Қызылорданың «Қайсар» командасына жаңа шабуылшы келді. Қазақстандық жанкүйерлерге есімі жақсы таныс Игорь Зенькович енді қызылордалық клубтың намысын қорғайтын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл 30 жасқа толған форвард Беларусьтің Минск қаласының «Олимпик» командасының түлегі. Сол елде Борисовтың БАТЭ, Минскінің «Дарида» және «Динамо», Могилевтің «Днепр», Түркияның «Элязыгспор» клубтарында ойын көрсетті. Қазақстанда «Ақжайық», «Шахтер», «Ақтөбе», «Тобыл», «Тараз» және «Атырау» командаларының жейдесін киді. Былтыр «Ақтөбе» командасының сапында 30 ойында 9 гол соқты. Үстіміздегі жылы «Атырау» сапында 15 ойында 2 голдың авторы атанды. Қазақстан Премьер-лигасында барлығы 147 ойынға қатысып, қарсыластар қақпасына 49 гол соқты. Игорь Зеньковичтің қазақстандық азаматтығы да бар. «Биыл «Қайсар» тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетіп келеді. Сондықтан алдымызға үлкен мақсаттар қоямыз. Сол мақсатқа жетуге күш саламыз», - деді Игорь Зенькович. «Қайсарға» бұдан бұрын Петропавлдың «Қызылжар» командасынан сербиялық шабуылшы Братислав Пуношевац келген еді. Ал командадан мартиникалық шабуылшы Йоанн Аркин кетті. «Қайсар» Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінде турнир кестесінде 21 ұпаймен 8-орында келеді. Қызылордалық клуб 28 шілдеде өз алаңындағы 20-турда Петропавлдың «Қызылжар» командасын қабылдайды.