ЕЛОРДАНЫҢ ЕҢСЕСІН ТІКТЕГЕНДЕР

Бүгінгі Астана – бүкіл әлем көз тіккен, сәні мен салтанаты келіскен алып шаһар. Тұрғындарының саны миллионнан астам. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері өскен. 20 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан қаланың өзіндік тарихы бар. Бір кездері аңызақ далада жаңадан бой көтерген шаһардың адам танымастай өзгергеніне бүкіл әлем куә болып отыр. Біле білсек, осыдан он жыл бұрын елорда халқының саны небәрі 280 мың адам болатын.

«Бүгінде барлық облыстар көмек көрсетіп, қолдау білдіріп жатыр. Өйткені, Астана – бүкіл Қазақстанның жетістігі. Бас қала құрылысына өңір­лердің бәрі атсалысты және қазір мұнда еліміздің әр түкпірінен келген адамдар өмір сүреді. Біз ХХІ ғасырда ғаламат дүниені бірге жасадық. Адам­зат тарихында мұндай қалалар ешқашан 20 жылдың ішінде салынбаған. Ал, біз салдық!» – деді Қазақстан Президенті, жуырда.

Елбасының атап көрсеткеніндей, Астананың гүлденуіне барлық аймақтар үлес қосты. Біз осы мақаланы дайындау барысында 1998 жылы облыс әкімшілігі аппаратының басшысы болған Кеңес Махамбетовпен тілдескен едік.

– Ұмытпасам, 1998 жылдың сәуір айы болуы керек, Ақмоланың ресми тұсаукесеріне дейін Қызылорданың Қа­зақстанның бірінші астанасы ретін­де «Қорқыт-қобыз-Қызылорда» атты фес­тивалі өткізілді, – деді ол бізбен әң­гі­месінде. – Бұл шараға үлкен дай­ын­дықпен келдік. Қаржының тап­шы­лы­ғына қарамастан, біздің тарапы­мыздан алғашқы құрылыс нысаны – шағын хоккей алаңы пайдалануға берілді. Оны «ШАҚ» ауылқұрылысы бірлестігінің президенті Айтмұрат Шәменовтің құрылысшылары салды.

Бәлкім, бұл нысанды қазіргі тіл­мен айтқанда, құрылыс ғимараты деуге келе қоймас, дегенмен, қызылор­далықтардың ол кезде жаңа астананың гүлденуіне деген ықыласы ерекше болатын. А.Шәменов кейін арнайы қонақ үй салды. Ол Қызылордадан іссапармен барған барлық адамның құтты мекеніне айналды. Сол ресми тұсаукесерге дейін өткізілген Қызылорда облысының күндерінде арнайы шеруге барынша тыңғылықты дайындалдық. Облыс паспортын байланыс саласының жетекшісі Юрий Лавасас алып шықты. Шараның үлкен ұйымшылдықпен өткізілуіне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев айрықша мән берді. Лена Әбдіхалықова бастаған өнерпаздарымыз ән-шашу арнады. Шараға аудан әкімдері қатысты. Ал сәл кейін, көпшіліктің есінде болар, Астананың ресми тұсаукесері өтті.

Қызылордалық материалдық игі­­лік өндірушілердің көпшілігі сол жыл­да­ры жаңа астананың алғашқы қадамда­ры­на өз тарапынан біршама қолдау көр­сет­ті. Облыстық «Полиграфия» бірлес­тігінің бас директоры Қуаныш Махам­бетов ақпарат министрлігінің Алма­тыдан Астанаға қоныс аудару шараларын жеңілдетуге екі кезекпен 1,7 млн теңге аударғанын айтты. Бұл – сол уақыттың өлшемімен алғанда ауқымды қаражат.

Кейін Астанаға шетелдік инвес­тор­лар көптеп тартыла бастады. Дегенмен, Сыр өңірінің кәсіпкерлері Астананың гүлденуіне өз үлестерін қосып, игілікті шараларын жалғастыра берді. 2010 жылы әсем безендірілген Қорқыт аллеясы пайда болды. Қызыл­ордалықтардың бұл тартуы бүгінге дейін Астананың көрікті жеріне айналып отыр.

Расында, жаңадан қала салу көп қажыр-қайратты талап етеді. Оның үстіне ел астанасының жаңадан іргетасын қалау асқан жауапкершілік. Астана бүгінгідей кезеңге бірден қол жеткізе салған жоқ: Елбасының батыл шешімдер қабылдауы, отандық және шетелдік инвесторлардың құрылысқа күш салуы, ел халқының қолдау көрсетуі – бәрі-бәрі ұмытылмас тарих.

Астана құрылысы қалай басталып еді? Бастапқы кезеңдегі әлеуметтік жағдай ше? Мұның бәрі де тарих бет­терінде тұр. Біз осынау қиын да күрделі кезеңді бастан өткерген қаланың тарихын тағы бір еске түсіруді жөн көрдік.

Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында болашақтағы жаңа елорданы іздестіру басталғаны белгілі. Болашақ астананың әртүрлі нұсқалары айтылды: Қарағанды, Ақтөбе, Жезқазған... Солардың ішінде Ақмола әлеуетті елорда ретінде халықаралық стандарттар бойынша қойылатын барлық 32 талапқа сай келді.

Ел ордасын Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданған кезеңде қалада небәрі 280 мың ғана адам тұратын еді. Иә, Астана бірден дәл бүгінгідей бола қалған жоқ. Бұл Елбасының және жаңа мегаполистің құрылысына барын салған азаматтардың орасан зор, жанкешті еңбегінің арқасында жүзеге асты. Қаражат жағы тым тапшы. Тәуекелшіл қадамдарға бару керек-тін. Кешіктіруге әсте болмайды.

