Облыс әкімі Қ.Е. Көшербаевтың облыстық мәслихаттың кезекті ХХІ сессиясында сөйлеген сөзі
Құрметті депутаттар мен әріптестер!
Бүгін біз алғашқы жартыжылдықты қорытындылаймыз.
Негізгі баяндаманы бастамас бұрын, осы сәуір айында республика бойынша жалпыөңірлік өнім (ЖӨӨ) өндірудің 2017 жылғы қорытындысы шығарылғанын хабарлауды жөн көрдім. Бұл көрсеткіш – аймақтың барлық сала бойынша экономикалық іс-қимылының жылдық қорытынды нәтижесі.
Сонымен, 2017 жылы облыста жалпы құны 1,5 трлн теңгенің өнімі шығарылды, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 0,8%-ке көп.
Біріншіден, біз жалпыөңірлік өнім бойынша соңғы 4 жылда, алғаш рет оң векторға шықтық. Бір ғана өңдеу өнеркәсібі саласының өндіріс көлемі осы жылдары 56%-тен асып түсті.
Яғни, соңғы жылдары көмірсутегі және уран өнімдерінің бағасы түсіп кеткеніне қарамастан, жақсы өмір сүріп, қарқынды дамуға болатынын біз дәлелдедік. Қазір өңір экономикасының көмірсутегі шикізатына тәуелділігі едәуір азайды. Айтарлықтай төмендеді.
Биылғы жартыжылдық та облысымыз үшін табысты болды деп айта аламын. Барлық макрокөрсеткіштер бойынша жағымды оң динамикаға қол жеткіздік.
Оның ішінде инвестициялар көлемі (117,2%), құрылыс жұмыстары (115,9%), ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру (102,7%) және өңдеу өнеркәсібі көлемі (100,5%) жоғары.
Ал, өңдеу өнеркәсібі саласындағы еңбек өнімділігі биылғы бірінші тоқсанның өзінде 10%-тен асса, шикізаттық емес өнім экспортының көлемі 2,7 есеге көбейді.
Облыс бойынша мұнай өндіру көлемінің жылдан жылға азаюын ескерсек (жыл басынан бері өндірілген мұнай көлемі былтырғымен салыстырғанда 250 мың тоннаға жетпейді), өнеркәсіптік өндіріс көлемі бойынша аздап қалып келеміз (95,3%) және тұрғын үй беру бойынша (74,3%) біршама жетпей тұрмыз.
Дегенмен, тау-кен (122,8%) және өңдеу өнеркәсіптеріне (3,1 есеге өсу бар) салынған инвестициялардың оң динамикасы мен мұнай нарығына қатысты жағымды болжам жасалып отырғанын және жыл соңына дейін 36 көпқабатты тұрғын үйлердің берілетінін ескерсек, жылдың аяғына дейін осы екі көрсеткіш бойынша да өсім қамтамасыз етіледі деген сенімді болжам бар.
Әлеуметтік тұрақтылық орнықты сақталуда. Бағаның елеусіз көтерілгеніне қарамастан (103,1%), бөлшек тауар айналымындағы (101,1%) оң динамика біз үшін өте маңызды. Бұдан халықтың сатып алу қабілетінің біршама жоғарылағанын көреміз.
Экономикадағы оң үдерістің ықпалы жыл бойы өңірдегі жұмыссыздық деңгейін 4,8%-тен асырмай ұстауға мүмкіндік беруде. Бұл тіпті республиканың орташа көрсеткішінен бірнеше сатыға төмен.
Енді барлық жұмысымызды сала бойынша шолып өтейін.
Индустрияландыру. Бұл – өзі ұзақ процесс. Сондықтан, экономиканы әртараптандыру биыл да біздің басты міндетіміз болып қала береді.
Өздеріңізге белгілі, Индустрияландыру картасының аясында біз 22 жобаны жүзеге асырдық, қазір оның 16-сы бойынша өнім өндіріліп, 1700 адам жұмыспен қамтылып отыр.
Биылғы 6 айда осы жобалар шеңберінде жалпы құны 11 млрд теңгеден астам өнім шығарылды. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 30%-ке артық. Ал, осы Карта жобалары негізінде өндірілген өнім экспорты 37%-ке көбейген.
Қазір жалпы құны 620 млрд теңге болатын, экспортқа бағдарланған тағы 26 жобаны жүзеге асыру жұмыстары басталды. Нәтижесінде, тағы да 6 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Оның ішінде 4 жоба бойынша – молибден өндіру және балық өңдеу, сонымен қатар, цемент және шыны зауыттарын осы жылы іске қосатын боламыз.
Шыны зауыты бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары ағымдағы жылдың IV тоқсанында аяқталады, ал, желтоқсан айында Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін телекөпір барысында зауыт пешін іске қосамыз. Біз, негізінде, пешті іске қосуды осы шілде айына жоспарлаған болатынбыз, алайда, біздің өкілеттігімізден тыс жайттарға байланысты (инвесторлар арасындағы проблемалардың себебінен) зауытты іске қосу мерзімін кейінге шегеруге тура келді. Осы жерде мен атақты жазушы Вольтердің «Ұлы істер үлкен кедергісіз бітпейді!» деген сөзіне келісемін. Туындаған барлық кедергілерге қарамастан, біз мәре сызығына келіп қалдық десек те болады.
Айтқандай, Қытайдың шыны өндіретін зауыт салудан мол тәжірибесі бар трансмемлекеттік «Чайна Триумф» компаниясы осы шыны зауытының құрылтайшылар құрамына өткен айдан бастап кірді.
Енді бұл компания жоғары технологиялық зауыт құрылысына инвестор ретінде қатысып, смартфондар мен планшеттердің күн сәулесінен қорғайтын панельдеріне арналған аса жұқа және өте мөлдір шыны жасап шығаруды да көздеп отыр. 150 миллион АҚШ долларын құрайтын бұл жобаны Қызылорда облысының индустриялық аймағында жүзеге асыру жоспарланған.
Сонымен қатар, желтоқсан айында өтетін телекөпір аясында біз Мемлекет басшысына тампонажды цемент өндіретін зауытты да іске қосуды ұсынамыз.
Бұл шамамен 260 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін жоғары технологиялық өндіріс екенін ескерсек, қазірдің өзінде 200-ге жуық жергілікті тұрғын іріктеліп, осы зауытқа жұмысқа орналасу үшін мақсатты түрде арнаулы білім алып жатыр. Содан кейін, инвесторлардың ұсынысы бойынша, олардың ішінен бір тобы іріктеліп, Қытайға оқуға жіберіледі. Қазір 46 адам сол жақта оқып жатыр.
Сондай-ақ, басқа да ірі инвестициялық жобалар бойынша жұмыстар қатар жүруде. Атап айтқанда, «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында әзірлік жұмыстарын аяқтап, кен-байыту комбинаты құрылысының қаржыландыру мәселесі толыққанды шешілді, жұмыс басталды.
«Баласауысқандық» ванадий кен орнында жыл соңына дейін айына 10-нан 50 тоннаға дейін ванадий бестотығын өндіру көлемін ұлғайту жоспарланып отыр. Салыстырсақ, бүкіл 2017 жылы 51 тонна ванадий бестотығы шығарылған екен. Осындай болса да, былтыр кәсіпорын аммоний метаванадатының экспорт көлемін 3 есе ұлғайтса, биылғы 6 айда тағы 3,1 есеге арттырды.
Биыл маусым айында кальцийлендірілген сода шығаратын республикадағы ең ірі зауыттың қазығы қағылды. Біз бұл жобаны бірнеше рет талқыладық. Жұмыс басталды. Бұйырса, 2020 жылы зауыт іске қосылады.
Түрік инвесторларымен бірігіп керамикалық плиталар мен керамогранит өндіру жобасы бойынша жұмыс нәтижелі жалғасуда.
Жаңа бәсекеге қабілетті индустриялар құрудың маңызды шарты инновацияларды қолдау және оларды тез арада өндіріске енгізу болып табылады.
Сол себептен де, мұнай компанияларымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде алғаш рет негізгі жұмысы аймақтағы инновациялық өнім көлемін ұлғайтуға бағытталған Өңірлік инновациялар офисін құруға қаржы бөлінді.
Біз бұл мақсатты халықаралық инвест және интернет-форумдар өткізу арқылы жүзеге асырамыз.
22 маусымда «Цифрландыру: өңірді дамытудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында ІІІ Халықаралық Интернет-форум өткіздік. Оған Ресейден, оның ішінде Татарстаннан, Қытайдан, Белоруссиядан, Украинадан, сонымен қатар, цифрландыру саласы бойынша әлемнің алдыңғы қатарлы компаниялары – «Huawei» (Қытай), «Dell» (АҚШ), «Сколково» (РФ) және т.б. өкілдері қатысты.
