АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУДЫҢ АЙМАҚТЫҚ ТӘЖІРИБЕСІ

Қызылорда қаласында «Елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету» тақырыбы бойынша республикалық семинар өтті. Семинарда Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев халықты, оның ішінде ауылдық елді мекендер тұрғындарын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Бұл бағытта соңғы жылдары Қызылорда облысында өте ауқымды жұмыстар атқарылғанын жеткізіп, тәжірибе алмасу мақсатында  республикадағы әріптестердің басын қосып отырғанын айтты. 

Осыдан кейін  облыс әкімі Қырымбек Көшербаев семинарға қатысушыларға сөз арнады. Ол халықтың денсаулығы ауыз суға тікелей байланысты болғандықтан, Елбасы қамқорлығымен бұл бағытта көптеген жұмыстар жасалып жатқанын жеткізді. «Ақбұлақ» бағдарламасы кезінде облыста мың шақырымнан астам су құбырлары жүргізілді. Елбасы тапсырмасына сәйкес 2020 жылы ауылдық елді мекендердің 80 процентін орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті тұр. 2015 жылдан бері «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ескірген су желілерін жаңғырту  бағытындағы жұмыстар аса қарқынды жүргізілуде. 2011-2017 жылдар аралығында Қызылорда облысында бюджеттен 40 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалып, ауылдық жерлердегі 2,5 мыңға жуық сервистік жүйелер жаңартылып, 8,5 мыңнан аса су өлшегіш құрал орнатылды. Қазір облыстағы 260 елді мекеннің 199-ы немесе елді мекендердің 76%, халықтың 97% орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Жалпы ауызсу мәселесін жақсарту бағытында 2017 жылдың шілде айынан бастап респуб­ликада алғашқы болып пилоттық жоба ретінде сумен қамтамасыз етуші бірыңғай оператор құрылды. Облыстағы  коммуналдық меншіктегі 8 кәсіпорын  республикалық «Қаз­сушар» РМК-ның облыстағы «Арал» филиалына біріккенін айтты.

Осыдан кейін ауылдық елді мекендерді сумен қамту мәселелерін шешу бойынша комитет төрағасы И.Әбішев ұсыныстарын ортаға салды. Оның айтуынша, комитетке қарасты «Қазсушар» РМК барлық ауылды мекендерге талдау жүргізген. 2018 жылдың 1 мамырындағы есеп бойынша еліміздегі 6577 ауылдық елді мекенде 1743,8 мың тұрғын үй бар, ал тұрғындардың саны 7,9 млн адам. Оның ішінде орталықтандырылған сумен жабдықталмаған елді мекен саны 3372, ондағы халық саны 2,2 млн адам. Су ресурстары комитеті 2,2 млн адамды ауыз сумен қамтамасыз етуге қажетті қаржыны анықтау үшін есеп те жасаған. Ел өңірлерінде іске асырылған жобалар бойынша халық санына есептегенде бір тұрғынға 444 мың теңгеден шықты. Оны 2,2 млн адамға көбейтсе, 993,5 млрд теңге болады. Жыл сайын 100 млрд теңгеден бөлгеннің өзінде халықты толық сумен қамтамасыз ету үшін 12 жылдан аса уақыт қажет. Ал бұл мерзімде 2002-2012 жылдары салынған нысандар күрделі жөндеуді, қондырғыларды ауыстыруды қажет етеді. Осы мәселені  шешудің оңтайлы нұсқасын табу мақсатында комитет «Қазсушар» РМК инженерлік-тех­никалық қызметкерлерінен жұ­мыс тобы құрылған болатын. Мамандар сумен қамтамасыз етілмеген елді мекендерде әрбір үйді аралады, барлық қашықтықтарды өлшеді, елді мекендердің жоспарын, құбыр тарту схемасын сызды, гидравликалық есеп жүргізді. Комитет төрағасы бірде-бір мемлекеттік орган және әкімдік мұндай күрделі және ауқымды жұмысты атқармағанына назар аударды. Барлық жұмыстар РМК-ның өз күшімен жүргізіліп, бюджеттен бір тиын да жұмсалған жоқ. Нәтижесінде 2,2 млн тұрғынды орталықтандырылған ауыз су жүйелерімен қамтамасыз ету үшін 393,8 млрд теңге кететінін есептеп шығарды. Міне, осындай қаржы жұмсап, 2020 жылы жұмыстарды аяқтауға болады. Бірақ, ол үшін еліміздегі барлық топтық су құбырларын және ауылдық елді мекендердегі тарату желілері бір операторға – «Қазсушар» РМК-ға бірігуі қажет. Осыдан соң И.Әбішев бір операторға бірігудің басымдықтарын тізбелеп шықты.

