Туризм және ғарыш салаларының дамуы мен келешегі талқыланды

 

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Қызылорда облысына іс-сапармен келді. Сапар барысында Асқар Мамин «Роскосмос» корпорациясының бас директоры Дмитрий Рогозинмен кездесті және Қызылорда облысының туризм саласын дамытуға арналған жобалармен танысты.

«Қамбаш» туристік аймағында Қызылорда облысында, оның ішінде «Байқоңыр» ғарыш айлағында туризмін дамытуға бағытталған жобалардың таныстырылымы өтті. Еске сала кетейік, облыста ғарыштық туризмін дамыту мақсатында «Байқоңыр» туристік аймағын қалыптастыруға байланысты тұжырымдама дайындалды.

Байқоңырда өткен Дмитрий Рогозинмен кездесу барысында ғарыш саласы мен Байқоңыр қаласын дамыту мәселелері талқыланды.

Қос тараптың бірлескен әрекеттерінің нәтижесінде ғарыш айлағы мен қаланың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешуде айтарлықтай мүмкіндік туды.

Естеріңізге сала кетейік, «Бәйтерек» бірлескен зымыран кешенін жүзеге асыру бойынша жұмыс қарқынды жүргізілуде,  медицина мәселелері және бизнес-жобаларды жүзеге асыру мен Төретам және Ақай кенттерін дамыту үшін жер телімдерін жалдан шығару жөніндегі келісімдерге өзгеріс енгізу туралы хаттамаларға қол  қойылып, Байқоңыр қаласын ұзақ мерзімді дамыту бағдарламасы әзірленді.

Айта кетейік, қала әкімшілігі «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының қолдауымен қала аумағын абаттандыру, жолдарды жөндеу, тұрғын үйлерді газдандыру жұмыстарын бастады.

Өз кезегінде облыс әкімдігі Үкіметтің қолдауымен 5 көп пәтерлі үйдің құрылысын бастады, су құбыры мен кәріз жүйесін коммуналдық меншікке қабылдап, оларды қайта жаңғыртудың техника-экономикалық негіздемелерін дайындап, қазақстандық мектептер мен аурухананы газдандырды. Одан бөлек, осыған дейін Байқоңырдағы             қазақ тілінде білім беретін 5 мектеп қазақстандық білім беру стандартына көшкен болатын.

Кездесу барысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев «Байқоңыр» кешенінде Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығын одан әрі дамытуға қатысты бірқатар ұсыныстар енгізді.

«Инвестицияларды тарту, қала экономикасын әртараптандыру және бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында «Байқоңыр» кешенінің аумағында ерекше экономикалық аймақ құру туралы арнайы үкіметаралық келісімге қол қою қажет деп санаймыз», - деді Қырымбек Көшербаев.

Сонымен қатар, облыс әкімі Қазақстан Республикасы және Роскосмос» мемлекеттік корпорациясы бюджеттері есебінен Байқоңыр қаласының дамуына жыл сайын бөлінетін қаржы көлемін нақтылау және ҚР азаматтарының балаларын орыс тілінде қазақстандық білім беру стандарты бойынша оқыту және тәрбиелеу мәселелерін қарастыруды ұсынды.

А.Ұ.Мамин мен Д.О.Рогозин облыс басшылығы енгізген ұсыныстар бойынша тараптардың мүдделі ведомстволарына тапсырмалар берді.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 шілде 2018 г. 439 0