орумның нәтижесінде IT-жобаларды жүзеге асырудағы ынтымақтастық туралы Халықаралық «Astana Hub» стартап-хабы, «Smart city» технологиясын енгізу бойынша Беларустық «Какаду Девелопмент», сондай-ақ, цифрландыру бойынша Қазан қаласындағы ресейлік «Барс Групп» және қазақстандық «Транстелеком» компанияларымен меморандумдарға қол қойылды.
Облысымыздың қашаннан аграрлық өңір екендігін ескерсек, жұмыстың келесі бір ірі ауқымы ауыл шаруашылығын дамыту бойынша жүргізіледі. Осы орайда, облыстың аграрлық секторы дамудың жақсы қарқынын көрсетіп отырғанын атап көрсетуіміз керек.
Соңғы жылдары (2013-2017 жж.) облыстың жалпыөңірлік өнім құрылымында ауыл шаруашылығының үлесі 2,5%-тен 3,7%-ке дейін артты, бұл өңір экономикасы құрылымында сапалы өзгерістер бар екендігін көрсетеді.
Осы жылдар ішінде ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 23 есе, тамақ өнімдерін өндіру 5 есе артты. Тек биылғы жылдың өзінде ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 85%-ке, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 2,7%-ке, азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 15%-ке артса, ауыл шаруашылығы өнімдері экспорты көлемі өнімнің заттай көрінісінде 7,3%-ке ал, қаржы эквивалентімен 66%-ке өсті.
Егін шаруашылығын әртараптандыру бағдарламасы табысты жүзеге асып келеді. Соңғы 5 жылда мал азығы дақылдары мен майлы дақылдар алқабының көлемі 18 мың гектарға (2014 жылмен салыстырғанда 2018 жылы) артты.
Өнеркәсіптік бағытта біз картоп, көкөніс және бақша өнімдерін өндіруді дамыта бастадық.
Ағымдағы жылы Қызылорда қаласында Испан технологиясы бойынша жұмыс істейтін автоматтандырылған алғашқы жылыжай кешені салынады. Бұдан басқа, Шиелі ауданында тағы да 20 жылыжай салу жоспарланып отыр. Бұл маусымаралық кезеңде халықты жаңа өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жаңақорған ауданында түрік инвесторларының қатысуымен қызанақ өсіретін ірі жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Қазір қызанақтың Түркия елінен әкелінген сорттарына сынақ жүріп жатыр.
Агроөнеркәсіп кешенін кластер жүйесімен дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда.
Өздеріңізге белгілі, 2013 жылы біз Жалағаш элеваторын сатып алып, «Байқоңыр» ӘКК жанынан облысымыздағы күріш кластерін қалыптастыруға негіз болатын «Агрохолдинг» құрдық. Кластер жүйесін енгізе отырып, біз пайда әкелетін және бәсекеге қабілетті күріш өсіретін шаруа қожалықтарының санының артуына қол жеткіздік.
Қазіргі таңда «Байқоңыр» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы күріш және балық кластерлерін одан әрі дамыту, сондай-ақ, мал шаруашылығы, өңдеу және логистика салаларында кластер құру жұмыстарын қолға ала бастады. Бұл үшін қажетті қаржы қазірдің өзінде бюджеттен бөлінді.
Ауылшаруашылық өндірісі табиғи құбылыстар мен басқа да бірқатар факторға барынша тәуелді, әлсіз сала болып табылады.
Ал, цифрлық технологияларды енгізу нақты бизнес-үдерістерді жобалауға, сонымен қатар, нәтижені де болжауға негіз болатын табиғат факторларын талдауға және болжауға мүмкіндік береді. Бұл еңбек өнімділігін арттыруға ғана емес, табиғи ресурстарды неғұрлым үнемді пайдалануға, пестицидтер мен минералды тыңайтқыштарды пайдалануды сиретуге, бір сөзбен айтқанда, экологиялық таза органикалық өнімдер өндіруге мүмкіндік береді.
Болашақтың технологиялары немесе «жасыл» технологиялары бар осындай ферма Жалағаш ауданында құрылды. Оның макеті EXPO-2017 көрмесіне ұсынылды. Бұл – танапты «тамшылатып суару» әдісін қолдана отырып және күн сәулесі мен жел энергиясының көмегімен жерасты су көздерін пайдалану арқылы суарудың гибридті жүйесі. Біз бұл жобаны қолдадық және жеке фермерлік шаруашылыққа осы технологияны енгізу үшін өз алдына аумақ бөліп бердік.
Бұл ноу-хау шөл және шөлейт аймақтарды мал шаруашылығын дамытуға ғана емес, сонымен қатар, жеміс-жидек дақылдары мен көкөністерді өндіруге қалай пайдалануға болатынын көрсетеді.
Айта кету керек, соңғы төрт жылда облыста отарлы мал шаруашылығын дамыту мақсатында жайылымдық жерлерді суландыру бойынша 220 жоба жүзеге асырылды. Бұл жобалардың көпшілігі күн энергиясын пайдалануға негізделген. Жоба мал шаруашылығын одан әрі дамыту үшін жақсы мүмкіндік болып табылады.
Біздің міндетіміз – мал өсіру ғана емес, сонымен қатар, жоғары сапалы, бәсекеге қабілетті, экспортқа бағдарланған мал шаруашылығы өнімдерін өндіру.
Біз жыл сайын мал басын арттыру мен мал шаруашылығы өнімдері көлемін ұлғайтуға қол жеткіздік. Енді бізге заманауи ет комбинаттары, сүт зауыттары, құс фабрикалары қажет. Сондықтан, ағымдағы жылы осы салаларды дамыту бойынша бірқатар жобаларды іске асырудамыз. Атап айтқанда, жыл соңына қарай Қызылорда қаласында ет комбинатын салуды бастаймыз («Сыр Маржаны» ЖШС).
Бұл кәсіпорынға шикізат жеткізу үшін жобалық офис аясында «якорлық кооперация» қағидаты негізінде, яғни, өнімдерді сатуды қамтамасыз ететін, ірі бордақылау алаңдары бар, әлеуеті шағын және орта фермерлерді біріктіре отырып, ет өндіру бойынша аймақтық кластер құрамыз.
Бұл мақсатта облыста (Қазалы, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласында) мал өсірумен айналысатын шағын және орта ферма қожалықтарын тарта отырып, 7,5 мың бас малды бір мезгілде бордақылайтын (олардың 2-і ӘКК қатысуымен) 3 бордақылау алаңы құрылды. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы Жаңақорған, Жалағаш және Қазалы аудандарында асылтұқымды баспақ өсіру үшін 3 репродукция орталығын құруға қаржы бөлінді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі біздің өңірімізде сүт өнімдерін өндіруді дамытуды қолдамаса да, біз бұл саланың маңыздылығын ескере отырып, ағымдағы жылы Шиелі ауданында 1200 бас ірі сүт өнімдері тауарлары фермасын іске қосуды және өңірімізде табиғи сүт өндіру үлесін арттыруды жоспарлап отырмыз.
Ал, келесі жылы сүт өндіру комбинатының құрылысына кірісеміз. Ішкі нарықты толық қамтығаннан кейін өнімдерімізді сыртқы нарыққа да шығарып, бұдан да пайда жасауды үйренетін боламыз.
Мал шаруашылығымен айналысатындар үшін де кепілдендірілген азық базасын құруды да ойлап отырмыз. Мал азығы өнімдері үшін берілетін жер аумағы ағымдағы жылы 1,3 мың гектарға көбейді.
Бұдан басқа, ауылшаруашылығы кооперациялары арқылы мал шаруашылығын дамытуға жеке қосалқы шаруашылықтарды мақсатты түрде тартып отырмыз.
Соңғы бір жарым жылда 2320 жеке қосалқы шаруашылықтан құрылған 105 кооперативтің 73-і мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. 801 отбасылық мал бордақылау алаңы мен 385 сүт өнімі қожалықтары құрылды. Бір ғана 2018 жылы 250 жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіру жолымен 18 кооператив құрылды. Егер 2017 жылы кооперативтер 1 жылда 342 тонна ет пен 133 тонна сүт өндірсе, 2018 жылдың І тоқсанында ғана олар 206 тонна ет пен 252 тонна сүт өндірген.
Өздеріңізге белгілі, былтыр Шиелі ауданында жұмыртқа өндірісін дамыту мақсатында алғашқы құс фабрикасы өз жұмысын бастады. Бұдан басқа, Қызылорда қаласында да екі құс фабрикасы іске қосылды. Нәтижесінде, ағымдағы жылдың 6 айында құс саны 36%-ке, ал, жұмыртқа өндіру 45%-ке артты.
