Өткен өмір жолдарыма көз салсам, күні кеше ақ бас толқындары жағаны жарыса ұрғылап жататын Арал теңізі көз алдымда көлбеңдей тұрады. Қырық жылдан астам уақыт бойы балық шаруашылығымен айналысқандықтан осы саланың бүгінгі жай-күйі әңгіме болса құлағым елең етіп, көңілге қуаныш сезімі ұялайды. Мұны айтып отырған себебім, сонау 1962 жылдан бастап, теңіздің дария-көлдердің, яғни су айдындарының ел-халықтың асыраушысы болғандығы, бертін келе теңіз тартылып, аралдықтардың тұрмыс тауқыметін тартқандығы жан ауыртатын. Бүгінгі ұрпақтың бірі білер, бірі білмес, кезіндегі бекіре, қаяз, сазан, тыран, ақ балық, тісті, жайын секілді қырыққа жуық балық түрі келмеске кете барды. Несібелерінен айрылған аралдықтар үдіре көшіп кеткен кезең де болды.
Бертін келе 1996 жылдары даниялықтар Аралға ат басын бұрып, Азов теңізінен әкелінген тұзды суда өніп-өсетін, камбала балығын жіберді. Бұл балықшылардың ертеңгі күнге деген үмітін оятты.
Елбасының халықтың тіршілігі мен экологиялық ахуалға ерекше көңіл бөлуінің арқасында «САРАТС-1» жобасы қолға алынып, Көкарал бөгетінің салынуымен «кіші теңіз» қайта оралып, теңізде жоғалып кеткен балық түрі қайта пайда болды. Қазіргі таңда балық аулау көлемі 8 мың тоннаға жетіп, балықшылар қуаныш құшағына кенеліп отырған жағдайлары бар. Алдағы уақытта облыста балық аулау көлемін 10 мың тоннаға жеткізу межеленіп отыр.
Десе де, бұл мақсаттың іске асуы үшін алдымен теңіз бен көлде балық қорын молайтуымыз керек. Айтайық. Сырдария өзенінің төменгі сағасында Қамбаш, Ақшатау, Тұщыкөл жүйелері, тағы да басқа көлдер мен көлшіктерді қосқанда олардың жалпы көлемі 30-40 мың гектарға жуық аумақты алып жатыр. Осы көлдердің суы толық кезінде, яғни өткен ғасырдың орта шенінде бірнеше мыңдаған тонна сан алуан балық түрі ауланатын. Оны айтасыз, күні кеше, яғни 1980-1990 жылдардың өзінде Қамбаш, Ақшатау көлдерінен жүздеген тонна балық ауланғанын көзімізбен көріп, куәсі болғанбыз. Өкініштісі сол, бүгінде осы көлдерде табиғи жағдайына байланысты еркін өсіп-өнбегендіктен балық қоры жыл сайын азайып барады. Шынын айтсақ, жергілікті балықтардың табиғи жағдайда еркін өсіп-өнуіне бүгінгі өзен бойындағы гидротехникалық су реттегіш құрылыстардың елеулі жағдайда кедергі келтіріп отырғаны көпшілікке мәлім. Мұның басты себебі, біздегі жергілікті балықтар жылы суда өсіп-өнетін жартылай өткінші (полупроходной) балықтардың түріне жатады. Яғни, (семейство карповые) сазан, тран, ақбалық, торта, тағы басқа балықтары, сол сияқты басқа аталықтағы: жайын, көксерке балықтары өндірістік дәрежеде аулануда. Мұны айтып отырған себебім, осы аталған балықтардың биологиялық талаптары негізінде теңізде еркін жайылып, қоңданып, ал күзде дария арқылы көлдерге өтіп, кейбір түрлері, атап айтар болсам, қаяз, ақбалық, бекіре дарияда уылдырық шашуға тиісті. Осыған байланысты Ақлақ су тоспасында балықтар өтетін қондырғы қарастырылғанмен ол мақсатын өз дәрежесінде мүлдем орындай алмай отыр. Сонымен қатар жоғарыда аталған балықтардың күз айында дарияға кіру миграциялық кезінде, (қазан-қараша) өте қатаң және жыл он екі ай бойы қорғалатын аймақ екені мәлім. Себебі, бұл кедергісіз өрлеп кіретін балықтар алдағы жазғытұрымда шашатын балықтар тобы. Өз дәрежесінде шашылған уылдырық сол жылы личинкіге айналады. Ал, сол майда шабақтар үш-төрт жылдан соң белгілі бір пайызы өніп-өсу жасына жетіп, балық аулау көлемін ұлғайтудың бірден-бір көзі болып табылады. Бұл ихтологиялық тілмен айтқанда балық тұқымының көп өнген жылы болып белгіленеді. Сөйтіп, келешектегі ауланатын балықтың қорын молайтады.
