Мың алғыс саған, Мундиаль!

Бір ай бойы әлемді дүбірге бөлеген футбол тойы мәресіне жетті. XXI ғасырдағы XXI Әлем чемпионаты тарих қойнауына сүңгіді. Бірақ қызығы мен шыжығын ел назарына айта жүретіндей қалдырып кетті. Финалда хорваттарды жеңген Франция футболшылары Әлем чемпионы атанды.

Хорваттардың ерлік жасап осы кезеңге дейін жеткеніне қарамастан, финалдың фавориті Франция екені даусыз еді. Өйткені, жартылай финалын бір күн ерте ойнады. Екіншіден, Хорватия секілді 120 минут шайқасып та жүрмеді. Франция соққан бір голының арқасында қорғанысты мықтап ұстап, еш жарақатсыз, «сары қағазсыз» финалға шықты. Ал Хорватия сапындағы футболшылардың қалай шаршағанын көзіміз көрді. Бірнеше ойыншының жарақаты да жоқ емес. Сондықтан финалда Франция басымдыққа ие болды. Ал хорваттар соңғы демі қалғанша, жеңісті қолдан бергісі келмеді.

Мәскеудегі «Лужники» стадионында Франция мен Хорватия құрамалары Әлем кубогы үшін айқасты тартысты бастады. Қос команда да финалға тыңғылықты дайындалыпты.

Алғашқы кезеңде хорваттар белсенді шабуылдады. Ал Франция құрамасы болса, қарымта шабуылға шығып өз мүмкіндіктерін күткен. Бұл тактика нәтиже берді. Ойынның 18 минутында француздар айып соққысын орындап, нәтижесінде Марио Манджукич өз қақпасына гол соғып алды. Бұл жағдай Әлем чемпионаты финалындағы алғашқы автогол болып саналды. Бірақ 10 минуттан соң «Интер» ойыншысы Иван Перишич есепті теңестіре алды. Лука Модричтің әдемі пасы Врсалькоға жетіп, жартылай қорғаушы Домагой Виданың аяғына доп салған. Ол ашық тұрған Перишичті тапты. Алайда ойындағы үшінші голды тағы да француздар соқты. Анте Ребич өз айып алаңында қолмен ойнап, бас төреші Нестор Питана VAR көмегіне жүгінгеннен кейін пенальти белгіледі. Ал 11 метрлікті Антуан Гризманн дәл орындап, командасын алға шығарды.

Екінші тайм бастала салысымен хорваттар француздарды өз айып алаңдарына қарай қуып тығып, біржолата қамап тастады. Қайта-қайта шабуылдап, Дешам шәкірттерінің дегбірін алды. Осындай шабуылдан аздап ес жиып, алға қарай шыққан үш жолақты ел ойыншыларының жолы бола қойған жоқ. Қарымта шабуылдардың бі­рінде француздар ашық қалған хорват айып алаңын сәтті пайдаланды. Погба алыстан дәл соққы бағыттап, Субашич қақпасынан саңылау тапты.

Осыдан кейін ойын тіпті шиеленісті. 65 минутта француздың жас перісі Килиан Мбаппе өз еншісіне гол жазып, командасының төртінші голын соқты. Хорватияның жағдайы қиындай түсті. Дегенмен, Марио Манджукич бұл матчтағы екінші голын соға алды. Бұл жолы Франция қақпасына. Есеп 4:2 француздардың пайдасына. Осылайша, кездесу соңына дейін осы есеп өзгеріссіз қалып, Франция Әлем чемпионы атанды.

Франция араға 20 жыл салып чемпион атанды. 1998 жылы Франция құрамасы чемпион болған соң, араға 3 ай салып, өмірге Килиан Мбаппе келіпті. Францияны алға жетелеп, маңызды голдарды соғып жүрген 19 жастағы талант финалда гол соғып, тарихта қалды. Ал Дидье Дешам футболшы кезінде көтерген кубогын араға 20 жыл салып бапкер ретінде қайта көтерді.

Бельгия мен Англия қола жүлде үшін талас­та өзара мықтыны анықтады. Бұл сында «қызыл сойқандар» ұлыбританиялықтардан басым түсті. Ресейдің Санкт-Петербург қала­сындағы «Крестовский» стадионында өткен кездесу 2:0 есе­бімен бельгиялықтардың пай­­да­сына шешілді. Бельгия құрамасы осы Әлем бірін­ші­лі­гінде 16 гол соғып, ең көп гол салған команда атанды.

Доп додасында ерлікке пара-пар өнер көрсеткен сайып­қырандар анықталды. Хорватия құрамасының капитаны Лука Модрич Әлем чемпионатының үздік футболшысы атанды. Сөйтіп турнирдің «Алтын добына» ие болды. Ал «Күміс доп» Бельгия капитаны Эден Азарға бұйырса, «Қола допты» Франция шабуылшысы Антуан Гризманн алды. Сондай-ақ, Әлем чемпионатының ең үздік жас ойыншысы болып франциялық Килиан Мбаппе танылды. Ол Ресей стадиондарында 4 гол соқты. Оның біреуін финалда Хорватия құрамасының қақпасына енгізді. Турнирде 6 гол соққан ағылшын Харри Кэйн үздік шаб­уылшы атанса, үздік қақпашыға берілетін «Алтын қолғап» бельгиялық Тибо Куртуаның еншісінде кетті. Осылайша, күллі әлем көз тіккен мундиальмен енді төрт жылға дейін қош айтысамыз.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 шілде 2018 г. 631 0