Ағымдағы жылы «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп Қармақшы ауданында жылына 1500 тонна ет өндіру қуаттылығы бар тағы бір құс фабрикасының құрылысына кірістік.
Нәтижесінде, 2019 жылы біз бүгінгі таңда жұмыртқа өндіруді көлемін 5,5%-тен 22,7%-ке, құс етін өндіруді 0,7%-тен 46,8%-ке көбейтуді жоспарлап отырмыз.
Елбасы биылғы Жолдауында аграрлық саланың алдына стратегиялық маңызы бар екі міндет қойды: еңбек өнімділігін түбегейлі арттыру және өндірілген өнім экспортын ұлғайту.
Тапсырма оңай емес. Алайда, тапсырманың орындалуы аграрлық саланы жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, ауылшаруашылық саласына бейім аймақтардың дамуына және де ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуы, әлеуметтік жағдайының жақсаруына да мүмкіндік береді. Қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін біз 2018-2022 жылдарға арналған «Агрокарта» нақты іс-шаралар жоспарын жасап бекіттік.
Жалпы алғанда, іс-шаралар жоспары аясында ағымдағы жылдың өзінде құны 7 млрд теңге болатын 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылады.
Қазіргі уақытта экспорттық әлеуетті арттыру және өткізу нарығын ұлғайту жұмыстары мақсатты жүргізіліп отыр.
Егер естеріңізде болса, 2016 жылы бақша өнімдері экспортын, ал, 2017 жылы көкөніс және мал өнімдері экспортын қайта жаңғыртқан болатынбыз.Ағымдағы жылы мақсары майын экспорттауды бастадық, алғашқы 11 тоннаны наурыз айында Қытай еліне жібердік. Жыл соңына дейін тағы 500 тонна май экспорттауды жоспарлап отырмыз. Және бұл шегі емес. Өткен айда ғана қытайлық серіктестер өндірілетін май көлемін арттыру және шикізат өнімдерін сатып алуға байланысты фьючерстік келісім жүргізуді ұсынды.
Мақсары майы тек Қытай елінде ғана емес, сонымен қатар, Иран мемлекетінде де сұранысқа ие. Сондықтан, алдағы уақытта мақсары дақылын егуге арналған жер аумағын екі есе ұлғайтуды жоспарлап отырмыз.
Өздеріңіз білесіздер, буферлік аймақтан шығуымыз бізге мал өнімдерін экспорттауға мүмкіндік берді. Былтырдың өзінде 2 мың бас қойды Араб әмірліктеріне, Иранға және Моңғолияға экспорттадық.
Жақында Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын қабылдады, бағдарлама аясында ет экспортын ұлғайту көзделген.
Бұл үшін барлық алғышарттар бар. Біріншіден, ірі қара етін импорттаудан алғашқы орында тұрған екі мемлекетпен көршілес орналасуымыз: Қытай жылына 1 млн тонна, ал, Ресей 700 мың тонна ет тұтынады. Екіншіден, бұл әлемде 5-орынға ие пайдаланылмаған жайылым жерлерінің әлеуеті.
Бұдан басқа, бұл бағдарламаны іске асыру үшін «Сыбаға» несие бағдарламасы бойынша арнайы жеңілдетілген және ұзақмерзімді несиелік ресурстар бөлінді. Бұл мал шаруашылығы саласын дамытуға жақсы серпін береді.
Балық шаруашылығы қайтадан экономиканың маңызды саласының біріне айналып отыр. Балық аулау соңғы бес жылда екі есе өсті. Бүгінгі таңда бізде 8 балық өңдеу зауыты жұмыс жасайды, олардың төртеуінің еурокоды бар. Нәтижесінде, балық өнімдерін экспорттау осы жылдары 8 есеге өсті! Ағымдағы жылдың басынан бергі экспорттың көлемі 32%-ті құрады.
Міне, сондықтан да табиғи су қоймаларының балық қорын пайдаланумен қатар облысымызда тауарлық балық шаруашылығын дамыту бойынша шаралар қабылданып, саланы, өзім айтқандай, бөлек кластер етіп бөлу және оны жүйелі дамыту жоспарланып отыр.
Бұған қоса ағымдағы жыл аясында ауыл шаруашылығы өнімдері сатылымының тиімділігін қамтамасыз ету, оның ішінде «жобалық басқару» шеңберінде өнімдерді шетел нарығына шығару үшін «Агробиржа» электронды сауда алаңын жасадық. Қазіргі таңда оны дамыту бағытында жұмыс жүргізудеміз.
Жалпы, ағымдағы жылы біз ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестиция көлемін кем дегенде 7%-ке көбейтуді, еңбек өнімділігін 6,6%, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді 4,5%-ке, ал, экспорт көлемін 20%-ке өсіруді міндет етіп қойып отырмыз. Өткен кезеңдегі аралық индикаторлар бұл көрсеткіштерге қол жеткізуге болатындығын көрсетіп отыр.
Біздің жұмысымыздың тағы бір маңызды бағыттарының бірі – суармалы жерлердің су шаруашылығы инфрақұрылымын қалыпқа келтіру.
Бүгінде Қызылорда облысы бойынша ирригациялық және дренаждық инфрақұрылымның нашарлауы салдарынан суармалы жерлердің төрттен бір бөлігі пайдаланылмай отыр.
Біздің аймақ Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқандығын және жоғарыда орналасқан көрші мемлекеттердің шешімдеріне толықтай тәуелділігімізді ескеретін болсақ, ирригациялық және дренаждық жүйелерді жаңғырту стратегиялық сипатқа ие болады және өздеріңіз білетіндей, биылғы жылы біз үшін су тапшы болып отыр.
Сондықтан, бірнеше жылдар бойы судың қажетті көлемімен қамтамасыз етілген 188 мың га суармалы жерді қалпына келтіруге бағытталған үш жобаны жүзеге асыру үшін жүйелі жұмыс жасап отырмыз.
Жеке алғанда, екінші фаза шеңберінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен «Ирригациялық және дренаждық жүйені жетілдіру» жобасының екінші фазасы 2017 жылы Жалағаш ауданындағы 15 мың га су шаруашылығы нысандарын төлқұжаттауды аяқтап, оларды республиканың меншігіне өткіздік. Енді қазіргі уақытта ирригациялық жүйені қалыпқа келтіру үшін республикалық бюджеттен 16 млрд теңге инвестиция тарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Сонымен қатар, былтырғы жылы облыстың барлық аудандарында тағы да 29 мың га суармалы жердің гидротехникалық құрылысын төлқұжаттау аяқталды. Бүгінде Жалағаш, Жаңақорған және Қазалы аудандарының нысандары республикалық меншікке толығымен берілген, басқа аудандар бойынша бұл жұмыстар аяқталып келеді. Бұл бізге халықаралық қаржы ұйымдары арқылы нысандарды қалыпқа келтіруге 13 млрд теңге инвестицияны тартуға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, жобаның үшінші фазасын іске асыру аясында ағымдағы жылы тағы 144 мың га ирригациялық жүйені төлқұжаттауды бастадық.
Қазақстан бойынша Үкімет жоспарына сәйкес осы жоба шеңберінде 4 облысқа тиесілі 312 мың га жер қамтылады. Облыстық құрылымдардың жүргізген мақсатты жұмыстарының нәтижесінде жобаға сай қайта қалыпқа келтірілетін жердің 50%-ке жуығы Қызылорда облысының үлесіне тиіп отыр. Бұл – болашақ үшін жақсы негіз.
Бірнеше жылдан бері біздің үздіксіз жұмыс жүргізіп жатқан ең маңызды су жобамыз деп Солтүстік Аралды сақтап қалуға бағытталған жобаны айтуға болар.
Өкінішке қарай, «Сырдария өзені арнасын реттеу және Солтүстік Аралды сақтау» (САРАТС-2) жобасы бойынша Дүниежүзілік банкпен жүргізген жұмыстар біз күткен нәтижені бермеді.
Біз Дүниежүзілік банкпен келіссөздер жүргізіп жатқанымызда жыл сайын Үлкен Арал теңізіне қайтарымсыз 2,5-3 млрд текше метр су кетіп жатты. Осылайша, 12 жылда 30 млрд текше метр суды жоғалттық.
Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Кіші Арал теңізінің көлемі 27 млрд текше метр су. Демек, осы жылдары біз Кіші Аралға қарағанда, көбірек су жоғалтқанбыз.
Одан бөлек, жыл өткен сайын жағдай үдей түсіп, тұрғындар үшін қауіп-қатер артып келеді. Сондықтан да, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін САРАТС-2 жобасының 4 компонентін республикалық бюджет есебінен жүзеге асыра бастау туралы шешім қабылданды.
