Қызылордалықтардың 97 проценті орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған

Қызылорда облысында жергілікті тұрғындарды ауыз сумен қамту мәселесінде оң өзгерістер бар. Бүгінгі күні облыстағы 265 ауылдық елді мекеннің 199-ы немесе 76,5 проценті орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Бұл халық санына шаққанда 97 процентті құрайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елбасы тапсырмасымен 2020 жылы ауылдық елді мекендердің 80 процентін орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосу міндеті қойылған. Осыған сәйкес 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасы қабылданды. Бұдан кейін бірқатар салалық бағдарламалар ықшамдалып, 2020 жылға дейінгі Өңірлерді дамыту бағдарламасына біріктірілді. 2015 жылы қабылданған «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы ескірген ауыз су жүйесін жаңғырту жұмыстары аса қарқынды жүргізілді.
Аталған бағдарламалар аясында Қызылорда облысында мақсатты әрі жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, 2011-2017 жылдар аралығында бюджеттен 40 млрд теңгеден астам қаржы тартылған. Соның нәтижесінде 2,5 мың шақырымға жуық ауылішілік және сервистік жүйелер жаңартылды, 8,5 мыңнан астам су өлшегіш құралдары орнатылды.
Жақында Қызылордада өткен «Ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету» атты республикалық семинар кеңесте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев қазіргі таңда республика бойынша орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші 57,4 процентті құрайтынына назар аударды. Ауылдық елді мекендерді сумен қамту және суды бұру жөніндегі бірыңғай операторды құру мәселесіне назар аудару қажеттігі айтылды.
Қызылорда облысында елімізде алғашқылар қатарында 2017 жылдың 1 маусымынан бастап филиал негізінде сумен қамту және суды бұру жөніндегі бірыңғай операторы құрылды. Атап айтқанда, жергілікті сумен қамту жүйелері коммуналдық меншіктен республикалық меншікке, яғни «Қазсушар» РМК «Арал» ОДСП филиалының теңгеріміне берілді.
«Облыста сумен қамту жөніндегі бірыңғай операторды құру 2012 жылы басталды. Атап айтқанда, республикада алғашқылардың бірі болып 2017 жылдың 1 маусымынан бастап филиал негізінде сумен қамту және суды бұру жөніндегі бірыңғай операторы жұмысын бастады. Бірыңғай операторды құру суды соңғы тұтынушыға жіберу бойынша қызметтерді тиімді, сапалы әрі жүйелі өткізуге әрі құрылғыларды пайдалану және жөндеу жұмыстарын өз күшімен жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деді облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 шілде 2018 г. 490 0