« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
«Облыс орталығында жер учаскесін алуға бүгінгі күні 60 мыңдай адам кезекте тұр. Тиісті құжаттарға сәйкес жеткізілген инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымы бар жер учаскелерін бөлу қарастырылған. Алайда, Қызылорда қаласы мен оның инфрақұрылымы болашақта тек азқабатты жеке құрылыс есебінен ғана дами алмайды». Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қызылорда қаласының инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланған мәжілісте осылай деді. Сондай-ақ аймақ басшысы: «Инфрақұрылымды дамытуда қаладағы тұрғындардың орналасу жиілігі өте төмен де, өте жоғары да болмауы тиіс деген ереже бар. Егер адамдар аз болса, онда инфрақұрылым өте қымбат болады, ал, қызмет көрсету (сервис) дамымай қалады. Сондықтан, біз Қызылорда қаласы инфрақұрылымының алдағы дамуына көпқабатты және азқабатты құрылыстардың үйлесімділігі қолайлы деп білеміз» деп тағы бір нақтылады.
Қазір Қызылорда қаласында мұндай үйлесімділік анық байқалады. Жалпы Сыр елінің бас шаһары соңғы жылдары қарқынды құрылыс алаңына айналғанын, оның ерекше сипатта дамып келетінін бәріміз де көріп жүрміз. Әлеуметтік және басқа да бағыттағы нысандарды айтпағанда мемлекеттік тұрғын үй құрылысы ерекше жанданды. Егер бізде 2013 жылы 270 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, өткен жылдары бұл көрсеткіш 600 мың шаршы метрден асып түсті. Яғни, екі есе көп берілген. Нәтижесінде, облыс орталығының өзінде ғана соңғы жылдары 14 жаңа шағын аудан пайда болды. Ал облыс бойынша 5 жыл ішінде 2 млн шаршы метр тұрғын үй берілді.
Биылғы жылы да Қызылорда қаласында көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы бәсеңдеген жоқ. Деректер не дейді?
Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысы бойынша Сырдария өзенінің сол жағалауында жалпы аумағы 11,7 мың шаршы метрді құрайтын 220 пәтерлік 4 үй, құнды қағаздар шығару есебінен кредиттік тұрғын үй құрылысы бойынша жалпы аумағы 15,2 мың шаршы метр болатын 240 пәтерлі 4 үй құрылысы жүруде.
Дарияның сол жағалауында көз алдымызда жаңа қала пайда болуда. Иә, Қызылорда қаласы болашақта елорда секілді оң және сол жағалауда дамуда. Қазіргі таңда жеке құрылыс компаниялары есебінен мұнда 770 пәтерлік 18 үй бой көтеріп келеді. Олардың жалпы аумағы 59,4 мың шаршы метр. Сонымен қатар қаланың өзге аудандарында, атап айтқанда, «Ер Ару» тұрғын үй кешенінде 88 пәтерлі 1 үй, (9 мың ш.м) «СПМК-70» тұрғын ауданынан 60 пәтерлік 1 үй (4 мың ш.м) А.Иманов көшесі бойынан 55 пәтерлік 1 үй (5 мың ш.м) салынып жатыр.
Ал жалпы алғанда биылғы жылы «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында Қызылорда облысы бойынша 1726 пәтерді құрайтын 42 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы (121,3 мың ш.м) жүргізілуде (оның ішінде жеке құрылыс компаниялары арқылы 866 пәтерлік 21 көпқабатты тұрғын үй – 69,7 мың ш.м). Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысы бойынша Қызылорда қаласынан бөлек Байқоңыр қаласында 250 пәтерлік 5 үй (15,8 мың ш.м), Қазалы ауданында 6 үй, (6,4 мың ш.м), Сырдария ауданында 42 пәтерлік 2 үй (2,5 мың ш.м) салынып жатыр. Сонымен қатар, Арал қаласында апатты жағдайдағы үйлер орнына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 27 үйдің құрылысы басталды. Бұл үйлерді биыл пайдалануға беру жоспарланған.
Жоғарыда келтірілген көрсеткіштердің өзінен өңір тұрғындары алдында берілген уәделердің орындалып келетінін көруге болады. «Біз Астананың үлгісі бойынша өзеннің сол жағалауын игеру арқылы жаңа қала саламыз», деген еді облыс әкімі алғашқы инвестициялық форумдардың бірінде. Сондай-ақ жұлдызды шаһарда қазақстандық тұрғындар үшін баспана құрылысы басталатыны, биылғы жылы Арал қаласында апатты үйлер тұрғындарын жаңа баспанамен қамту туралы сөз іс жүзінде қызу жүріп жатыр.
Ал осы жылдың 1-ші жартыжылдығында облыс бойынша 306 910 шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде тұрғындардың қаржысы есебінен жалпы ауданы 223 231 шаршы метр 1613 жеке тұрғын үй пайдалануға қабылданса, мемлекет пен басқа да қаржы көздерінен жалпы ауданы 83 679 шаршы метр көпқабатты 19 тұрғын үй пайдалануға қабылданды. Үстіміздегі жылдың 6 айының қорытындысымен 21,3 шақырым инженерлік желілер пайдалануға берілді.
2018 жылға бөлінген қаржының ішінде трансферттер есебінен барлығы 13,3 млрд теңге «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға бөлінді. Жалпы бағдарлама аясында биыл 667,4 мың шаршы метр тұрғын үй салу және жаңа тұрғын үй аумақтарына 495 шақырым инженерлік желілер жүргізу жоспарға алынған.
Халықты баспанамен қамту мәселесі – мемлекет үшін қашан да басым бағыттың бірі. Осы мақсатта халыққа жеңілдетілген несиемен үй алу мүмкіншілігін беретін бағдарламалар біздің өңірде тың тәсілдермен әрі қолайлы жағдайда іске асуда. Соның арқасында жылдар бойы жеке баспана күткен қаншама қызылордалық армандарына жетіп, қоныстойын тойлап жатыр. Ал оның жалғаса беретініне сенім зор.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |