КООПЕРАТИВ – АУЫЛДЫ ДАМЫТУДЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

Биыл Елбасы Жолдауында бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылығы мен фермерді кооперативтерге біріктіру қажет деген тапсырма берді. Ал «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да ауылдық жерлерде кооперативтік өндірісті дамыту жаңазеландиялық Fronterra және даниялық Arla үлгісімен ұйымдастырылатыны айтылған.
Кооперативтерге бірігу ауласында жекеменшік мал өсіретіндердің шығынын азайтып, табысын еселей түседі. Бүгінде еліміздегі малдың 80 процентке жуығы ұсақ қожалықтар мен үй шаруашылықтарында екен. Міне, осы үлкен әлеуетті іске қосу еліміздің ауыл шаруашылығының өз деңгейінде дамуына жол ашады. Жеке шаруашылықтар техника жағынан, мемлекеттік субсидия алудан кедергілерге кездессе, кооперативтерге мемлекеттік қолдау кеңінен қарастырылып, жеңілдетілген несие беру жұмыстары жолға қойылған. Сондай-ақ, кооперативтік қозғалыс ауылдағы жұмыссыздық мәселесінің шешілуіне ықпал етті. Бұрын ауылдардағы өз-өздерін жұмыспен қамтыған азаматтар енді жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, бұдан былай шаруашылықтары мемлекеттің қамқорлығы мен қадағалауында болатын болды.
Облыс аумағында ауыл шаруашылығын кооперативтендіру жұмыстары бір жүйеге түсіп келеді. Айталық, өткен жылы 342 тонна ет пен 133 тонна сүт өндірсе, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығының өзінде 206 тонна ет, 252 тонна сүт дайындаған. Тарқатып айтар болсақ, өткен жылы облыс әкімі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрімен «Жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалана отырып ауылшаруашылық кооперативтерін құруын, ауыл халқын жұмыспен қамту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету» мақсатында үш жақты индикативті іс-шара жоспары бекітілген еді. Индикативті жоспарды орындау мақсатында облыс бойынша 1250 жеке қосалқы шаруашылықтардың бірігуімен 48 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Нәтижесінде бүгінгі күні 801 отбасылық мал бордақылау алаңдары, 3928 бас сиыр сатып алынып, 385 шағын отбасылық сүт фермалары құрылды. Ал кооператив мүшелерін жеңілдетілген несие қаражатымен қамтамасыз етудің арқасында 1230 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау бойынша Қазалы ауданына қарасты 5 кооператив 382 тонна бақша өнімдерін өндіріп, оның 73 тоннасын Ресейге экспорттаған.
Президент «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында жауапты органдарға ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету керек деген міндет жүктеді. Биыл облыста 5 кооперативке 55,2 млн теңге несие берілген. Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметі бойынша кооперативтерден барлығы 3,5 млн теңге салық түскен.
Облыс әкімі биылғы жылды «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялағандықтан, 250 жеке қосалқы шаруашылықтың бірігуімен 18 кооператив құрылды. Жалпы, биылғы жылдың І тоқсанында коооперативтермен 206 тонна ет, 352 тонна сүт өнімдері өндіріліп, ішкі нарықты қамтамасыз еткен. Бұл көрсеткішті өткен жылғымен салыстырғанда ет 14%-ке, сүт 7 есеге артық. Байқағанымыздай, соңғы жылдардағы статистикалық деректер мен атқарылған жұмыстардың барысы кооперативтер құру ауыл шаруашылығы ісін ілгерілетіп, ауылдарды дамытудың негізі бола алатынын дәлелдеді.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 шілде 2018 г. 570 0