1998 жылды республикамыз жаңа елордамен қарсы алды. Бұл жаңа, орасан зор ауқымдағы және бұрын-соңды болмаған қысқа мерзімде іске асырылған мегажобаның бастамасы болды. Екі жылдан да аз уақыттың ішінде қолданыстағы әкімшілік ғимараттар қайта жаңарды. Көшірілген мемлекеттік қызметкерлер үшін жедел түрде жаңа үйлер тұрғызылып, 3200 пәтер пайдалануға берілді. Қалаға мемлекеттік аппараттың қызметкерлері, сәулетшілер, еліміздің күллі өңірлерінен экономиканың барлық сала мамандары көшіп келді. 1998 жылдың өзінде жаңа елордаға көшіп келгендердің саны 14 мыңға жетті. Олардың дені 20 мен 40 жас аралығындағы жастар еді. Арасында тағдырдың жазғанымен тарихи отанынан аулақта өмір сүруге мәжбүр болған қазақ диаспорасының өкілдері де бар. Қалаға ауылдық елді мекендердің тұрғындары жаппай көше бастады. Әсіресе, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарынан адамдар ағыны күшейе түсті.

Қала біртіндеп техникалық және гуманитарлық интеллигенцияның шо­ғырланған орталығына айналды. Елі­міздің әртүрлі аймақтарынан және шетелдерден ең батыл және тәуекелге бел буған адамдар ағылып келе бастады.

Жаңа елорданың құрылысын салуға ел басшылығы шетелдік инвесторлардан пайызсыз несиелер алды. 200 миллион долларға жуық өтеусіз инвестициялар тартылды. Жаңа елорданы тұрғызуға көмек қолын созғандар – Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Катар және АҚШ сияқты мемлекеттер.

Елорда Астанаға көшірілгеннен кейінгі алғашқы жылдың өзінде Президент бастамасымен еліміздің бас қаласының эскиз-идеясын жасауға халықаралық байқау жарияланды. Н.Назарбаевтың бұл ұсынысына әлем­нің 50-дей көрнекті сәулетшісі үн қатты. Жалпы, 40-қа жуық өтінім келіп түсті. Байқау нәтижесі бойынша әйгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава жеңімпаз атанды. Жапон сәулетшісінің құнды ұсыныстары негізінде қаланың 2030 жылға дейінгі дамуының бас жоспары жасалды. Астананың сәулеттік келбетін жоспарлауда Қазақстан мен Жапонияның сәулетшілерінен бөлек, Германия, Ұлыбритания, Болгария, Швейцария, Шығыс елдері және тағы басқа бірқатар мемлекеттердің танымал мамандары қатысты.

2001 жылы 15 маусымда ҚР Үкі­метінің Қаулысымен Астана қаласының бас жоспары бекітілді. Бірақ, кейіннен оған ұлттық нақыштағы колоритті қосуға байланысты кейбір өзгерістер енгізілгені мәлім.

Жұмыс осылайша қыза түскен. Би­іктігі символикалық тұрғыда 97 метр «Астана-Бәйтерек» мону­мент-ескерткіші, Есілдің сол жаға­лау­ында «ҚазМұнайГаз» Ұлттық ком­­па­ниясының әсем ғимараттары бой көтерді. Көлік және коммуникация министрлігінің биік ғимараты, Қорғаныс және Сыртқы істер министрліктерінің, Ұлттық кітапхана мен мұрағаттың ғимараттары салынды. Ақорда маңынан Парламент Сенаты мен Мәжілісінің, Үкіметтің және тағы да бірқатар үкіметтік ұйымдардың ғимараттары тұрғызылды.

Президентіміздің абыройы мен бе­делінің арқасында шет мемлекеттер мен жеке фирмалар жаңа елорданың құрылысына қаржылай қолдау көрсетті. Елорданы оңтүстіктен солтүстікке көшірудің алғашқы жылдары туралы Президент Н.Назарбаев «Еуразия жүрегінде» кітабында: «Егер гранттар мен өтемсіз инвестициялар есебінен салынған обьектілерді жай ғана санамалап шықсақ, әжептәуір тізім болар еді. Мысалы, Президент Ақордасы Әбу Даби даму қорының гранты есебінен салынды. Парламент Сенатының ғимараты Сауд Арабиясының гранты есебінен бой көтеріп отыр. Ұлттық кітапхана «Аджип» және «Қарашығанақ Петролеум» инвестицияларының есебінен жасалуда. «Нұр Астана» мешіті Катар мемлекетінің гранты есебінен тұрғызылды. Астана қаласы әкімдігінің ғимаратына Кувейт қоры грант бөлді» деп жазады.

Сондай-ақ, Астананың қарыштап дамуы Қарағанды, Алматы, Павлодар, Атырау, Шымкент және т.б. қалаларындағы құрылыс саласының қарқындауына ықпал етті.

Жаңа елорданың көркіне бүгінгі заманның саясаткерлері, кәсіпкерлері, көрнекті өнер, сәулет, мемлекет және қоғам қайраткерлері тамсана таңдай қағады. Астана өзінің шамамен 20 жылға жуық қарқынды дамуының нәтижесінде әлемдегі едәуір көрікті қалалардың біріне айналып отыр.

Дайындаған 

Ж.ӘЛМАХАН.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 шілде 2018 г. 644 0