Үш компоненті (Қармақшы, Қазалы аудандарындағы қорғаныс бөгеттерін нығайту, өзеннің Жалағаш ауданындағы «Қорғанша» және «Тұрымбет» учаскелеріндегі арнасын түзету және «Қызылорда» су торабында кешенді жөндеу жүргізу) «2017-2020 жылдарға арналған «Тасқын су қатерінің алдын алу және оны жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасы шеңберінде, ал, бір компоненті (Қазалы ауданындағы Бірлік елді мекені жанында көпір құрылысын жүргізу) Аймақтарды дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асыру жоспарлануда.
«Қызылорда» су торабына кешенді жөндеу бойынша инвестициялық ұсыныс дайындалып, Ұлттық экономика министрлігінің экономикалық қорытындысы алынған. Қазіргі күні Ауыл шаруашылығы министрлігі жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге қаржы бөлдірту үшін (198 млн теңге) Қаржы министрлігіне бюджеттік тапсырыс беруге қажетті экономикалық сараптаманы «Қазақстандық ТЖО орталығы» акционерлік орталығынан алуға қаржы-экономикалық негіздеме дайындауда.
Екі компонент бойынша Қармақшы, Қазалы аудандарындағы қорғаныс бөгеттерін нығайту және Сырдария өзенінің Жалағаш ауданындағы «Қорғанша» және «Тұрымбет» учаскелеріндегі арнасын түзету бойынша облыстық бюджет есебінен жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленді.
Қазіргі таңда осы компоненттерді іске асыруға республикалық бюджеттен қаржы тартуға жұмыс жүргізудеміз. Оларды «2017-2020 жылдарға арналған «Тасқын су қатерінің алдын алу және оны жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасы шеңберінде іске асыруды жоспарлаудамыз. Жобаның құны – 2,5 млрд теңге.
Төртінші компонент – Қазалы ауданындағы Бірлік елді мекені жанындағы көпір құрылысын жүргізу бойынша ағымдағы жылы біз жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындаймыз, содан кейін бұл компонентті республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін Инвестициялар және даму министрлігіне ұсынылады.
Осылайша, САРАТС-2 жобасын іске асыру жұмыстары басталып кетті деп айтуға болады.
Мұнан бөлек, ағымдағы жылдың 27 сәуірінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ө.Шөкеевтің төрағалығымен «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Аралды сақтау» (САРАТС-2) жобасын іске асыру бойынша мәжіліс өтті. Талқылаулардың қорытындысы бойынша Солтүстік Арал жобасының қалған компоненттерін жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстар дайындалды.
Бірінші кезеңде Қазақстан Республикасы бюджеті есебінен (Дүниежүзілік банк несиесінсіз) «Көкарал» бөгетінің беріктігін қамтамасыз ету және Сырдария өзенінің сағасын қалпына келтіру бойынша жұмыстарды бастайтын боламыз (Ол Солтүстік Арал жобасы бойынша жұмыстарды өзбек тарапының келісімінсіз бастай беруге негіз болады. Өйткені, біз жаңадан ештеңе салмаймыз, тек САРАТС-1 жобасы аясында салынған «Көкарал» бөгетінің бұзылуының алдын аламыз).
Жоба су ағызу құрылғысы бар «Көкарал» бөгетін нығайту және Сырдария өзенінің «Қарашалаң» және «Тұщыбас» көлдері арқылы өтетін тармағын қалпына келтіруді қарастырады.
Екінші кезеңде Дүниежүзілік банк несиесі есебінен құрамына «Суармалы жерлердің ирригациялық-дренаждық жүйесін жетілдіру» жобасы қаралған «Арал өңірін одан әрі дамыту және экологиясын жақсарту» бағдарламасын коллекторлық-дренаждық суларды Арал теңізіне жеткізу мүмкіндігімен әзірлеу және іске асыру жоспарлануда.
Бұл бір жағынан әлеуметтік-экономикалық дамуды жақсартып, тұрғындардың, әсіресе, суармалы жердің жай-күйіне тәуелді ауыл тұрғындарының (облыс халқының 63%) әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді, екінші жағынан біз ол суармалы жерлердің нашар жай-күйіне байланысты шығынды 40%-ке азайта отырып, Арал теңізіне түсетін су көлемін ұлғайтамыз.
Осы бағдарлама аясында «Көкарал» бөгетінің төменгі жағында гидрологиялық және орманмелиоративті жұмыстарды жүргізуді қарастырамыз. Бұл сулы-батпақты алқапты қалыптастыру есебінен Арал өңірінің экологиясын жақсартуға мүмкіндік береді (2005 жылдан бері Кіші Арал теңізі көлемінде 27 млрд текше метр, бөгетінен төмен қарай бағытқа 30 млрд текше метрден астам су), сондай-ақ, Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл отырғызуға және теңіздің шығыс жағалауында елді мекендерді құмның басуынан қорғайтын жасыл белдеу құруға мүмкіндік береді.
Осы бағдарламада Сырдария өзені бассейнінде автоматтандырылған су есептеу жүйесін құруды қарастыруды көздеп отырмыз.
Сонымен қатар, Сіздер білесіздер, Аграрлық-өнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында біз облыста тағы да екі су қоймасы – «Қараөзек» және «Күміскеткен» су қоймалары құрылысының мәселелерін әзірлеудеміз.
«Қараөзек» су қоймасы 1,5 млрд текше метр суға дейін жинақтайды, яғни, жыл сайын Үлкен Арал теңізіне қайтарымсыз жіберіліп жатқан, су аз кезеңде егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етуге болатын 3 млрд текше метр судың жартысын сақтауға мүмкіндік береді.
Биыл жобаның техникалық-экономикалық негіздерін (РБ) әзірлеу аяқталып, содан соң жобаның тікелей өзін (ЖСҚ) әзірлеу басталады.
Шиелі ауданындағы «Күміскеткен» су қоймасы 600 млн текше метрге дейін су жинақтайтын болады. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып, әрі қарай қаржыландыру үшін Су ресурстары жөніндегі комитетке жолданды.
Біз ерекше назар аударып отырған келесі мәселелер тобы – жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту.
Өздеріңіз білесіздер, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу бойынша дайындық жұмыстары аясында біздің тұрғындарымыздың қаншасы әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топта тұратынын анықтау үшін аула бойынша аралап, тексеру жүргіздік. 2018 жылдың басында облысымызда 97 538 толыққанды жұмыспен қамтылмаған және жұмыссыз азаматтар бар екендігі анықталды. Бұлар – өздерін зейнетақы төлемдерін, медициналық қызметтер мен әлеуметтік сақтандыруды алу мүмкіндіктерінен айырып отырған тәуекел тобындағы азаматтар.
Аталған санаттағы азаматтар үшін біз «2018-2019 жылдарға арналған өзін-өзі жұмыспен қамтылған тұрғындарды рәсімдеу Жол Картасын» қабылдадық. Біз алдағы 2 жылда өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз 97 мың облыс тұрғынын рәсімдеу мен жұмысқа орналастыруды міндет етіп қойып отырмыз.
Соған қарамастан, олардың арасында өкінішке қарай, жұмыс істегісі, әлеуметтік жарнаны өз бетінше төлегісі келмейтіндер де бар екендігін мойындауға тиіспіз. Барып тұрған масылдық! Ондай адамдар бізде 15 мыңнан асады. Дегенмен, бұл санаттағыларды да жігерлендіру және түсіндіру арқылы қажетті жұмыс жүргізудеміз.
2018 жылдың 6 айындағы жұмыстардың қорытындысы: 7000-нан астам адам жаңа жұмыс орындарына орналастырылды, 20400-ден астам адам нәтижелі жұмыспен қамтылды, 20000-ға жуық азаматтың қызметі заңдастырылды, олардың 17000-ға жуығы жұмыс берушілермен еңбек келісім-шарттарын жасасты және 3000-нан астам адам мемлекеттік кіріс органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз кәсіптерін бастады.
Соның нәтижесінде, жыл басынан бері бізге өнімсіз жұмыспен қамтылған және жұмыссыз ретінде тіркелмеген адам санын 27 мыңнан астамға азайтуға қол жеткіздік және бұл көрсеткішті 70 мыңға жеткізу көзделіп отыр. Бұл – біздің екінші жартыжылдықта жұмыс жасайтын контингентіміз.
Әрине, бұл жерде шағын және орта бизнесті дамыту үлкен рөл атқарады. Ол – әлеуметтік аз қорғалған адамдардың санын азайтудың өте тиімді тәсілі.
