Кеше облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтің қатысуымен Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы мүшелерінің бас қосуы болды. Онда филиал директоры Қаршыға Есімсейітова Қазақстан Жазушылар одағында өткен дәстүрлі әдеби жыл қорытындысын сөз етіп, көтерілген мәселелерге тоқталды.
– Жазушылар өткен жылды қорытып, алда орындауға тиіс жоспарларды бекіттік. Сондай-ақ, жанрлар бойынша баяндама оқылып, қаламгерлер өткен жылы жарық көрген кітаптарға кеңінен сараптама жасап, жетістіктері мен кемшіліктерін талдап айтып берді. Талдау барысында 3 жанр бойынша біздің үш қаламгердің еңбегі талданып, жақсы пікірлер айтылды. Проза жанры бойынша қаламгер С.Жұбатыровтың, поэзия бойынша Т.Абылаевтың, деректі прозадан менің еңбегім жоғары бағаға ие болды. Бұл – біз үшін ерекше жетістік, еңбектің бағаланғаны, – деді Қ.Есімсейітова.
Алдағы уақытта жазушылардың шығармашылық үйінде қаламгерлердің жеңілдікпен демалып, шығармаларын жазуына мүмкіндік жасалады. Бұл бағытта Жазушылар одағы Қазақстан Кәсіподақтары Орталық ұйымымен келісімге қол қойып, зейнет жасындағы қаламгерлердің еліміздің демалыс орындарында жеңілдікпен демалуына жол ашып отыр. Сондай-ақ, одақтың жұмысын халықаралық деңгейге көтеру жоспарлануда. Бұл арқылы қазақ жазушыларының еңбектері өзге тілдерге аударылып, шет елге таныстырылмақ. Оған қоса қазақ әдебиетіндегі жастар үлесін арттыру да көзделуде. Қазіргі күні Жазушылар одағында 800-ден аса мүше бар, оның 500-і зейнет жасындағы жазушылар, 200-і зейнет жасына жуықтаған болса, 30 проценті ғана жастарды құрап отыр.Сыр өңірінде аталған одаққа 19 жазушы мүшелікке енген. Осы ретте жиында сөз алған Р.Рүстемов аймақта да әдеби шығарманың көркемдік сапасын көтеруді, аға буын мен кейінгі ұрпақтың сабақтастығы арасында әдеби байланысты нығайту керектігін ерекше атап өтті.
Шара соңында қатысушылар қаланың сол жақ жағалауында әдебиет музейін ашу, қаламгерлер еңбегін насихаттау мақсатында журнал шығару, өңірдегі басқа да жобаларға қатысуға ұсыныстар білдірді.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы».