Телевизиялық фестиваль таланттыларды таңдайды

 Астана қаласының 20 жылдығына орай «Burabay Summer Fest» І халықаралық балалар мен жасөспірімдердің телевизиялық фестивалі өтеді. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі қолға алған шара 22 маусым – 3 шілде аралығында Ақмола облысы «Бурабай» демалыс аймағында  ұйымдастырылмақ.

Фестиваль мақсаты  – да­рын­­ды балаларды, талантты жастарды анықтау және олар­ды жан-жақты қолдау. Халықаралық мәдени байланыстарды дамыту мен тәжірибе алмасу, отан­сүйгіштікке тәр­биелеу, елі­міздің ұлттық өне­рі мен тарихына деген қы­зығушылықты арттыру да көздеген мақсаттың өзегі.

Бұған дейін еліміздің барлық өңірлерінде фес­ти­вальдің ірік­теу кезеңдері болды. Облыс­тағы іріктеу турына 10-16 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатысты.  Онда 70-тен ас­там үміткер вокалдық өнері (дәстүрлі ән, ака­демия­лық ән, эстрадалық ән), инструменталдық орын­дау­шы­лық (дәстүрлі өнер, класси­калық өнер, эстрадалық өнер), хореографиялық өнер (ха­лық­тық би, классикалық би), көркемдік оқу сияқты 4 номинация бойынша бақ сынасты.  Қазылар алқасының ше­шімімен эстрадалық ән номинациясы бойынша сыр­дариялық Дулат Әбдікәрім, дәстүрлі ән бағытында Дильназ Ташмұхаммед, көркемдік оқудан Нұрқожа Тілек пен дәстүрлі өнер номинациясы бойынша Мая Жалғасбаева және биден «Өнер» мектебінің  «Балбұлақ» би ансамблі ақтық сынға жолдама алған еді.

Шараның жеңімпаздары 30 маусым күні анықталады. Үздіктер «Бурабай» демалыс аймағында екі апталық дайындық курсынан өтуге мүмкіндік алады. Осы уақыт ішінде қатысушылар танымал өнер шеберлерінің шеберлік сыныптарын тыңдап, тимбилдинг, экскурсия және т.б. ойын-сауықтыру, танымдық іс-шараларға қатысады.

Аталған фестивальдің гала-концерті 1 шілде күні Астана қаласында өтеді. Біз де өз кезегімізде фестивальда Сыр елінің намысын қорғайтын өнерпаздарға сәттілік тілейміз.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 маусым 2018 г. 602 0