Ақбас тұқымының артықшылығы көп

 Мемлекет жылма-жыл ауыл шаруашылығын қолдау жұмыстарына, соның ішінде мал басын асылдандыру, көбейту ісіне көңіл бөлуде. Соның арқасында өңірімізде мал шаруашылығы бағытындағы кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Көптеген шаруа қожалықтары құрылып, ет, сүт бағытында жұмыстарын дөңгелентуде.

Осы орайда  «Нәтижелі жұмыс­пен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындары «Ауыл шаруа­шы­лығын қаржылай қолдау қоры» арқылы шағын несие алып, шаруасын жүргізіп ке­леді. Соның бірі Қармақшы ауданы, Қуаңдария ауылының тұрғыны – Болат Бөгетов. Кә­сіпкер өткен жылы «Олжа» шаруа қожалығын  құрды. Қазіргі таңда қожалықта 100 жылқы, 130 ақбас сиыр мен 5 бұқа бар. Бұдан бөлек, 45 бас ірі қара ет бағытында күтімге алынған.

– Қожалықты құрмас бұрын қора-жайды қамдап алдым. Қазақтың ақбас тұқымды сиырын Батыс Қазақстан облысы­нан әкелдім. Кәсіпкерлер үшін көмектің үлкені жеңіл­де­тілген несие екені бел­гілі. Өткен жылы «Ауыл шаруа­шылығын қар­жылай қолдау қорынан» 19 млн теңге алдым. Алда атқарылар іс көп,–дейді кәсіпкер.

Қожалықта 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіп­кер келер жылдан бас­тап егін екпек. Ол үшін қажетті техника мен саймандарын түгендеп жатыр. Сонда малға қажетті жем-шөпті сатып алмайтын болады. Бұдан бөлек, 150-200 басқа арналған бордақылау алаңы мен ет өндіру цехын іске қосу жоспарда тұр. Сонымен қатар ет-сүт бағытындағы «Мұғалжар» тұқымды жылқы шаруашылығын да жолға қоймаққа талаптануда. Қыс­тық-жаздық қораларды кө­бей­тіп, әрбір істі кезең-кезеңімен орындауды қолға алып отыр. Кәсіпкердің айтуынша, қожалық кеңейген кезде тағы да 20-дан астам адамды тұрақты жұмысқа алады.

Елімізде сиырдың ең көп тараған етті тұқымды түрі – қазақы ақбас сиырлар. Бұл тұқым түрі аптап ыстық пен аязға төзімділігімен, майды тез жинауымен  ерекшеленеді. Еттің дәмдік қасиеттері сапалы, ағылшын етті тұқым түрлерінен еш кем емес. Тек күтімі жақсы болуы тиіс.

Төрт түлігін төскейге өргізіп, ырзық-несібесін малдан тапқан Болат Бөгетов болашақта етті бағыттағы асыл­тұқымды мүйізді ірі қараның санын одан әрі көбейтіп, шаруа қожалығын ұлғайтпақ ниетте.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 шілде 2018 г. 608 0