Қазір елді мекендерде жұмыс істеп жатқан түрлі коммуналдық мекемелер мен жеке тұлғаларда білікті инженерлік-техникалық қызметкерлер жетіспейді, тарифтік саясат бойынша мамандар жоқтың қасы, өзінің зертханасы жоқ, қаржы-экономикалық қызмет айқын емес, қосалқы бөлшек сауда нарығында сау­даны жеке-жеке жүргізеді, бөлшек бағасы мен сапасы күдік тудырады. Ал республикалық мекемеде мамандар жеткілікті, арнайы тариф басқармасы жұмыс істейді, сертификацияланған зертханалармен қамтамасыз етіл­ген және тағы басқа көптеген артықшылықтары бар. Ал алдағы жоспарланған жұмысты бюджет қаржысын жұмсамай, Ұлыбритания қазынашылығынан алатын қаржыға бітіруге мүмкіндігі бар. Кейін ол қаржыны тариф арқылы шығарып қайтаруға болады.

Комитет төрағасы өткен жылы Парламент Мәжілісінде «Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбында тың­далым болғанын еске салып өтті. Онда депутаттар бірыңғай операторға бірігудің тиімділігін қолдаған. Үкімет басшысы да оң көзқарас танытуда. Солай бола тұрса да, кейбір министрліктер мен әкімдіктер әлі де болса кертартпа пікірлерінен айнымай отырғанына қатты қынжылыс білдірді. Сол себептен бүгінгі семинар Қызылорда облысында оң нәтижелермен танысуды мақсат тұтып отыр.

Семинарда облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов ай­мақта бұл бағытта жасалған жұмыстар жөнінде ақпарат беріп өтті. Облыста 744 мың халық өмір сүріп жатқан 263 елді мекен бар. Оның үшеуі қала, қалған 260-ы ауылдық елді мекен саналады. Онда 470 мың халық тұрады. Қала тұрғындары толығымен орталықтандырылған су жүйе­лерімен қамтылған. Орталық­тандырылған ауыз су жүйесі бар 199 елді мекеннің біраз бөлігі «Арал-Сарыбұлақ», «Жиделі» жә­не «Октябрь» топтық су құ­быр­ларының желілеріне қо­сыл­ған. Ол тұрғындардың  97 процентін қамтиды.

Хабарламашы бірыңғай опе­раторға бірігу сонау 2012 жылдан бастау алғанын жеткізді. Сол уақыттың өзінде республикалық кәсіпорынның жергілікті филиалы теңгеріміне өткен су жүйелерінде қызмет көрсету сапасы артып, материалдық-техникалық базалары күшейді. Бұл жұмыстар оң нәтижесін берген соң  облыс әкімінің бастамасымен Су ресурстары комитеті және ҚР Қаржы министрлігінің Мем­лекеттік мүлік және жеке­шелендіру комитеті қолдауымен 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап оқшау ауыз сумен қамтамасыз ету су жүйелері «Арал» салынып жатқан кәсіпорындардың бірлескен дирекциясы  филиалы қарамағына өткізілді.

Бір операторға бірігу тиімділігін көрсетіп отыр. Магистралді құбырлар және ішкі су тарату желілері бойынша барлық пайдалану шығындары бір салаға тоғыстырылып, бірыңғай тариф бекітіліп, бірнеше басқару операторлары оңтайландырылды. Ауыз су тарату қызметтеріне бірыңғай тариф бекітіліп, ауыз сумен жабдықтау жүйелеріне инвестиция тартуға мүмкіндік туды. Авариялық жағ­дайларды уақытылы жою­ға, материалдар мен техниканы керек болған жағдайда орталықтандырылған оператордан бөлуге қол жеткізілді.

Бірыңғай операторға бірігу­дің оң нәтижелері туралы «Арал»  СЖКБД филиалы   директоры Имамадин Оңғарбаев та айтып берді.

Ескі жүйе кезінде магис­тральді құбырларды пайдаланушы елді мекендер мен аудан орталықтарының ішкі су тарату желілері басқа коммуналдық кәсіпорындардың тарифтері бөлек болды. Бұл жағдайда коммуналдық кәсіпорындар магистральді құбырларды пайдаланушы кәсіпорындардан сатып алып одан әрі тұтынушыға сататын еді. 

Оңтайландыру нәтижесінде қазір авариялық жағдайларды уақытылы жоюға, материалдар мен техниканы керек болған жағдайда орталықтандырылған оператордан бөлуге қол жет­кізілді. Ауыз су жүйелерін бір­қалыпты техникалық жағдайда ұстап тұру үшін қажетті шикізат материалдарымен, жанар-жа­ғар маймен, химиялық реагент­термен қамтамасыз ету орта­лықтандырылып, бір жерден қамтамасыз етілетін болды.

Семинарда бірқатар министр­ліктер мен аймақтардың өкілдері өз ойларын ортаға салды. Олар бірыңғай операторға бірігудің тиімділігі бар екенін, алайда әр өңірге тән өзіндік  географиялық, климаттық, сейс­ми­калық  және басқа да ерек­шеліктерді де ескеру қажеттігін айтты.

Семинарды қорытындылаған И.Әбішев әріптестерінің түсі­ністік танытқанына ризашы­лығын білдірді. Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесінде сұраныстың бір мемлекеттік органнан болғаны абзал. Қызылорда қаласында өткен семинардың түйіні осы болды.

 

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 шілде 2018 г. 553 0