МАҢДАЙЫҢ ЖАРЫҚ БОЛСЫН, ҚАЗАҚСТАН!

Биыл Астанаға – 20, Қызылорда қаласына – 200 жыл. Ел байтағының мерейлі мерекесіне Қызылорда облысы зымыран-ғарыш техникасы музейін тарту етті. Оның таныстырылымына  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, Сыр еліне ризалық сезімін жеткізген еді. Елдің рухын көтерген тарихи сәтті жерлесіміз, белгілі айтыскер ақын Мұхтар Ниязов жырға арқау етті.

Дарияның жағасында бір қала бар,

Сырласын іздеген жан Сырға барар.

Шапқылап ойнап-күліп əр аулада,

Шаттықтың тойын тойлап жүр балалар.

Сыр елі бұл кетпейтін естен дара,

Өзгеше боп құлпырып, өскен жаңа.

Екі жүзге толғанда Сырдарияның,

Екі бетін жайлауға көшкен қала.

Елбасы биіктетіп аласамды,

Жиырма жылда ерекше, жаңа, сəнді.

Жұмыр жердің жанарын жалт қаратып,

Жұлдыздай жарқыраған қала салды.

Сырдария мен Есілдің жағасы бай,

Жайнап гүлдеп көрсеткен жаңа шырай.

Қос дүниесі абат болған қазағымның,

Қос тойы қабат келді дəл осылай.

Жасындай жарып өткен бар түнекті,

Байқоңырдың байтаққа даңқы жетті.

Сыр Елі Астанаға құрметпенен,

Ғарыштың символдарын тарту етті.

Ғарышты игерем деп текті, айбатты,

Елбасы көрсетуде көп қайратты.

Көк жүзін бағындырар күн де жақын,

Көтеріп төбемізге көк байрақты.

Еркіндіктің жеткенде жазы алыстан,

Артта қалды дəуірлер аза құшқан.

Мəңгілік ел болуды мақсат тұтқан,

Маңдайың жарық болсын, Қазақстан!

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 шілде 2018 г. 691 0