Бүгін Астанада өткен медициналық қызмет көрсету саласын жетілдіру мәселелері бойынша республикалық семинар-кеңесте «Астана – адалдық алаңы» жобасының жетекшісі Жазира Жылқышиева Қазақстандағы алғашқы сәулет қызметі орталығы ашу қарастырылып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. «Жобалық кеңсесі Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынасы басқармасының қыметіне талдау жасап, бизнес процестегі проблемалар мен Қазақстан заңнамасын бұзушылық жағдайлары анықталды. Жобаның қорытындысы бойынша басқарма алдында Қазақстандағы алғашқы сәулет қызметі орталығын ашу қарастырылды. Уәкілетті министрлікке нормативті-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу мен азаматтардың қызмет алуы процесін оңтайландыру көзделген ұсыныстар жіберілді», - деді ол.
Сондай-ақ, көші-қон қызметіне жобалық талдау нәтижесі бойынша миграциялық ХҚКО қызметін жақсартуға және мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы сыбайлас жемқорлық қаупін төмендету көзделетін ұсыныстар қарастырылып отыр. Қазіргі таңда жобалық кеңсе білім саласында талдау жүргізіп жатыр.