Қалалық ауруханаға жаңа аппарат орнатылды

 Қызылорда қалалық ауруханасының материалдық-тех­никалық базасы жаңа құрал-жабдықтармен толықты. Соның ішінде рентгенологиялық денситометр, «TRITON» тракциялық құрылғысы, логопедиялық жаттықтырушы (Дельфа 142,1) аппараты облыс бойынша осы ауруханада ғана бар.

Денсаулық сақтау министр­лігі елімізде медициналық рентген­ологиялық қызмет көрсе­тудің сапасын арттыру, озық тәжірибені енгізу мақсатында жұмыс жүргізуде.  Айталық, остеопорозды анықтаудың бір ғана стандартты жолы бар. Сүйектің минералды тығыздығының жағдайына нақты диагностиканы рентгенологиялық денситометр аппараты ғана жасай алады. Компьютердегі арнайы бағдарламаға науқастың туған жылы, бойы, салмақ өлшемдері енгізіледі. Құрылғы осы мәліметтерді қорытып, науқастың сүйек бөліктерін тексеріп, сүйек құрамындағы жетіспеушіліктің нақты мөлшерін, тиісті көлемі қандай болу керегін анықтап береді. Ревматолог-мамандар Оңтүстік Корея елінде жасалған бұл құрылғының сүйек құрамын зерттеуде таптырмас мүмкіндік болғанын айтады.

– Сүйектің тығыз болуы үшін кальций үлкен рөл атқарады. Сондықтан оның мөлшерін үнемі анықтап отыру қажет. Бұл, әсіресе, әйел адам­дар үшін аса маңызды. Зерттеу 15 пен 95 жас аралығындағы оптималды сал­мағы 200 ке­ліге дейінгі аза­маттарға жа­салады. Құрылғы арқылы ағзаға түскен сәуленің ешқандай қаупі жоқ. Бұрын рентгеннің көмегіне жүгінетін едік. Оның өзінде тек болжалды қорытынды жасайтынбыз. Қазір ауруханадағы рентгенологиялық денситометр аппаратының көмегіне тәулігіне 15 шақты адам жүгінеді, − дейді қалалық аурухананың дәрігер-ревматологы Гүлназым Қожахмет.

Айта кетейік, бүгінде аймақ бойынша буын ауруларын емдейтін ревматология бөлімі қалалық ауруханада ғана бар. Алдағы уақытта қалалық аурухананың материалдық базасы әлі де жаңартылатын болады.

А.Нұртайқызы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 шілде 2018 г. 566 0