Сондықтан да, біз 2014 жылы өзінің икемді кепілдік саясаты бар, әсіресе, ауылдық жерлердегі жұмыссыздарды несие ресурстарымен қамтамасыз ете алатын Аймақтық инвестициялық орталық құрдық. Бір ғана биылғы жылдың өзінде Аймақтық инвестициялық орталықты қаржыландыруға облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлініп, шағын бизнестің 280 жобасы қаржыландырылды және 540-тан астам тұрақты жұмыс орындары құрылды.
Өздеріңіз білесіздер, әкімдіктің, мәслихаттың, «Нұр Отан» партиясы филиалының, Қоғамдық кеңестің және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының бірлескен шешімімен 2018 жыл облысымызда «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып жарияланды.
Біз кешенді «Жол картасын» әзірледік, соның нәтижесінде ағымдағы жылы барлық қаржы көздерінен 32 млрд теңгеден астам қаржы бөлу көзделуде.
Өткен маусым айында облыстың барлық аудандарын жұмыс сапарымен аралап шығып, аудан басшылары мен жауапты кураторлардың шағын кәсіпкерлікті дамыту жоспарларымен танысып, жұмыстарын тыңдадық. Айта кету қажет, қабылданған шаралардың алғашқы нәтижелері байқалуда. Ағымдағы жылы облыста жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілер 11%-ке көбейді. Аталған көрсеткіш бойынша Қызылорда облысы аймақтар арасында көш бастап тұр.
Халықты жұмыспен қамту мәселесін кәсіпкерлікті дамыту, оқыту және басқа да белсенді шаралар арқылы шешуге ықпал ете отырып, сонымен қатар, бүгінгі күні жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарды пайдалы еңбекпен барлық мемлекеттік, салалық және өңірлік бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдалану арқылы қамтамасыз етуге де барынша күш салып жатырмыз.
Енді бюджетке қатысты.
Өткен жылмен салыстырғанда биыл мемлекеттік бюджетке салықтар мен төлемдердің түсімінің 34%-ке артуын экономикадағы оң динамиканың нәтижесі деп бағалауға болады. Оның ішінде жергілікті бюджет көлемі 48%-ке артты.
Бүгінгі таңда облыс бюджеті 250 млрд теңгеден асып түсті. Естеріңізде болса, біз жыл басында бекіткен бюджеттің көлемі 220 млрд теңге болатын. Қызылорда облысы бюджетінің тарихында бұндай көрсеткіш алғаш рет болып отыр. Ол 2013 жылғы бюджеттен 71 млрд теңгеге, өткен жылдың бюджетінен 26 млрд теңгеге көбейген. Бұл біздегі әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік берді: ауылдық елді мекендерде жолдар мен көшелер құрылысы, Қызылорда қаласында сол жағалауды дамыту қолға алынды, шағын және орта бизнесті дамытуға, оның ішінде «Байқоңыр» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын кластерлік дамытуға, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамытуға салаларды цифрландыруға қаржы бөлінді. Сөйтіп, маңызды деген бірқатар мәселелер өз шешімін тапты.
Бұған қосымша, ағымдағы жылы облыс аумағында 41 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Олардың 20-сын біз уақытылы қаржыландыру нәтижесінде пайдалануға бердік. Қалған 10 нысанды біз жыл аяғына дейін пайдалануға беріп, ал, 11-нің құрылысын 2019 жылы аяқтаймыз.
Бюджет демекші, Төртінші деңгейлі бюджетті енгізу маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Өздеріңізге мәлім, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап халық саны 2000-нан асатын 65 елді мекеннің дербес бюджеті бекітілген болатын. Ауыл әкімдері ауылдың дербес бюджетін 19 бағыт бойынша жоспарлап, игеретін болады.
Олардың ішінде көгалдандыру, көркейту, мектепке дейінгі балалар ұйымдарының қызметін қаржыландыру, еңбекпен қамту, аудандық деңгейдегі автомобиль жолдарын жаңғырту және салу, сондай-ақ, басқа да бағыттар бар.
Сол себепті, жергілікті әкімдердің тарапынан жұмыстың белсенді жүргізілуі бюджет қаржысын тиімді әрі нәтижелі игеруді қамтамасыз етеді. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда кейбір әкімдердің қызметі сын көтермейді. Аудан, қала әкімдіктері тарапынан тиісті бақылау-қолдау жетіспейді.
Білім саласында биыл 15 нысан пайдалануға беріледі. Жыл басынан бері 4 мектеп және 6 балабақша пайдалануға берілді. Тағы 4 мектеп және балабақша екінші жартыжылдықта пайдалануға беріледі.
Білім берудің сапасын арттыру жұмыстары өз жалғасын тауып келеді.
Біз 2014 жылдан бастап мектеп түлектерін мақсатты түрде үздік отандық және ресейлік жоғары оқу орындары мен колледждерге жіберіп келеміз.
Алғашқы 62 студентіміз осы айда Ресейдің маңдайалды инженерлік оқу орындарының дипломдарын алып, елге оралады, олардың ішінде 13 түлек магистратурада оқуларын жалғастыруды жоспарлап отыр.
Біз бұл жастарға айрықша үміт артамыз.
Облыстың бірқатар кәсіпорындары түлектерді жұмысқа қабылдауға дайын.
Мысалы, «КазАтомПром» кәсіпорны 11 жаңа жас маманды, ал, «Гежуба Шиелі Цемент» серіктестігі 8 адамды жұмысқа қабылдауды жоспарлап отырса, «СКЗ-U» күкірт қышқыл зауыты, Қызылорданың аз тонналы мұнай өңдеу зауыты, «Кристалл менеджмент» және басқа да ірі кәсіпорындар түлектерді жұмысқа қабылдауға тілек білдіріп отыр. Бірқатар түлектер мемлекеттік қызметтің кадрлық резервіне алынатын болады.
Өздеріңізге мәлім, жыл сайын ауылдық жерлердегі көпбалалы және тұрмысы төмен отбасынан шыққан түлектер үшін облыс әкімінің 100 гранты бөлінеді. Бүгінде мұндай грантты иеленушілердің саны 700 адамға жетті.
Биылдан бастап облыс әкімінің грантын 2 есеге өсірдік. Олардың 70%-і ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтарға бөлінетін болады.
Сонымен бірге, жыл сайын Қазанның «Иннополис» университетімен қызылордалық балаларды оқыту туралы келісім жасалды. Мәскеудегі «Сколково» инновациялық орталығымен ынтымақтастық орнатылуда.
Ағымдағы жылдан бастап М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу университетінің «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» мамандықтары бойынша Қызылорда жастарына магистратурада оқу үшін 20 грант бөлінгенін атап өткім келеді. Бұған қосымша үстіміздегі жылдың шілде айының басында біз Астанада ЕвраАзЭС-тің парламентаралық Ассамблеясы жанындағы университетпен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Оның құрамына 3 институт, 4 факультет, 17 кафедра кіреді.
Жоғары оқу орнының негізгі мамандықтары «Юриспруденция», «Сервис», «Туризм», «Экономика», «Менеджмент», «Кеден ісі», «Жарнама және жұртшылықпен байланыс», «Конфликтология», «Дизайн», «Декоративті қолөнер және халықтық кәсіпшілік», «Сауда ісі», «Психология». Бізге қажеті де осы!
Қазір – қабілеттілікке қол жеткізетін ең қажетті деген маман кадрларды дайындау заманы. Біздің өрендеріміз білім алатын университеттің жаңа бағыттарының бірі – бизнес-информатика. Осы мамандық аясында цифрлы экономиканың дамуы кезінде маңызды болып отырған блокчейн және криптовалютаны меңгеретін болады.
Университет жыл сайын түсу емтихандарын сәтті тапсырған Қызылорда облысының түлектеріне 10 білім беру грантын бөлетін болды.
Осы жылы түлектеріміздің жоғары және арнайы оқу орындарына түсу көрсеткіші қандай боларын әзірше білмейміз. Былтыр бұл көрсеткіш 97%-ке жетті, бұл – мақтануға лайық көрсеткіш. Биыл да қорытынды жаман болмас деген ойдамыз.
Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша орташа балл 85,82-ні көрсетті, бұл былтырғы (82,4) көрсеткішпен салыстырғанда 3,5 балға жоғары. Сонымен қатар, биыл 100 балдан жоғары жинаған оқушылар қатары да былтырғы жылмен салыстырғанда (20%) өсіп, 23,8%-ке жетті. Бірнеше жылдан бері біздің аймақ ҰБТ көрсеткіштері бойынша алдыңғы бес облыстың қатарына кіреді.
Өкінішке қарай, жоғары оқу орнына түсуге қажетті 50 балды жинай алмаған түлектер де бар. Биыл олардың саны 113 адам, бұл жалпы Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырғандардың 2,3%-і. Былтырғы жылмен салыстырғанда, жоғары оқу орнына түсуге қажетті шекті балл жинамаған түлектер санының азаюы қуантады.
