« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Өңірлік коммуникациялар қызметі тағы бір әсерлі баспасөз турын ұйымдастырды. Бірінші бағыт – Шиелі ауданы, Қаратау сілемдерінде сұлулығымен тамсандырған «Сауысқандық» шатқалы болды.
«Сауысқандықтағы» сұлулық
Бұрындары осындай жұмбақ жерді теледидардан көріп, таң қалушы едім. Енді міне, өз көзіммен көргенде «Талайлар тамсанатын шатқал осы екен-ау» деп айналаға қарап, сүйсіндім. Қайталанбас сәулет өнерi – табиғаттың ерекше тартуы. Биіктікте орналасқан түрлі пішіндегі алып жартастарды төменнен кірпік қақпай қарағаныңда, басқа бір кеңістікке тап болғандай сезінесің. Ал, жартастағы суреттер қола дәуіріндегі наным-сенімдерден көрініс береді. Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Бекболат Әбутегінің айтуынша, бүгінде осы құнды мұра ЮНЕСКО-ның ескерткіштер тізіміне ұсынылған.
– «Сауысқандық» шатқалы «Бала Сауысқандық» және «Үлкен Сауысқандық» болып бөлініп, 5 таулы аймақты құрайды. Мұнда тауешкі, арқар, қасқыр сынды аңдар, түйе, жылқы сияқты жануарлар жайлы сюжеттік көрініспен қатар, қару асынған адамдар бейнеленген. Петроглифтердің барлығы әртүрлі сюжеттер мен композицияларға біріккен, сан алуан тұрмыстық діни таным, мифологиялық ой-өрістермен байланысты. Мерзімдік ерекшеліктері ежелгі қола дәуірінен бастап, ортағасырлық қазіргі этнографиялық кезеңдерге дейін созылып жатыр. Демек, қола дәуірі – Еуразия кеңістігін қоныстаған сан алуан халықтардың бейнелеу шығармашылығындағы, әсіресе, жартасқа сурет салу өнерінің шарықтау шегіне жеткен кезеңі деуге негіз бар, – дейді ол.
Қашалып жазылған түрлі иірімді жазуды, ойып салынған адамдар мен жануарлар тұрпатты суреттерді көргенде қайран қалатыныңыз рас. Мұнда ғасырлар таңбасы жатыр. Петроглифтер арқылы ата-бабаларымыз ішкі ой-толғанысын сыртқа шығарған. Бір қызығы, бұл қазір әңгіме арасында біздің бір-бірімізге жолдайтын «смайлдарға» да келетіндей.
Сығанақтың сыры
Келесі кезекте Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған, Жаңақорған ауданындағы Сунақата ауылының батысында 1,5 шақырым қашықтықта орналасқан Сығанаққа ат басын бұрдық. Байқағанымыздай, құм жұтқан қалалардың бірі болып ұзақ жатқан шаһардың топырағы аршылып, алғашқы бет-бейнесі қалпына келтірілген. Бұған дейін облыс басшылығы Сығанақ қаласы орнындағы тарихи ескерткіштерді қайта қалпына келтіруге ықпал етті. Сонымен, тоғыз жолдың торабында жатқан орданың сырлы шежіресіне тоқталып өтсек.
«Болса Тәңірім екінші өмір қиғандай, Сығанақта көз жұмар ем қиналмай». Ғұлама Хиссамуддин әл-Сығанақи осылай жырлаған. Өлең жолдарынан шаһардың шат-шадыманға толы асыл мекен болғанын аңғарамыз. Жалпы, Сығанақты 1898 жылы орыс саяхатшысы Каллаур, 1927 жылы Якубовский зерттеген екен. 1947 жылы А.Бернштам басқарған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы да зерттеу жұмыстарын жүргізген. Ал, 1940, 1950 жылдары Агаева, Пацевич, жетпісінші жылдары Ақышев, Байпаков зерттеп, Отырардан кейінгі екінші қала деген қорытынды жасаған. Негізінен тарихи орынды зерттеу тәуелсіздіктен кейін кешенді түрде қолға алыныпты. 2003 жылдан 2016 жылға дейін Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Сәйдін Жолдасбаев бастаған ғалымдар тобы «Қызылорда облысы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау» МКМ тапсырысы бойынша археологиялық қазба, реставрациялау жұмысын жоспарлы жүзеге асырған. Қазба барысында ежелгі халықтың тұрмысынан хабар беретін қорған, су жолдары, кесене орындары табылыпты. «Аса ірі сауда шаһарына айналған Сығанақта күніне 500 түйеге артылған тауарлар сатылатын кездер болған» деген дерек те бар. Тарихи мәліметтерде Сығанақ секілді алып шаһар үшін шайқастар Тоқтамыс пен Орыс ханның, Әбілқайыр хан мен қалмақ Енге төренің, кейіннен Қазақ хандары мен Шайбани ұрпақтарының арасында болғаны баяндалады. Осының бәрі шаһардың аса маңызды аймақтан орын теуіп, көптеген хандар мен айтулы ақсүйектер жерленген қасиетті орынға айналғандығынан болса керек. Қазір де Сығанақ тарихи мәні жоғары орындардың қатарында. Оның «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның киелі жерлерінің картасына енуі де көңіл қуантады.
Сөз соңында француздар киелі жері Нотр-Дамды мақтан тұтса, ағылшындар Стоунхендж тас мүсіндерін, немістер көне қалалары Ротенбургты ұлық ететінін, ал бізде, бір ғана Сыр өңірінің өзінде мақтан ететін қасиетті орындарының көп екенін айтқымыз келеді. Тек осы жауhар жәдігерлерді айшықтау, оны ұлықтау бізге міндет екенін ұмытпайық.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |