Аймақта 2018 жылды “Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы” деп жарияланғаны осы бағыттағы біраз мәселенің оң шешілуіне ықпал етті. Осы мақсат аясында ауылдық жерде микронесиелер берудің аясын кеңейту үшін «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда қаржы толықтай игерілді. Мұнан өзге, қосымша жалпы құны 500 млн теңгені құрайтын жобаларға келісім берілді. Аталған жобалар тамыз айында қаржыландырылады деп күтілуде. Осы жерде атап өтетін жайт, жарты жыл ішінде несие алу үшін жалпы құны 8,1 млрд теңгені құрайтын жоба ұсынылды. Салыстыру үшін айтатын болсақ, 2016 жылы берілген несие көлемі 770 млн теңге, ал ұсынылған жобалар бойынша жалпы қаржы көлемі 2,5 млрд теңге болған.
Егер 2016 жылы бақылау кеңесіне ұсынылған жобалардың 15%-інің кепіл мүлкі болмаса, қазір бұл көрсеткіш тек 3%-ті ғана құрап отыр. Бұл ауыл халқының аталған бағдарламаға деген сенімі арта түскенін аңғартады. Қазір халықтың кәсіппен айналысуға мүмкіндік бар екендігіне көзі жетті.
“Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы” аясында ауылдық округ әкімдерін оқыту жобасы да өміршең бастама. Қазір біз «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының бақылау кеңесін ашық түрде, аудан әкімі орынбасарлары мен ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен өткізіп жатырмыз. Осы отырыстарда ауыл әкімдерінің белсенділігін, жобаның жүзеге асырылуына деген ынтасын көріп отырмыз, яғни нәтиже көз алдымызда.
Әр аймақтың негізгі көрсеткіші инвестиция тарту мүмкіндігіне байланысты. Осы бағытта басталған іс нәтижелі болуы үшін бір жылмен шектелмей, қолдау шараларын 2020 жылға дейін жалғастырса деген ұсыныс айтқым келеді. Бұл аймақ бизнесінің дамуына дем беріп, экономикамыздың өркендеуіне әсерін тигізетіні сөзсіз.
Асқар МАХАМБЕТОВ,
облыстық мәслихат депутаты,
Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы.