«Екі жұлдыз» жобасы жалғасын тапты

Елбасының «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдар­ламасы аясында ішкі істер депар­таментіне қарасты орган қызмет­керлері мен об­лыстық филармония ән­ші­лері­нің «Екі жұлдыз» жобасы өтті. Кәсі­би және әуесқой әншілерді бірік­тірген шараға 8 жұп қаты­сып, өз өнерлерін ортаға салды.

Мәдениет пен өнерге сүйіс­пеншілікті арттыру, насихаттау, көркемөнерпаздар мен кәсіби мамандарды байланыстыру, бірігіп ән салуына мүмкіндік жасау мақсатындағы  жоба дәс­түрге айналып келеді. Осыған дейін бұл жоба медицина қызметкерлері,  облыс­тық жұмыспен қамтуды үй­лестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасына қарасты мекемелер мамандары, мүмкіндігі шектеулі жандардың қатысуымен өткі­зіліп, үлкен қолдауға ие болды.

Жоба екі кезеңнен тұр­ды. Алдымен қазақ кине­ма­то­графының ретро туын­дыларындағы әндерді орындап, сол тақырыпты ашатын сахналық көрініс көрсетті. Сайыстың екінші турында жұптар өз қалаулары бойынша бір әннен орындады.

Қазылар алқасы өз кезегінде үміткерлердің өнерін бағалауда киім үлгісіне, сахна мәдениетін ұстануына аса мән берді.

Қызықты өткен сайыс та мәресіне жетіп, жеңімпаз жұп анықталды. Бас жүлде, яғни, «Екі жұлдыз» номинациясы Үміт Медеуова мен Артур Нұржановқа бұйырды. Басқа қатысушы жұптар «Жарасымды жұп», «Көрермендер көзайымы», «Өнерлі жұп», «Сәнді жұп», «Жұлдызды жұп», «Талғампаз жұп» және «Сүйкімді жұп» номинацияларымен марапатталды. Сайыс жеңімпаздары мен қатысушыларға арнайы алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Кеш соңында  барлық қатысушылар «Екі жұлдыз» әнін орындады.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 маусым 2018 г. 855 0