Бірақ, бұл әлі де болса шешімін табуы қажет проблемалардың, назардан қалыс қалған мәселелердің бар екендігін көрсетеді. Қалай болғанда да, жоғары және арнайы оқу орындарына түсе алмай қалған жастардың әрқайсысымен жеке жұмыс жасайтын боламыз. Олардың өзін «жоғалтып», «маргинал» жастар қатарын толықтыруына қол қусырып қарап отыруға болмайды.
Биыл денсаулық сақтау саласында жалпы адам өлімінің көрсеткіші 1,5%-ке азайды, қатерлі ісіктен болатын өлім саны 10,4%, қан айналым жүйесінің бұзылуынан болатын өлім саны 9,4% төмендеді.
Әсіресе, сәби өлімі санының былтырғы жылмен салыстырғанда 14,3%-ке төмендегені қуантады.
Өкінішке қарай, жыл басынан бері ана өлімінің 2 дерегі тіркелді. Жүргізілген зерттеу жұмыстарының қорытындысы бұл жағдайдың орын алуына босанушылардың өз денсаулығына селсоқ қарауы себебінен болды дегенімен, шынтуайтына келгенде, мұндай жағдай мүлде орын алмауы керек! Қалай болғанда да дәрігерлердің де кінәсы бар! Яғни, қадағаламадық, ауруларды көндіре алмадық!
Естеріңізде болса, бірнеше жыл қатарынан біздің аймақта жиі кездесетін ауру түрлері бойынша арнайы «Жол картасы» іске асырылып келеді.
Қазір тұрғындардың өлім көрсеткішінің 52 процентін құрап отырған аурудың 5 тобы бойынша 5 «Жол картасын» жүзеге асырып келеміз. Бұл жұмыстар 2020 жылға дейін іске асырылады.
Белгіленген мерзімге дейін аурулар бойынша көрсеткіш саны нөлдік межеге төмендейді деп үміттенеміз.
Біз биыл Арал қаласында бюджет есебінен салынған 150 төсектік аудандық аурухананы пайдалануға береміз және Жаңақорған кентіндегі 250 келушіге арналған емхана құрылысын аяқтауға тырысамыз.
Шиелі ауданындағы Шиелі кентінде 150 орындық аудандық аурухана, Қармақшы ауданының III Интернационал ауылында 10 төсектік аурухана құрылысын жүргізудеміз, 2019 жылы екі нысан да пайдалануға беріледі.
Күн тәртібінде – Жалағаш ауданындағы апатты аурухананың орнына жаңадан аурухана салу.
Денсаулық сақтау саласы біздің жұмысымыздың басым бағыты болып келді және бола да береді.
Спорт саласы туралы да айта кетейік. Біз биыл бірден 8 нысанды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оның 3-і – Жаңақорған ауданындағы Түгіскен ауылында, Арал ауданындағы Сексеуіл кентінде және Қармақшыдағы Төретам ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді. Қалған бес нысанның құрылысын жыл соңына дейін аяқтаймыз.
Осы жылдың 6 айында біздің спортшыларымыз ҚР чемпионаттарында 865 медаль (280 алтын, 267 күміс және 318 қола) иеленді. Азия мен Әлем чемпионаттарындағы табысымыз 50 медаль (17 алтын, 23 күміс, 10 қола) болды.
26-29 шілде күні Қызылорда қаласында VI облыстық спорттық халықтық ойындар өтеді. Жарыс жеңімпаздары күзде Ақтау қаласында өтетін VI республикалық ойындарға қатысып, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жүлдесі үшін сайысатын болады.
Тамыз бен қазан айының аралығында әлемдік деңгейдегі екі үлкен дода – Джакарта (18 тамыз-2 қыркүйек) қаласында өтетін жазғы Азия ойындары, 6-18 қазан аралығында Буэнос-Айресте болатын Жасөспірімдердің олимпиадалық ойындары тұр.
Жерлестеріміз жазғы Азия ойындарына әзірше 4 жолдама алды. Ал, олимпиада ойындарына байдарка мен каноэ есуден Диас Бахрадин қатысады.
Біз жерлестеріміздің жеңіспен оралатынына сенеміз.
Қоғамдық сананың қалыптасуына мәдени құндылықтар үлкен ықпал етеді.
Мәдениет саласын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екендігін жақсы білесіздер.
Соңғы 5 жылда облыстағы мәдениет саласының бюджеті 2 есе өсті.
Биылдың өзінде Жалағаш ауданындағы Мәдениет ауылында, Шиелі ауданындағы Еңбекші елді мекенінде 150 орындық ауыл клубтарын қолданысқа бердік.
Алдында айтып өткенімдей, Сырдария өзенінің сол жағалауында бұрынғы Қазақ Орталық атқару комитеті ғимаратының сызбасы бойынша ғимараттың құрылысы аяқталып, онда «Қала тарихының музейі» мен аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығы орналасатын болады. Музейдің залдарына экспозициялық жұмыстарды жүргізіп жатырмыз.
Астананың сол жағалауында Елорданың 20 жылдық мерейтойына арнап Қызылорда облысы жасаған және Астананың тұрғындарына арнап сыйға берілген зымырандық-ғарыштық техника экспозициясының, ашық аспан астындағы өзіндік ерекше музейінің ашылуы жарқын оқиға болып табылды.
Егер естеріңізде болса, Сіздердің қолдауларыңызбен, бұл жобаны біз облыстық бюджеттің қаражаты есебінен іске асырды, бұл – Мемлекет басшысының, кезінде облысты және Солтүстік Аралды сақтау туралы шешімінің дұрыс екендігінің дәлелі. Бір кездері келешегі жоқ, қолайсыз облыс болып саналған Қызылорда Елбасының, Үкіметтің қолдауымен жерлестеріміздің қыруар еңбегінің арқасында бүгінгі күні белсенді дамып отырған экономикасы бар аймаққа айналды.
Осы жылдың 11 шілдесінде біз Мемлекет басшысынан Астананың мерейтойына байланысты құттықтау алдық, онда Елбасымыз Сыр елінің барлық тұрғындарына Елордаға жасаған ерекше сыйлығы үшін, Астана қаласының гүлденуі мен дамуына қосқан қомақты үлесі үшін алғысын білдірді.
Сыр өңірінің мәдениеті мен өнерін танымал ету, алыс және жақын шетел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мен мәдени ынтымақтастықты дамыту мақсатында бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды.
Ағымдағы жылдың наурыз айында облыстық филармонияның шығармашылық ұжымының Ресей Федерациясы Орынбор облысының қалалары мен аудандарында гастрольдік концерттері өткізілді, Қазақстан Республикасы Елшілігінің қолдауымен Ұлыбританияда «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі Лондондағы «Наурыз мейрамын» мерекелеуге қатысты, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен Түркітілдес халықтардың халықаралық фестивалі аясында Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі Түркияның төрт қаласында өнер көрсетті.
Белгілі әнші, композитор, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Батырхан Шөкеновтің есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында Қызылорда қаласының орталығындағы өз атындағы саябақта ескерткіші орнатылды.
«Қазақстанның киелі жерлері» жобасының бірінші кезеңі іске асырылып, нәтижесінде, облыстың 12 ескерткіші «Жалпыұлттық киелі жерлер» кітабына, 35 нысан «Өңірлік киелі жерлер» кітабына енгізілді.
Сығанақ, Жанкент, Сортөбе, Қышқала және Бәбіш мола қалашықтарындағы археологиялық қазба жұмыстары жалғасып жатыр.
«Қызылорда облысындағы тарихи-мәдени мұралардың нысандарының интерактивті картасын 3D форматта жасау» жобасы бойынша жұмыстар басталды. Жұмыстарды қараша айында аяқтау жоспарланып отыр.
Орталық мемлекеттік органдармен Қызылорда қаласында Ұлттық өнер академиясын құру жобасы келісілуде.
Бұл – мәдени мұраларды дәріптеу және ұлттық кодты сақтау үшін облысымызда жасалып жатқан игі істердің бір бөлігі ғана.
Мемлекет басшыларының тапсырмаларын орындауда Ресей Федерациясымен бірлескен жұмыстар жүргізу нәтижесінде ғарыш айлағы мен Байқоңыр қаласының перспективалық дамуы мәселелерін шешу бойынша біз алға жақсы жылжыдық.
«Бәйтерек» бірлескен зымыран кешенін құруда «Зенит-М» инфрақұрылымдарының нысандарын Ресей Федерациясынан жалға алудан шығару және қазақстандық тарапқа тапсыру рәсімі жүріп жатыр. Медицина мәселелері мен жер учаскелерін жалға алудан шығару бойынша келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаларға қол қойылды, Байқоңыр қаласын дамытудың ұзақмерзімді бағдарламасы әзірленді.
