« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Еліміз тәуелсіздік алған соң азат мемлекет ретінде қабылдаған тарихи шешімдердің ең негізгілерінің бірі – Астананы Арқа төсіне көшіру болғанын жаңа тарихты жазушылар да, әлемдік сарапшылар да әлдеқашан мойындады. Уақыт өткен сайын көз ілеспес жылдамдықпен дамып, жер жаһандағы әсем шаһарлардың қатарына қосылған Астана 20 жылда Қазақстанның басты брендіне айналды. Еуразия кіндігіндегі жас қала алып құрылыстың, дәстүр мен жаңашылдықтың озық үлгілерін бойына жинады. Әлемдік деңгейдегі басқосулар мен жиындар өтетін, адамзатқа ортақ мәселелердің шешімі талқыланатын орталыққа саналады. Бір ғана ЕҚЫҰ саммиті Астананың атын дүние жүзіне әйгіледі.
Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру идеясы алғаш рет жария етілгенде бұл бастамаға түсінбестікпен қарағандардың қарасы қалың болды. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы Әлихан Бөкейхановтың «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ. «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деген арманы сол ғасырдың соңында ғана ақиқатқа айналды.
Тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы жаңа мемлекеттің қалыптасу кезеңі мен жаңа Астананың дамуы қатар жүрді. Астана – Елбасының төл туындысы екені ешкім айналып өте алмайтын ақиқат. Астана туралы Елбасының төмендегі толғанысы жаңа ғасыр қаласының тарихын таразылағандарға жол сілтейді. «Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой менде ертеректе, сонау алыстағы 1992 жылы туған еді. Бірақ мен ол кезде мұны аузымнан шығармадым, өйткені Қазақстанның экономикасы, ойлағанды іске асыруға мүмкіндік бермеді. ... Қазақстанның Президенттігіне бүкіл халық болып сайланғаннан кейін, мен Ақмолаға келдім. Есілден көлденең тартылған ескі көпірдің ортасында тұрып, өзенге қарадым. Маған қаланың ортасында ағып өзен жатқан болса, қашанда сол ұнайтын. Өзен қалаға ерекше бір көрік береді, мәртебесін көтереді. Мысалы, бізде Жайықтың бойында Атырау, Сырдарияның бойында Қызылорда, Тобылдың бойында Қостанай, Ертістің бойында Семей мен Кереку орналасқан. Ал әлемде қаншама Астаналар ылғи өзен жағасына салынған! Санкт-Петербург – Невада, Мәскеу – өзі аттас өзенде, Париж – Сенада, Лондон – Темзада тұр. Оның үстіне Ақмола Қазақстан мен бүкіл Еуразияның орталығына орналасқан». Арада аз уақыт өткенде Есіл бойында армандағы Астана тұрғызыла бастады.
Қазақ тарихындағы астаналардың сабақтастығына зер салсақ, ел үшін олардың қай-қайсысының да орны ерекше. Өткен ғасырдың басында біздің Ақмешіттің, қазіргі Қызылорданың қазаққа басты орда болғанын бүгінгі тұрғындары мақтанышпен айтамыз. Ақмешітті астана ретінде таңдағанда Сұлтанбек Қожанов «Қазақстан астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ жұртшылығына жуық болуы керек. Қазақ астанасы болуға Орынбор қаласы шетте болғандықтан ғана жарамайды емес, қазақ қаласы болмағандықтан, қазақ ұлт мемлекетінің ұлтшылдығына орда болуына қисыны жоқтықтан жарамайды. Қазақ ұлт мемлекетшілдігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса, өз ордасы болуы керек. Орынбордан көшпей, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбекшілерінің көпшілігінің қолына керекті шаралар іс жүзінде істелуі қиын» деген дәйек келтіріпті. Бар болғаны 4 жылда Қызылорда сол дәуірдегі қазақ зиялыларының басын қосқан, ұлттық білім мен мәдениеттің орталығына айналып үлгерді.
Бүгінгі бас қаламыздың бастауы, түп қазығы қағылған жері, қазақтың тарихи ордасы болған Сыр бойындағы кең тараған атаулар Астананың бет-бейнесінен орын алған. Оған Астанадағы Қызылорда облысындағы жер-су аттарымен аталған көшелер дәлел болады. Жаңа әкімшілік орталықтағы көшелер Ақмешіт, Қармақшы ауданының орталығы – Жосалының атымен аталады. Астанада Сыр бойындағы ірі аудан орталықтарының бірі – Шиелінің аты бір көшеге берілген. Қызылордадан ең үлкен тармағы өтетін Сырдария өзенінің аты да Астана келбетін айшықтап тұр. Қыпшақ мемлекетінің сауда және саяси орталығы болған Сығанақ қаласының, орта ғасырлардан сақталған көне Жанкенттің атауы еліміздің байтағынан лайықты орын тапқан. Сыр бойында туып, елдік намысты биік ұстап өткен, бүкіл қазақ жерінің тұтастығы үшін күрескен батырлар есімі де жаңа астананың көшелеріне берілген.
Қызылорда қаласында соңғы жылдары бой көтерген жаңа аудан мен ең үлкен даңғыл Астана атауын иемденген. Жалпы жылт еткен жаңалықты, болашағынан зор үміт күттірген жобаларды Астана есімімен байланыстыру үрдісі қалыптасты. Ырымшыл халықпыз ғой, бұл басталған істің Арқа төсіндегі әсем қаланың даму қарқыны мен бөлекше бейнесіне ұқсаса деген ниеттен туындағаны болар. Қазір Есілдің сол жағалауына салынған жаңа қаланың ізімен Сырдарияның сол жағалауы да игерілуде. Дарияның арғы бетіндегі құрылыс қарқыны қызылордалықтардың да сөз саптауына «оң жағалау», «сол жағалау» деген атауларды енгізді.
Бүгінгі Астана еліміздің әкімшілік орталығы болуымен бірге азат елдің, ұлттың қайта түлеуіне, әлемдік өркениетке ұмтылуына баспалдақ болды. Астана бас қала болғалы бері өнеркәсіп, инвестиция, туризм салалары бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жетті. Бүкіл ел Астананың даму қарқынына ілесуге ұмтылуда. Бүгінгі Астана бұрынғы астаналардан мүлде бөлек, тәуелсіз мемлекеттің таңдауы болумен қатар әлемге әйгілі архи-текторлардың қолтаңбасы қалған жаңа дәуірдің қаласы. Астананы Елбасы төл перзентіне балайды. Нұрсұлтан Әбішұлының «Астана – бұл менің төл перзентім. Әр адам, тегінде өз қаласын сүйетін шығар. Ал біз өзіміздің жас қаламызды үш есе артық сүйеміз. Өйткені. біз оның құрылысын тақыр жерден бастадық. Мұндағы әрбір жаңа мүйіс, әрбір жаңа ғимарат біздің жүрегімізден шыққан, себебі олар туған сәтінен бастап біздің көз алдымызда» деген сөзі бас қаланың тәй-тәй басқан қадамынан бастап, бүгінгі кемел шағына дейінгі жолын көз алдыңа әкеледі. Бұл жолдың ортасы емес, өйткені Астананың айбыны асқақтар шақ әлі алда.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |