Қазақстан тарихындағы қилы кезеңдер халық жадында сақталуы керек - Елбасы

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы «Ұлытау» аллеясы мен «Қазақ еліне мың алғыс» монументіне барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Есілдің сол жағалауындағы жаңа аллеяны аралап көргеннен кейін, «Қазақ еліне мың алғыс» монументі алдына жиналған Қарағанды облысының этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен әңгімелесті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тарихындағы қилы кезеңдердің халық жадында сақталуының маңыздылығын атап өтті.

«Бүгін елордада көріп отырған жетістіктеріміздің бәріне 20 жылдың ішінде қол жеткіздік. Астананы салуға бүкіл Қазақстан атсалысты, басқаша болуы да мүмкін емес еді. Сондықтан біз бұл мерейтойды барлық облыстардың қатысуымен, кеңінен тойлап жатырмыз. Еліміздегі азаматтардың бәрі өздерін жайлы сезініп, жақсы өмір сүргенін қалаймын», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы елімізді одан әрі ілгерілету ісінде халқымыздың бірлігі айрықша маңызды екенін айтты.

«Біз бірлігімізді сақтап, бір-бірімізге құрмет көрсетуіміз керек. Мен барша жұрттың Қазақстанда өмір сүріп, еңбек етіп, өсіп-өркендегенін қалаймын. Ең бастысы - тату қарым-қатынасты сақтай білу», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 шілде 2018 г. 469 0