Байқоңыр қаласында тұрғын үйлердің құрылысы басталды, қалалық су құбырлары мен кәріз жүйелерін қайта құрудың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жүріп жатыр, қаланың тұтынушылары қазақстандық табиғи газға ауыстырылуда.
Сонымен қатар, қаланың серпінді дамуы үшін үшінші елдерден ауқымды инвестициялар тарту қажет.
Өзекті мәселелердің бірқатарын алда өтетін Үкіметаралық комиссияның 6-отырысында қарау үшін өз ұсыныстарымызды әзірледік, ол жайлы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А.Маминнің «Роскосмос» ғарыштық қызмет жөніндегі мемлекеттік корпорациясының жаңа бас директоры Д.О.Рогозинмен 9 шілдеде жұмыс кездесуі барысында баяндалды.
Біріншіден, әзірленген Байқоңыр қаласын дамытудың ұзақмерзімді бағдарламасында бизнесті дамытуға қолайлы жағдайлар жасау, қала экономикасын әртараптандыру үшін инвестициялар тартуға «Байқоңыр» кешенінің аумағында айрықша экономикалық аймақ құру мүмкіндігі қарастырылуы қажет.
Екінші. Біз ресейлік тарап жалға алушы ретінде қаланың инфрақұрылымын қамтамасыз етіп, ұстап тұруға және тұрғындарға қолайлы жағдайлар жасауға, ал, қазақстандық тарап меншік иесі ретінде қаланың тіршілігіндегі нысандардың қайта жаңғыруына, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды салуға жауап береді деп шартты түрде келіскен Байқоңыр қаласын дамытудың ұзақмерзімді бағдарламасын келісімнен өткіздік.
Және осы бағытта нақты жұмыстарды бастадық. Қала әкімшілігі «Роскосмостың» қолдауымен қаланы абаттандыру, жолдарды жөндеу, тұрғын үйлерді газдандыру бойынша жұмыстарды бастады.
Облыс әкімдігі Үкіметтің қолдауымен 5 көпқабатты үйдің құрылысын бастады, су және кәріз құбырлары желілерін коммуналдық меншікке қабылдады және оларды қайта жаңғырту бойынша техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жүргізіліп жатыр, қазақстандық мектептер мен ауруханалар газдандырылды.
Аталған жұмысты жүйелі негізде жалғастыру үшін қаланы дамытуды қаржыландыру көздерін Ресей тарапынан да, Қазақстан тарапынан да нақтылау қажет.
Үшінші. Біздің қазақ тілді мектептерді қазақстандық стандарттарға ауыстырғанымызды білесіздер.
Бірақ, Байқоңыр қаласында Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын 1500-ден астам бала Ресей стандарттары бойынша орыстілді мектептерде оқиды, осыған орай қазақстандық білім беру стандарттары бойынша орыс тілінде оқытатын мектептер ашу қажеттілігі туындайды.
Бұдан басқа, 2700-ден астам қазақстандық бала ресейлік балабақшаларда тәрбиеленіп жатыр. Қазақстандықтар балабақшада үш тілді үйренеді, ал, келесі жылдан бастап латын әліпбиін зерделеуді енгізу жоспарланып отыр.
Байқоңыр қаласының әкімшілігімен бірлесіп, аталған мәселені шешудің 2 нұсқасын қарастырып жатырмыз:
1) оқыту орыс тілінде жүргізілетін мектептердің бірін қазақстандық оқыту стандартына ауыстыру;
2) қазақстандық тараптың қаражаты есебінен жаңа мектеп салу.
Енді тұрғын үй құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында қандай жұмыстар жүргізілгені, алда тұрған міндеттерге тоқталып өтсек.
Ағымдағы жылдың басынан бері 228 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Былтырғы жылғы осы кезеңде пайдалануға берілген тұрғын үй көлеміне биыл аздап жетпейтіндігін бұған дейін де айтып өттім. Дегенмен, бүгінде Қызылорда облысының аумағында 1726 пәтерлік 42 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның кем дегенде 36-сын ағымдағы жылы пайдалануға береміз, оның ішінде Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауында бірден-бір шағын аудан – 16 көппәтерлі тұрғын үйді беруді жоспарлап отырмыз.
Сондықтан, біз ағымдағы жылы 2017 жылға қарағанда кем түспейтін 667 мың шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа енгіземіз деп есептеп отырмыз. Естеріңізге сала кетейін, былтырғы жылы тұрғын үй құрылысының көлемі бойынша біз Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облысы сияқты ірі қалаларды басып оздық.
Биылғы міндетіміз – облысымыздағы халықтың әлеуметтік осал топтарын мейлінше қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Осы мақсатта 2017 жылы біз «Орда» тұрғын үй құрылысының жол картасын әзірледік. Бірінші болып бағдарламаның игілігін апатты жағдайдағы тұрғын үйлер мен жатақхана тұрғындары көруде.
Жеке тұрғын үй құрылысына алаңдар дайындауды жалғастыра береміз.
Ағымдағы жылы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы бойынша 40 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз (9-ы Қызылордада, 4-і Арал ауданында, 15-і Қазалыда, 2-і Қармақшыда, 1-і Сырдарияда, 6-ы Шиеліде және 3-і Жаңақорған ауданында).
Ағымдағы жылдың 6 айында 21,3 км инженерлік желілерді енгіздік, жылдың аяғына дейін 495 км енгізуді жоспарлап отырмыз.
Облысты газдандыру жобасы бойынша жұмыстар жалғасуда. Қармақшы ауданының Жосалы кентінде автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы аяқталып, кварталаралық газ құбырларының құрылысы бойынша жұмыстар басталды.
Сырдария және Жалағаш аудандарында газ тарату стансасын орнатуы мен жобаның іске асырылуына республикалық және облыстық бюджеттен ағымдағы жылы 1,2 млрд теңге бөлінді, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды.
Сондай-ақ, кварталаралық газ құбырларының құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеп жатырмыз.
Сырдария өзенінің сол жағалауында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы бойынша ауқымды жұмыс өріс алды.
Екінші жартыжылдықта Қызылорда қаласының сол жағалауын газбен қамтамасыз ету, электрмен қамтамасыз ету, сумен қамтамасыз ету және су тарту бойынша алғашқы жобаларды іске асыруды аяқтаймыз. Бұйырса, келесі жылы үш жаңа шағын ауданның құрылысына кірісеміз.
Жалпы «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде ағымдағы жылы 72 км су құбырын және 4,5 км кәріз желісін қайта жаңғыртуды жоспарлап отырмыз.
Бұдан басқа, ағымдағы жылы Сырдария ауданындағы Қалжан ахун, Жалағаш ауданындағы Шәменов және Мырзабай ахун елді мекендеріндегі су құбырлары желілерінің құрылысы жалғасады.
Сумен қамтамасыз етуге қатысты көп жылдар бойы Жаңақорған кенті жалғыз проблемалық орталық болып қалып келеді. Сондықтан, өткен жылдан бері 193 км су құбырлары желілерін ауыстыруды қарастыру шеңберінде құны 4 млрд теңгеден астам жобаны іске асыру басталды. Бүгінгі күні 163 км желі салынды, қалған 30 км құрылысты ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтаймыз. Осылайша, сумен қамтамасыз ету проблемасын бұл елді мекендерде толықтай шешетін боламыз.
Бұдан басқа, Өздеріңіз білесіздер, өткен жылдың маусым айынан бастап облысымызда ауылдық елді мекендерді сумен қамтамасыз ету бойынша «Қазсушар» кәсіпорны бірыңғай оператор ретінде жұмыс жасайды.
Бұл шешімді біз әлсіз материалдық-техникалық базадан туындайтын, жергілікті аймақтарда арнайы техниканың және білікті мамандардың болмауына байланысты сумен қамтамасыз ету жүйесін дұрыс пайдаланбауға әкеп соғатын проблемаларға байланысты қабылдадық.
Біздің оң тәжірибемізді ескере отырып, республикалық Су ресурстары жөніндегі комитеттің бастамасымен 19-20 шілдеде ауылдық елді мекендерді сумен қамтамасыз ету мәселелері жөнінде республикалық семинар-кеңесті Қызылордада өткіземіз.
Жолаушылар тасымалы саласында әуе қатынастары бөлігінде жақсы жаңалықтар бар. 16 шілдеден бастап аптасына 4 рет қатынайтын «Мәскеу-Қызылорда-Мәскеу» жаңа әуе рейсі жұмыс жасай бастады. Әуе тасымалы «Аэрофлот-российские авиалинии» компаниясының «Эйрбас» және «Boeing-737» әуе кемелері арқылы жүзеге асырылатын болды.
