Жаңақорғандық шаруалар баламалы қуат көзін пайдаланады

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Жайылма елді мекеніндегі «Ақбота-2» шаруа қожалығының төрағасы Қайрат Мұсатаев күн энергиясынан қуат алатын қондырғы орнатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төрт түлікті түлетіп жүрген азамат осылайша жаңа технологияға ерекше мән беріп, соның зор игілігін көріп отырған жай бар.  Шаруа қожалығының басшысы қазір «Ескітоған» жайлауында мал жағдайын жасап отыр. Жайлау басында төрт бөлмелі үй салып алған. Онда теледидар, тоңазытқыш секілді техникалық бұйымдар күн энергиясы көзінен қуат алатын қондырғы арқылы жұмыс жасап тұр. «Жаңақорған жері - баламалы қуат көзін алуға таптырмас мекеннің бірі. Оған жыл он екі ай мол мүмкіндік бар. Рас, баламалы қуат көзін кәдеге асыру үшін бастапқыда шығын шығаруға тура келеді. Десе де кейіннен сол игіліктің жақсы тұстарын көресің. Қазір біз 8 күн батареясынан жиналған баламалы энергия қосымша орнатылған 6 қуат жинағыш құрылғыға жетеді. Сол арқылы қуат көзін алып отырмыз. Бұл бізге өте тиімді», - дейді Қайрат Мұсатаев. Қожалық басшысы аталмыш жабдықтарды жақында Қызылорда қаласынан сатып алған. Оны мамандар арнайы келіп орнатып беріп кеткен. Өз қалтасынан шыққан қаржыға ол 8 дана күн энергиясы панельдері мен қосымша құрылғыларын сатып алған. Осындай игілікке аталмыш ауданның Қыраш ауылында тұратын Жалбызбай Итаяқов та қол жеткізіп отыр. Ол баламалы қуат көзінен алатын энергия арқылы үлкен аумақты жасыл баққа айналдырып отырған жайы бар. 


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 шілде 2018 г. 651 0