ТАЛАЙҒА ҚАНАТ БІТІРГЕН «ҚАНАТ»

Сал ауруы – өте күрделі кесел. Медицинаның өзі бұл кеселге дәрменсіздік танытып жжатады. Алайда, бұл ауруды емдеуге болатынын жерлесіміз Сәкен Темірқұлов он тоғыз жылдан бері дәлелдеп келеді. Әр баланы аяққа тұрғызуды мақсат еткен Сәкен ағаның бұл табандылыққа баруының да өз себебі бар. Тұңғышы Қанат дүниеге келгенде ол кісі қатты қуанады. Бірақ көп ұзамай баласының сал ауруымен ауыратынын біледі. Студент әке дәрігерлердің алдын тоздырып, бармаған, апармаған жері қалмайды. 1988 жылы Қанат 6 жасында дүниеден озады. Осындай шарасыз күйде қалып, баласын құтқара алмаған өкініші оған ой салады. Баласының қазасынан соң сал ауруын зерттеуге кіріседі. Барлық еңбектерде «емделмейді» деген сөзді көрсе де, қалайда бір жолы болу керек деген оймен үмітін үзбей ізденеді. Ізденісі нәтижелі болды. Бүгінде қаншама жанға қуаныш сыйлап алғыс алуда.
Сәкен Темірқұлов бұл істі алғаш үйінде отырып бастайды. Яғни, балаларды өзі жасаған құрылғылар арқылы үйден емдейді. Келушілер қатары көбейген соң өзге жерлерді жалға алып, жұмысын тоқтатпайды. Тынымсыз еңбегінің арқасында бүгінде екіқабатты сауықтыру орталығын салуда. Ғимаратқа кіргенде қаз-қатар тізілген арбаларды көріп еріксіз көңілің түседі. Орталыққа енгендегі аура мүлдем бөлек. Өмірге құштар, үміттерін үзбеген қайсар балапандардың талпынысы ерекше әсер қалдырады. Бәрінің жанарынан «жүріп кетемін» деген ойды көресіз.
Біз барғанда орталықта 50 бала жаттығу жасап, ем қабылдауда екен. Олардың арасында шет елден келгендерде бар. Көбіне Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Шешенстан қалаларынан келіп ем қабылдайды екен. Бұрын балаларды ғана емдесе, бүгінде Сәкен аға жасаған құрылғылар ересектердің де ем алуына мүмкіндік туғызуда. Оның ойлап тапқан аппараттарының үлгісі әлемде жоқ. Қарапайым темірден жасалса да бүлдіршіндердің аяққа тұрып, жүріп кетуіне үлкен септігін тигізіп отыр. Қазіргі күні 83 аппарат іске қосылған. Бір өкініштісі, осы бір аппараттарға әлі күнге дейін патент алынбаған. Қазіргі таңда республикадан бөлек алыс-жақын шет елдерден  келіп түсетін ұсыныс та көп көрінеді. Бірақ ол өзінің жетістігімен тек жерлестерімен бөліскенді жөн санайды. Өз жерінің, елінің дамуына үлес қосуды ойлайды.
– Мен өз елімнің патриотымын. Жетістіктерімнің нәтижесін, игілігін ең алдымен жерлестерім көрсе деймін. Осы істі қолға алғалы бері қаншама елден, тіпті басқа қалалардан да ұсыныс түсті. Зәулім ғимарат салып та береміз деді. Бірақ оған келіспедім. Қазақта сөз бар «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңе ұлтан бол» деген. Қандай жаңалық ашсам да туған жердің игілігі үшін. Бұл орталық менің бір ғана жеткен жетістігім. Әлі талай дүниелерді жүзеге асырғым келеді. Ендігі жерде тек патент алуыма мемлекет тарапынан қолдау болса екен.
 Ал, бүгінгі күнге келер болсам, әр бала аяққа тұрған сайын бұл жерде қуаныш еселей түседі. Церебралды салдан бөлек, туа бітті жарық, гийена барре секілді аурулар да ем қабылдайды. Орталық толық бітсе, 100 бала қамтылатын болады. Алдағы уақытта балаларға тек құрылғылар мен жаттығу жасатып қоймай, дерті ауырларға ота жасауды да қолға алмақшымын. Бұл ретте Тула қаласының дәрігерлерімен келісім бар. Орталықтың бір бөлігінде остеохондроз, протрузия, омыртқа дискісінің жарығы ауруларына ем жүретін болады, – дейді.
 Орталықта ем алу 300 мың теңге. Алайда, отбасының жағдайына қарап, қолынан келгенше емдейді. Олардың да бұрынғы өзі секілді шарасыз күйде қалмағанын қалайды. Бергенін қанағат тұтып, ел балаларын емдеп отырған дәрігерге келушілердің ризашылығы зор.
Мәселен, сауықтыру орталығында ем алып жүргендердің бірі – Ақтау қаласынан келген Аягөз деген бүлдіршін. Оған дәрігерлер мүлдем жүрмейді деп емдерін тоқтатады. Сонда да ана жүрегі үмітін үзбей осы орталыққа әкеледі. 3 апта дегенде аяққа тұрған қызын көргенде жас ананың қуанышында шек болмайды.
– Менің қызым 1 жас 2 айынан бастап осы дертке душар болды. Қытай, Ресей елдеріне апардым. Бірақ ешқайсысынан дауа таппадық. Осы орталықты ақпан айында естіп, мамыр айынан бастап ем қабылдадық. Шүкір, 3 аптада аяққа тұрып, төртінші аптада балдақпен жүре бастады. Біз үшін бұдан асқан қуаныш жоқ. Бірінші Аллаға, екінші Сәкен ағаға айтар алғысым шексіз, – дейді ақтаулық Гүлдана Құтжанова.
Бүгінде «Қанат» мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық-сауықтыру орталығының жұмысы елімізде өтетін «Қазақстанда іске асырылатын үздік жобалар» байқауының аймақтық додасында топ жарып тұр. Алдағы уақытта республикалық іріктеуге қатысатын болады.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы».
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 шілде 2018 г. 618 0