Одан басқа, «Байқоңыр-Қызылорда (әуежай)» трансфері ұйымдастырылды.
Айтқандай, Қазақстан Республикасы Экономиканы қайта жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссиясы отырысының хаттамасымен ағымдағы жылғы мамырда Жекешелендірудің кешенді жоспарынан «Қорқыт Ата әуежайы» акционерлік қоғамын шығарып тастау туралы шешім қабылданды, бұл өз кезегінде жаңа әуе терминалын салу үшін инвестор тартуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда бұл мәселені «Базис» және «BI-Group» компанияларымен мемлекеттік-жеке серіктестік шеңберінде қарастырып жатырмыз.
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік-жеке серіктестік аясында 73 жоба іске асырылуда, 10-ы бойынша келісімшарттарға қол қойылды.
7 ауылдық дәрігерлік амбулаторияның құрылысы және Қызылорда қаласындағы №101 мектепті газбен жылытуға ауыстыру бойынша конкурстық құжаттарды рәсімдеу аяқталды және жеке серіктестер анықталды. Бүгін-ертеңдері олар бойынша келісімшарттарға қол қойылмақшы.
Қазір бүкіл әлемде салалардың цифрландырылуына көңіл бөлініп жатқанын білесіздер.
Біз бірінші кезекте жұмыстарды жүргізетін пилоттық бағыттарымызды анықтап алдық.
Ағымдағы жылдың аяғына дейін біздің облыста 37 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз.
Осы жылдың қыркүйегінде мектепке дейінгі білім беру үдерісін автоматтандыру үшін облыстағы барлық мектепке дейінгі ұйымдарды «Электронды балабақша» электронды жүйесіне ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні бұл жүйемен әзірге 37,2% мектепке дейінгі қалалық ұйымдар ғана қамтылып отыр. Қазіргі таңда бұл жүйені облыс аудандарында да енгізу бойынша жұмыс жасаудамыз.
Ата-аналардың сәбиін дүниеге келісімен, бірден үйден шықпай-ақ балабақшаға кезекке қою, кезектің жылжуын қадағалау, сонымен қатар, балабақша қызметтерін электронды жүйе арқылы төлеу мүмкіндігі пайда болады.
Жалпы білім беру мекемелерінде «Күнделік» электронды журналына көшу жүзеге асырылады. Ақпараттық жүйемен қамту қазіргі уақытта 82,3%-ті құрайды. Ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін барлық мектептер интернетке қосылады, бұл аталған ақпараттық жүйеге 100% қосылуды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, 92 мектепті (40%) роботты техника кабинеттерімен, 4 тіректі мектепті және 9 оқушылар сарайын «3D-модельдеу» жиынтықтарымен жабдықтау іске асырылып жатыр. IT IMAQORDA ресурстық-әдістемелік орталығы ашылады. Аталған жоба бойынша қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу бойынша рәсімдер жүргізілуде. 2018 жылғы 1 қыркүйекке дейін жабдықтарды жеткізу және орнату жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланып отыр.
Денсаулық сақтау саласындағы облыстың барлық медициналық ұйымдары Кешенді медициналық ақпараттық жүйесіне қосылған. Пациенттерді қабылдау «Дамумед» мобильдік қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Электронды денсаулық паспорты (99,6%), пациенттің жеке кабинеті (29,1%) және электронды жазбасы (79,4%) жүргізіледі.
Осы жылғы 1 шілдеден бастап медициналық ұйымдарды «қағазсыз құжат айналымға» көшіру бойынша жұмыстар басталды. Осылайша, жылдың аяғына дейін 62 құжат электронды форматқа ауыстырылады.
Жедел медициналық жәрдем бригадасының барлығы (74 бірлік) «Көмек» ақпараттық жүйесінде жұмыс жасау үшін GPS навигаторлармен жасақталған және облыстық емханалармен біріктірілген.
Компьютерлік техникамен жабдықталу – 80%, интернетке қолжетімділік – 78%, жылдың аяғына дейін интернетпен қамтамасыз ету және оған қосылу 100% болады.
Сонымен қатар, облыстық медицина орталығында «Телемедицина» (пациенттерге шынайы уақыт режимінде қашықтан кеңес беру және диагноз қою) және «Біріктірілген операциялық жүйені орнату» жобалары жүзеге асырылады.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында «Ақылды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы» жобасын іске асыру үшін мәліметтерді жіберу, есепке алу құрылғысымен жабдықтау бойынша Қызылорда қаласы Есім хан көшесіндегі 6 көпқабатты үй анықталды.
Жалпы, үйді есепке алу құрылғылары таңдалған үйлердің көрсеткіштерін өндірістік интернет арқылы жұмыс жасайтын
«Е-шаңырақ» бірыңғай интеллектуалдық жүйесіне жолдап отыратын болады.
Коммуналдық қызметтерді төлеу рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған «Бірыңғай төлем құжаты» жобасы іске асырылады. Бүгінгі күні ол Қызылорда қаласында 85 мыңнан астам тұтынушыны қамтып отыр.
Көлік саласында үлкен сыйымдылықтағы 120 автобус бейнекамералармен және GPS-құрылғылармен жабдықталған. Оларда мемлекеттік-жеке серіктестің шеңберінде электронды билет беру жүйесі енгізілетін болады.
Қызылордадағы «Салтанат» ЖШС-ның автовокзалында автоматтандырылған есеп жүйесі енгізілуде. Қазір жабдықтарды жеткізу жұмыстары жүріп жатыр.
Қызылорда қаласындағы 11, 17 және 18-бағыттардағы аялдамаларға ақпараттық таблоларды орнату бойынша пилоттық жоба басталды.
Қауіпсіздік саласы бойынша мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын анықтау үшін 31 интеллектуалды камераны (9 жылдамдық өлшеуіш және 22 «Интегра-KДД» жол қозғалысын бақылаудың интеграциялық-интеллектуалдық жүйесі) іске қосу жоспарлануда.
«Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тіркелімімен» жұмыс жасауға жергілікті полиция қызметіне 117 жиынтық планшет пен термопринтер сатып алынатын және электрондық қылмыстық істі енгізу үшін 92 автоматтандырылған жұмыс орны ашылатын (Қызылорда қаласының полиция бөлімі үшін 80 жиынтық және Шиелі АІІБ үшін 12 жиынтық) болады. Бүгінгі күні әлеуетті өнім берушілер анықталып, жабдықтарды жеткізу жұмыстары жүргізілуде.
Бұрын айтып өткенімдей, ауыл шаруашылығы саласында тұтынушылар мен ауылшаруашылық тауарларын жеткізушілердің қажеттіліктеріне бағдарланған, тауарларды делдалсыз тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік беретін, сондай-ақ, интернет арқылы ауыл шаруашылығы өнімдері туралы толық ақпарат алуға болатын «Агробиржа» жобасы жүзеге асырылуда.
Кәсіпкерлік саласындағы мобильдік қосымшалар мен «Open kasipker» сайты кәсіпкерлерге арналған қызметтер мен шарттар туралы халықтың ақпараттандырылуын арттырады және кез келген ақпаратты алуда қажетсіз кезектерді азайтады.
Геоақпараттық онлайн-сервис облыстағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының кәсіпкерлерге қызмет көрсету сапасын жақсартуға, рұқсат құжаттарын алу уақытын қысқартуға және монополиялық ұйымдардың жеке-дара кіруін болдырмауға бағытталған.
Бұған қоса жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігін арттыру және оңтайландыру, тәртіпті және олардың жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықты және басқа да құқықбұзушылықтарды болдырмау, кадрлардың қолданыстағы резервін дайындау бойынша қосымша шаралар қабылданып келеді.
Менің бүгін Сіздерге баяндағым келгені негізінен осы. Бұл, әрине, аймақта шешіліп жатқан мәселелердің барлық спектрі емес. Сонымен қатар, қалыптасқан дәстүр бойынша облыстық мәслихаттың әрбір отырысында Сіздерге облыста өткізілетін барлық іс-шаралар туралы хабарлаймыз.
Қорытындылай келе, Аймақты дамыту бағдарламасында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сипаттайтын жылдың соңына дейін қол жеткізуге тиіс 121 индикатор қаралғаны айтқым келеді. Барлық осы сан алуан жұмыстың нәтижелерін қорытындылайтын ең негізгісі, бұл өңірлік өнімнің физикалық көлемінің индексі болып табылады. Оны 100,4%-ке жеткізу – 2018 жылға міндет. Ағымдағы жылдың 6 айының нәтижелерін талдай келе, бұл міндет күрделілігіне қарамастан, қолдан келетіні сөзсіз.