Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Сарыарқа» магистральды газ құбырының «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағыты бойынша бірінші кезеңі 2019 жылдың желтоқсан айына дейін аяқталады. Бірінші кезеңнің болжамды құны 267 млрд теңгеден асады. Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана қаласының әкімдіктері магистральді газ құбыры мен аймақтық желілер құрылысының мерзімін ескере отырып, инфрақұрылым құрылысы үшін жол картасын әзірлеген. Бірінші кезеңде газ құбыры 171 елді мекенге тартылады, 2,7 миллион адам газбен қамтамасыз етіледі. Елорда тұрғындары үшін ең алдымен газды «Көктал-1,2», «Железнодорожный», «Юго-Восток» аудандарына және 1,2,3 жылу электр стансаларына жеткізу жоспарланған.
– Еуропалық қайта құру және даму банкі вице-президентімен келіссөз жүргіздік. Олар газ құбырының магистральдік бөлігін де, тарату желісін де қаржыландыруға дайын. Жұмыс тобын құрып, олармен Жол картасын жасаймыз деп уағдаластық. Тарату желісіне жауап беретін әкімдіктердің қатысуымен кеңес өткіземіз. Меніңше, келесі аптада жұмыс және қаржыландыру көлемі анықталады, – деді осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды саралаған ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.
ОТАНДЫҚ ЖАҢА АВТОКӨЛІКТЕРДІҢ САТЫЛЫМЫ ЕКІ ЕСЕГЕ АРТТЫ
«Made in Kazakhstan» жазуы бар жаңа автокөліктердің сатылымы екі есеге артып отыр. Қазақстандық автобизнес қауымдастығының келтірген мәліметіне сүйенсек, 2018 жылдың 6 айында Қазақстанда барлық типтегі 14 660 көлік өндірілген. Нақтырақ айтқанда, еліміздегі алты ірі кәсіпорынның күшімен жарты жылда 13 725 жеңіл автокөлік және 86 дана арнайы берік техника шығарылған. Өндіріс тұрғысынан қостанайлық «СарыарқаАвтоӨндіріс» 123,2 пайыздық көрсеткішпен көш бастап тұр. Алты айдың ішінде аталған кәсіпорын 5297 жеңіл, ауыр жүк көлігі мен автобустарды өндірген. Екінші орында – өскемендік «Азия Авто». Сонымен бірге, көкшетаулық «КАМАЗ Инжиниринг» 280 ауыр жүк көлігін шығарды.
ҚАЗАҚСТАН ОА-НЫҢ ӨЗГЕ ЕЛДЕРІНЕ ҚАРАҒАНДА
ИНВЕСТИЦИЯНЫ КӨП ТАРТУДА
Қазақстан Орталық Азияның басқа елдерімен – Қырғызстан мен Тәжікстанмен салыстырғанда шетелдік инвестицияны 11 есе көп тартып жатыр. Шетелдік инвесторлармен 4,7 млрд доллардың келісімі жасалды Мұндай деректі Бішкекте өткен «Ұлы Жібек жолы бойында білім беру дәліздерінің құрылысы» ІІІ сараптамалық орталығын дамыту форумында ҚХР Халықаралық экономика және қаржы институтының бас директоры Чжоу Цянву мәлімдеді. Қытайлық сарапшының айтуынша, орташа жылдық көрсеткіштерге сәйкес, Қазақстан 11 млрд доллар шетелдік капиталды, ал Тәжікстан мен Қырғызстан 1 млрд долларға жуық инвестиция тартқан. «Қазақстандағы шетелдік инвестициялар 2013 жылы 10 млрд долларды, 2015 жылы – 6,4 млрд долларды, 2016 жылы 16 млрд долларды құраған. Елдер саясаттарын түзетуіне байланысты өнеркәсіптік инвестициялар да өсіп жатыр. Орталық Азияда инвестиция тарту болашағы уақыт өте келе жақсарады». Бұл инвестициялық ортадағы реформаларды жүргізіп, әкімшілік процедураларды қарастыруына, мемлекеттік қызметтер көрсетуді жақсартуына, салықтық ынталандыру және мемлекеттік қолдауға байланысты екен.
Дайындаған
Ж.ӘБІШОВ.