Бейсенбі күні Қызылорда қаласындағы А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай «Қанатты қалам - 2018» салтанатты шарасы өтті. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады.
– Журналистер – мемлекеттік бағдарламалар мен реформалардың маңызын қалың бұқараға жеткізіп, халық ішіндегі өзекті мәселелерді талдап, билік назарына ұсыну миссиясын мойнына алған құрметті де күрделі кәсіп иелері. Мемлекеттік маңызы бар мәселелерді насихаттап, қоғамдық сана жаңғыруының қозғаушы күшіне айналған бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы орны ерекше. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – қоғам дамуына тың серпін беріп, барша қазақстандықтардың жаппай қолдауына ие болған тарихи бастама. Оны ел ішінде насихаттап, лайықты жүзеге асыруда сіздер ерекше еңбек етіп келесіздер. Халық арасында «Құдіретті қолбасшылардың әскері жетпеген жерге қаламның қуаты жеткен» деген сөз бар. Ой қуалап, сөз ұйқастыру, одан шымыр дүние жазып шығару – екінің біріне бұйырмаған асыл қасиет. Біз білетін қазақ халқының атақты жазушыларының барлығы жазуды журналистикамен ұштастырып, осы сара жолды жазушылықтың даңғылына айналдырған. Сондықтан бүгінгі мереке қалам ұстаған, сөз құдіретін түсінген барша азаматтардың ортақ мерекесі деп білеміз. Баршаңызды «Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні» кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, – деді аймақ басшысы.
Сыр баспасөзі тарихы тамырын тереңнен алады. 1925-1929 жылдары Қызылорда Қазақстанның астанасы болғанда Сыр өңірінің мерзімді ұлттық басылымдарының қалыптасу және шыңдалу кезі болды. Сөз өнерінің майталмандары Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов осы өңірде журналистік қызмет атқарғанына тарих куә. Олардың ісін жалғастырушы қазіргі ұрпақ та облыстағы игі бастамаларды жедел ақпараттандырса, Сыр өңірінің көптеген түлектері республикалық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында табысты еңбек етуде.
Өткенге көз жүгіртсек, еліміздегі байырғы басылымдардың бірі «Сыр бойы» газетінде Жиенғали Тілепбергенов, Ұзақ Бағаев, Асқар Тоқмағамбетов, Әуелбек Қоңыратбаев сияқты есімдері елге танымал журналист-жазушылар, ғалым-публицистер қызмет атқарды.
Қазіргі таңда аймақта 92 бұқаралық ақпарат құралы бар. Бұдан бөлек облыста республикалық БАҚ өкілдіктері мен меншікті тілшілері жұмыс жасайды. Облыстық және аудандық басылымдардың басын біріктірген «Сыр медиа» ЖШС ақпарат айдынында желкенін керген газеттерге серпін берді. Өңір басылымдарының мүмкіндіктері артып, жаңаша форматпен шыға бастады. Облыс тынысын айшықтауда «Qyzylorda» және «Қоғам ТВ» телеарналарының да өзіндік орны бар. Қазір Қызылордада ел қуанар жаңалық көп. Алдағы уақытта Сыр мен Есілдің арасына газ тартылады. Бұл бастама бойынша Жезқазған, Қарағанды, Астана, Көкшетау арқылы бірнеше қала мен елді мекендер «көгілдір отынмен» қамтылатын болады. Дарияның сол жағалауы алып құрылыс алаңына айналды. Одан бөлек, соңғы бес жылда Қызылорда қаласында 14 шағын аудан бой көтерді. «Ақылды қала» жобасын да алғашқылардың бірі болып біздің аймақтың қолға алғанын айта кеткен жөн. Осындай ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарды халыққа жеткізуде ақпарат құралдары ерекше рөл атқарады.
Салтанатта аймақ басшысы 80 жасқа толған ардагер-журналист Өтеген Жаппарханды мерейтойымен құттықтап, облыстың Құрмет грамотасын табыстап, иығына шапан жапты.
Бірқатар БАҚ өкілдеріне Ақпарат және коммуникация министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі, облыстың Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс хаты берілді. Сонымен қатар, Сағитжан Бермағамбетов атындағы жас журналистер байқауының жүлдегерлері марапатталды. Бұдан бөлек, Қазақстан Журналистер одағының марапатын облыстық филиал төрағасы Аманжол Оңғарбаев табыстады. «Қоғам ТВ» телеарнасының құрылтайшысы Шакизада Әбдікәрімов «Қазақстанның Құрметті Журналисі» төсбелгісін иеленсе, бірқатар әріптестерімізге ҚЖО алғыс хаты берілді. Біздің басылым қызметкерлері арасында Жолдасбек Ақсақалов, Дүйсенбек Аяшұлы, Мейрамгүл Дауылбайқызы, Айдана Жұмадинова сынды әріптестеріміз марапатқа ие болды.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен аяқталды.
Бұл күні мереке иелеріне деген құрметтің ерекше болғанын айта кеткен жөн. Әсем безендірілген сахна мен арнайы әзірленген бейнеролик тілші жұмысының қаншалықты маңызды екенін айғақтап тұрды. Журналистердің өміріне үңілген жайдарманшылар әдемі әзілі арқылы көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Балғын балалар жылы лебіздерін арнап, жырдан шашу шашса, әншілер шараны әнмен әрледі. Мерекелік концерт те, сый-сияпат та қалам ұстаған қауымның көңілінен шықты.
Әзиз БАТЫРБЕКОВ.