жарыққа шығарады, деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасы. 
Телеарнаның мәліметінше, қызылордалық Алтынай Берік - 50-ден астам ертегінің авторы. 6 сыныпқа көшкен қаршадай қыздың жуырда алғашқы кітабы жарық көрген. Алтынай ертегімен қатар өлең шығарып, әңгіме құрастырады. Жеті жастан бері өз ертегісін құрастыруды бастаған ол ой тұңғиығындағы бейне, кейіпкерлерді әуелі сурет қылып салады. Содан кейін қағаз бетіне түскен бедерге тіл бітіріп, ертегі желісін жазады. Ол аллегориялық теңеу, яғни жан-жануарлардың іс-әрекеті арқылы достық, қайырымдылық секілді қасиеттерді жеткізеді.
"Менің көп достарым кітап оқымайды деп айта алмаймын, бірақ олар кітап, газет-журнал оқығаннан гөрі ғаламторға кіргенді ұнатады деп ойлаймын. Сол себепті достарымды кітап оқуға шақырамын", - деді ертегіші Алтынай Берік. Аймақ басшысының қолдауымен басылып шыққан алғашқы 62 беттік жинаққа 32 ертегі, 13 өлең және 10 шақты әңгіме кірген. Дарынды өреннің қазірде екінші кітабы қатталып жатыр.
 Жас жазушының қарымын байқаған өнертанушы, әдеби сыншылар бұл шығармалардың балалар әдебиетінде орны ерекше екенін айтады. "Балалар әдебиеті жоқтың қасы. Қазақ шығармаларында кілең орысша киіндіріп қойған балалар. Сөздері түсініксіз, оқулықтар нашар. 11 жастағы бала 2 кітап жазды дегенге таңғалып отырмын. Мен бірінші рет көріп отырмын, бұл зор байлық. Мың дана аз, 10 мың дана шығару керек. Әр отбасыға осы кітап керек. Безендіруі, көркемдігі, түрлі-түстілігі, дизайны өте жоғары деңгейде істелген кітап екен", - деді өнертанушы Бекжан Махамбетов.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 шілде 2018 г. 606 0