Кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласы да биыл елорданың 20 жылдығымен орайлас 200 жылдық мерейтойын атап өткелі жатыр. Арқа төсінде басталған дүбірлі той Сыр еліндегі мерекелік шараларға ұласады.
Бүгінгі Астана – әлемдегі озық отыз елдің қатарына кіруді мақсат еткен Қазақ мемлекетінің, Мәңгілік Елге айналуды көксеген ұлттың түп қазығы Астана тойы – барша қазақстандықтардың тойы. Осы орайда еліміздің барлық өңірімен бірге Қызылорда да бас қала сәулетінің артуына үлес қосуда. Жыл басында халық алдында есеп беру кездесуінде облыс басшылығы Астанаға тарту ретінде ашық аспан астында ғарыш музейін салу туралы шешім қабылданғанын айтқан еді.
«Байқоңыр ғарыш айлағы – қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың мақтанышына айналған тарихи кешен. Сондықтан Астананың мерейтойына орай елордада «Союз», «Протон», «Зенит» зымыран тасығыштары мен «Боран» орбитааралық кемесінің макеттерінен құралған зымыран-ғарыш техникасы музейін салуды ұйғардық», деген-ді аймақ басшысы.
Музей ашық аспан астында орналасады. Жоғарыда айтылғандай, осы жылы Қызылорда қаласының 200 жылдығы да жоғары деңгейде атап өтіледі. Бұл екі мерейтойдың қызылордалықтар үшін тарихи маңызы ерекше. Себебі Астана тәуелсіз еліміздің елордасы болса, Қызылорда – 1925-1929 жылдары еліміздің тұңғыш астанасы мәртебесін иеленіп, ұлтымызға ресми түрде қазақ деген атауды алып берген тарихи шешімдер ордасы. Жыл бойы көптеген халықаралық, республикалық және облыстық іс-шаралар ұйымдастырылып, ауқымды нысандар ашылады. Оның бірі – Қазақ орталық атқару комитетінің байырғы ғимаратының үлгісінде салынған «Рухани жаңғыру» орталығы.
Сыр өңірі Астанаға тарту ететін экспозиция елордадағы Тұран даңғылы бойындағы «ҚазҒарышСапары» АҚ ұлттық ғарыш орталығы аумағында салынды. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстармен қатар ғарыштық кемелер макеті салынды. Ғарыш музейі елорданың мерейтойы қарсаңында ел игілігіне беріледі.