Балық қорын азайтуға ықпал етіп отырған тағы бір жағдай – балықтың өте жоғары қарқынмен аулануында. Яғни, оның белгіленген лимиті сақталмауы мүмкін. Әсіресе, аса сұраныстағы тісті (судак), жайын, сазан балықтарының шектен тыс аулануын бақылау әсте мүмкін емес. Әсіресе, торта балығын аулауға қатысты көзі 40 мм ау құралдары 1-2 шақырым ұзындықта салынып жүр. Содан да осы ауға жоғарыдағы құнды балықтардың шабақтары көптеп түсіп, өніп-өсірілмей, жас күйінде ауланып жатыр. Салыстырмалы тілмен айтқанда бұл мүйізді ірі қараны өзі емес, оның бұзау-баспақтарын сойыстыққа жібергенмен бірдей. Демек, өспеген, яғни өндіріске жарамсыз балықтар қоры ауланып, балық аулау ережесі шінара болса бұзылатын жайы бар. Осы жағдайға байланысты айтпағым, балық аулау құралдарының тар көздеріне ерекше көңіл аударып, оның ережеге, яғни заңдылыққа сәйкес болуын қатаң бақылауға алуға тиіспіз.
Өзімнің көп жылғы балықшылық тәжірибем мен ихтиолог балық маманы ретінде «САРАТС» жобасының екінші кезеңінде еске салынса деген оймен көкейімде жүрген бір-жар ұсынысымды ортаға салғым келеді.
Бірінші, Сырдария өзенінің негізгі арнасының теңізге құяр сағасы Ақлақ су тоспасынан жоғарғы Сағымбай каналы – Қарашалаң көлі – Тәуір өзегі арқылы құйдырылса құба-құп болар еді.
Екінші, Сырдария өзенінің белгілі бір үлкен мөлшерін Сағымбай каналымен қоса, бүгінде кеңейтіліп жатқан Балғабай, Бекетай каналдары мен Тұщы көлі арқылы Ақбике теңіз қолтықтарынан құйдырылса. Сондай-ақ осы каналдарға салынған және салынатын су реттегіш шлюздердің қуаттылығы секундына 20-25 текшеметр көлемінде су өткізу қабілеті болатындай көлемде салынса деймін. Мұндай құрылыс өте күрделі, яғни халықаралық дәрежедегі қаржыны талап етпейді деген ойдамын.
Тағы бір айтпағым, қазіргі дария суы теңізге толығымен Көкарал бөгетінің 9 очколы су реттегіш құрылысына 3-4 шақырым жерден құйып жатыр. Егерде, жоғарыда аталған каналдар арқылы Шағалалы-Ақбике теңіз қолтықтарынан құйылса, яғни шлюзден 30-40 шақырым қашықтаған кезде үлкен теңізге шлюз арқылы кетіп жатқан ірілі-уақты балықтар дарияға еркін көтеріліп, Қамбаш-Ақшатау көл жүйелеріне уылдырық шашуға мүмкіндік алар еді.
Көл мен теңіз көлденең табыстың көзі емес, оны жүйелі мақсатты пайдаланғанда ғана нәтиже береді. Сондықтан бұл істен кәсіпкерлер де қалыс қалмауы керек. Соңғы бір ұсынысым, зауыттық әдіспен өсірілетін биотехникалық нормативтері бар болған жағдайда, ірі кәсіпкерлердің ықпалын пайдалана отырып өте құнды тісті (көксерке) балығын бейімделген көл табандары мен тоғандар да, қолдан өсіріліп, өндірістік маңызы бар көлдер мен Кіші теңізге жіберіліп, балықтандырылса нұр үстіне нұр болар еді. Осы орайда қазір облыста қолға алынған тауарлы көлдер бағдарламасына үлкен үміт артамыз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол «Кіші теңіз» қайта оралып, ел-халықтың несібесі молайып келеді. «Кіші Арал» – аралдықтардың ғана емес, бүкіл Сыр аймағының асыраушысы. Ендеше теңіздегі балық қорын азайтпау, қайта қорғау – біздің азаматтық парызымыз. Балық қорын молайту арқылы ғана кәсіпшіліктің өркендей түсуіне негіз қалаймыз.
Кемал ЖАЙМАҒАНБЕТОВ,
еңбек ардагері, балық маманы.
Қызылорда қаласы.