Өткен жылы барлық жергілікті бюджеттердің түсімдер жоспарлары артығымен орындалып шықты, шығыстар жоспары 99 проценттен асты.
Олардың ішінде облыстық бюджетке тоқталып кетейік. Облыстық бюджеттің түсімдері 192,9 млрд теңгеге орындалып, бюджетке 445 млн теңге артық түсті. Оның ішінде жергілікті бюджет өзі табатын кірістер бойынша 103,3 процентке орындалды. Жалпы соңғы жылдары түсімдер жоспары артығымен орындалып келеді.
Шығыстарға келетін болсақ, екі жыл қатарынан жоспардың орындалуы 99,9 процентке жетті. Өткен жылы облыстық бюджеттен аудандар мен Қызылорда қаласы бюджеттеріне 61 млрд теңге субвенция, 5 млрд теңге кредиттер, 22 млрд теңге трансферттер бөлінді. Облыстық бюджеттен 29 бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің шығыстары қаржыландырылды.
Соңғы жылдары бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің алдындағы негізгі міндет қаражатты игерудің тиімділігін арттыру және сәйкесінше бюджетті сапалы атқару болып келеді. Яғни, республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген бюджет қаражатын, нысаналы трансферттер мен кредиттерді тиімді және дер кезінде игеру күн тәртібінен еш түскен емес.
Солардың қатарында кредиторлық берешекті азайту бағытындағы үздіксіз атқарылып келе жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруде. Өткен жылғы кредиторлық қарыз 22,6 млн теңге көлемінде қалыптасып, ол 2016 жылмен салыстырғанда 9,5 есеге азайды.
Бұл цифрлардың астарында жұмысты нақты жоспарлау мен қыруар еңбек жатыр. Облыстағы атқарушы билік қолға алған байыпты бастамалар арқасында ел тұрмысы жақсарып, әр салада серпінді жобаларға жол ашылып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасып отыр.
Талғат ЖАҚЫПБАЕВ,
облыстық қаржы басқармасының басшысы.