Қылқалам ұшындағы «ҚОРҚЫТ ДАЛАСЫ»

«Қорқыт даласы» ноғай суретшісінің көзімен бейнеленіп, Сыр еліне жол тартты. Көркемсурет галереясында өткен «Қорқыт даласы» атты он күндік көрмені өткен сенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аралап көрді. Қызылорда қаласының 200 жылдығына тарту болған көрмені облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы Көркемсурет галереясы мен Q MED “Сана-Сезім” ЖШС ұйымдастырды.
Ел тарихында Ноғайлы заманы, Ноғай елі ерекше аталады. Сол замандағы «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қобыланды» жырларында  екі ұлттың ортақ тарихы бар. Болмысы қазаққа жақын, бауырлас ноғайдың суретшісі Әлібек Қойлақаевтың сурет көрмесінен тарихи тұлғалардың өр рухын, қайсар бейнесін байқадық.
 «Елдің иесі, жердің киесі» бар. Қылқалам шебері Сыр еліне аяқ басқанда алдымен Қорқыт ата кесенесіне арнайы барғанын айтты.
 – Ондағы алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Түркі әлеміне ортақ абыз Қорқыт атаның бейнесін бұрын да салғанмын. Ал бұл сапарымда данагөйдің болмысын жақынырақ тани түстім, ой жинақтадым. Байқағандарыңыздай, менің шығармашылық тақырыбым – түркі әлемі. «Едіге», «Жанқожа батыр», «Алтын Адам», «Сүйімбике», «Шыңғыс хан», «Хан Ноғайдың» бейнелері сондай шығармашылық ізденістен туған. Әрбір ұлт өз түп-төркінін тани түсуге ұмтылады. Ал біздің өткеніміз қазақ халқымен байланысты, − дейді ол.
Әлібек Баймұратұлы – суретшілігімен қатар сәнді киімдердің дизайнері, кітап иллюстраторы және де ноғай ұлтының Қазақстандағы ресми өкілі. Оның сурет салудағы ерекшелігі – туындыларын қауырсынмен, тушьпен бейнелеуі.  Көрме аясында ол қаламыздың  жас суретшілерімен галереяның  ИЗО студиясында шеберлік  сағаттарын  өткізген.
Өнер туындыларын тамашалаған аймақ басшысы суретшінің еңбегін жоғары бағалап, сый-сияпат көрсетті. Әлібек Қойлақаев Сыр еліне сапар аясында танып-білген тарихи тұлғалар мен оқиғаларды қылқалам ұшында сөйлететінін айтып, «Қорқыт ата» суретін естелікке ұсынды.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 маусым 2018 г. 823 0