Бастау түлегі: «Қаржы бар, қолдау бар, тек қажырлы еңбек ету қажет»

    Бұл туралы Астана қаласында «Атамекен» ҰКП-ның V Съезі аясында өткен  «Бастау» жобасының түлектері мен қатысушыларының форумына Қызылорда облысы, Арал ауданынан қатысып, марапатталған Гүлнәр Әлібаева айтты. Гүлнәр ханымнан жетістікке жету жолымен бөлісуді сұраған болатынбыз. Назарларыңызға кәсіпкердің табысқа жету жолындағы тәжірибесін ұсынамыз.


     «Менің мамандығым мұғалімдік, орыс тілі мен әдебиетінің  оқытушысымын. 2017 жылға дейін сауда саттықпен айналысып келдім. Негізі үй жағдайында қаз асырағанды ұнататынмын.

    Мемлекеттік қолдау түрлерін білмек болып ауданымыздағы кәсіпкерлер палатасына барған болатынмын. Сол жерде «Бастау»  жобасының талабымен танысып, қатты қызықтым. Сәтін салғанда                2-топтың 1 айлық оқуы басталғалы тұр екен, осы топқа ілігіп кеттім. Курста бизнес-тренер қарапайым тілмен бизнес әліппесін оқытып, бағыт берді. Біздің Арал ауданында қаз өсіру фермасы жоқ. Осы саланы зерттей келе, Ақбай ауылының шет жағынан құс фермасын ашуды ойға алдым. Сонымен қатар, жұмыссыз ауыл тұрғындарының  басын біріктірсем деген мақсатпен Кәсіпкерлер палатасы мамандарымен бизнес  жоспарымды жасадым. Оны комиссия алдында сәтті қорғап шықтым. 

  Содан өткен жылдың шілде айында «Арал құс» агроөнеркәсіптік кооперативін құрып, бас-аяғы 2 айдың ішінде «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 16 млн.теңге несие алдым. Аталмыш қаржыға 100 бас қаз асырап, оны көбейту мақсатында Аралдағы Ақбай ауылының шет жағынан 50 га жер алып, 3000 бас қазға арналған  ферма салдым.   Осылайша жұмысымды бастап кеттім.

   Бүгінде 5 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Менің айтқым келгені, кәсіппен айналысам деген адам үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Тек жақсы идея тауып, қорықпай алға қадам бассаңыз болғаны. Апа-ағаларым, іні-сіңілерім «қиын», «қолым тимейді», «бізге ол қайда» деген пікірлерден аулақ болып, іспен айналысуға бет бұрыңыздар.    Менің мақсатымды жүзеге асыруға қолдау білдірген Кәсіпкерлер палатасына, «Қызылорда» инвестициялық орталығы қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз», - дейді кәсіпкер Гүлнәр Әлібаева.

     Айта кету керек, «Бастау» жобасының түлектері мен қатысушыларының форумында 2017 жылы іске қосқан 30 үздік бизнес-жоба иесі марапатталды. Үздік бизнес-жоба иегерлері бизнес-тренерлер мен өңірлік үйлестірушілерден тұратын комиссияның алқалы ашық дауыс беруі негізінде іріктелді. Қызылорда облысынан Арал ауданының тұрғыны Әлібаева Гүлнардың қаз өсіру жобасы, Қазалы ауданынан Әліш Ғазиздің асыл тұқымды қой өсіру жобасы, Жаңақорған ауданынан Мұхтар Шахановтың фото және бейне өнімдер әзірлеу жобасы үздік деп танылып, марапатталды.

 Қызылорда облысы 

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 маусым 2018 г. 949 0