Базалық зейнетақы өзгереді – Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі

ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова 1 шілдеден бастап базалық зейнетақының өзгеретіндігін еске салды.

«1 шілдеден бастап базалық зейнетақыны тағайындау тәртібі өзгереді. Мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақының мөлшері еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу мерзіміне тәуелді болады. Бүгінде базалық зейнетақы барлығына бірдей төленіп отыр. Ал оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 процентін құрайды. Ол – шамамен 15 274 теңге. Енді, шілде айынан бастап базалық зейнетақы еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу мерзіміне қарай төленеді», – деді С.Жақыпова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында.


Оның айтуынша, бүгінде қайта есептеу шаралары атқарылып, әрбір адамның зейнетақысы автоматты түрде белгіленді. Сондықтан қосымша құжаттарды әкелудің қажеті жоқ.


«Мәселен, зейнеткердің еңбек өтілі болмаса, сосын зейнетақы жинақтау жүйесіне мүлдем қатыспаса, я болмаса, еңбек өтілі 10-ақ жыл болса, оған жаңағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 процентін – 15 274 теңгені төлей береді. Ал 10 жылдан артық еңбек өтілі бар адамға қосымша әрбір жыл үшін 2 процент қосылады. Сонда 33 жылдық еңбек өтілі бар адам базалық зейнетақының толық мөлшерін – 28 284 теңгені ала алады. Әрбір адам өзінің зейнетақы мөлшерін «электронды үкімет» порталынан, я болмаса, «Азаматтарға арналған үкіметтің» фронт-кеңселерінен біле алады. Сол жерде толық анықтаманы да алуға мүмкіндік бар», – деп атап көрсетті С.Жақыпова.


Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі кезде Қазақстанда 2 млн 148 мың адам базалық зейнетақы алып жүр. Олардың 44,5 проценті, нақты айтсақ, 940 мың адам базалық зейнетақының толық мөлшерін, яғни 28 284 теңгені алады. Сосын 931 мыңға жуық зейнеткер ең төменгі күнкөріс деңгейіне жақын 74-90 процентін алады. Қалған 120 мың адам ең төменгі көрсеткіш – 15 274 мың теңге ала береді. Себебі олардың еңбек өтілі 10 жылға да жетпейді. Базалық зейнетақыны көтеруге республикалық бюджеттен 530 млрд теңге бөлініп отыр.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 маусым 2018 г. 568 0